Posted in

ӨТЕУІ БОЛСЫН

Қарыздың қайтарымы болсын. ~ ─ Ғабеке, біраз уақытыңызды жеп қойдық, оған кінәлі мен едім, соның өтеуі болсын, мына бір баланың қолжазбасын оқып көрсеңіз қайтеді —  деп Сафуан ағамыз қымбат танауымен мені төбемнен түрткендей болды.  Қ.Ыс.

Posted in

ӨСТІП ЖҮРІП (ЖҮРГЕНДЕ)

Осы жағдайда, осы қалпымда, осы тірлікпен жүргенде. ~ Өстіп жүріп кештің де қалай болғанын білмей қалды.Отарды алдарына салып, үйге қайтты. Т.Нұр. ~ Бұрынғыдай апталап кетіп, айнала кезіп қайтар әдетін сиретіп, айына бірер дүркін ғана бетін тауға бұратын. Өстіп жүріп те біраз жылды жылжытып үлгіріпті. К.Сег.  ~ Еденге ұшып түскен қаңылтыр шелек қаңғыр-күңгір. «Өй, әкең… өй, енең… — деп күйінді, — өстіп жүріп бұтымды айырып алмайын!» Н.Сам. ~ Өстіп жүріп бірдемеге ұшыратйн шығармын-ау!» деп ойлап, кілт тоқтап, кейін бұрылып қарады. Ж.Сах. ~ Өстіп жүргенде болған бір ерекше оқиғадан соң Лашын жан иесі атаулының бәрі адамзатқа бас ұратынына таңырқауын қойды, адамның басқа мақұлықтардан артықшылығын құлай мойындады. М.Мағ.

Posted in

ӨСЕКТІ СУДАЙ САПЫРДЫ (КӨСТИТТІ, СЫПЫРТТЫ)

Біреудің сыртынан жалған, жала әңгімені аямай төкті. ~ Мұны өсекші ауыл Майра Заржанның басын айналдырып, «жады» қылыпты, қаймаққа араластырып тырнағын беріпті, сол барып қарнына қадалып миына шауыпты деп өсекті бұрынғыдан да судай сапырады.  С.Бег. ~ Ал сапылдақ Өтегеннің сөзін ешкім де әтуерге алмайды.  Ол бір күні шімірікпей Жолдыбайдың көзінше апайының арына тиетін өрескел өсекті көститіп отыр еді. Т.Рыс. ~ — Өй, неге кіржиесің? — деп тоны мен құлақшынын шешіп, дәліздегі киім ілгішке ілді де бөлмеге кірді, — Е, мұнда мықтының өзі отыр екен де. Қалай, жеңеше, өсекті сықпыртып жүріп жатсың ба? Н.Сер.

Posted in

ӨСЕКТІ ӨРБІТТІ

Әлдебір өсек әңгімені көпке таратты. ~ Партия болған соң, біреуді біреу аяй ма: біреуді-біреу мұқатуға, өтірікті, өсекті өрбіте береді. Ж.Айм. ~ Өртше қаулаған ғайбатты әкім-бастық басты: «Қойындар-ай! Пендешілік, қазақылық өсекті өрбіте бермей!» — деп әлгілерді саппа тыйды. Д.Дос. ~ — Жоқ, олай болмақ емес, тоқтатамын! Бұл өсекті өрбітпей өшіру керек, дейді ішінен бір зор дауыс.  АҚ «Өтке өмір бейне түс».

Posted in

ӨСЕКТІ (ҚАРДАЙ) БОРАТТЫ

Өсек сөздерді бірінен соң бірін жауырды. ~ Әй, қайдам, басқаны өсектегенде ерні-ерніне жұқпайтын мұндайлар бұның беті теріс айналса сыртынан талай өсекті борататын шығар. Ж.Шәк. ~ Қамардың көрінбеуінде бір құбыжық бар ғой деген өсекті қардай боратушы еді. С.Тор. ~ Мейізкүлдің менің шешеме де сен жайлы талай-талай жаман пиғыл туғызатын, тіпті үрейлі өтірік пен өсек сөздерді қардай жаудырғанына да сыр білдірмей, естімегендей боп, сырт беріп жүр едім…  З.Нұрт.

Posted in

ӨСЕККЕ ТАҢДЫ (ТАҢЫЛДЫ)

Сыртынан жамандады; әңгіме қылды; артынан сөз ергізді; өсек қылды. ~ Періште болып жүрген бірі жоқ, бірде болмаса — бірде жаңсақ сөйлейді, лауазымды кісілерді сырттай өсекке таңады, бірін қалдырмай қағазға төгілдір. Д.Дос. ~ Ел алдында өсекке таңып, газетке де жазып масқаралады емес пе? М.Сүн. ~ Алмайтын алпауыт қой жанды есепке, Соңынан жансыз қойып, таңды өсекке. Жанына жара салды жапқан жала, Биде де төзім қанша бар десек те. Т.Сәд. *  «Менің жесірлігім жұртқа жүк. Қазақ күйеуден ажырасқан әйелді өсекке таңбай жүре алмайды. Қашан да еркектің тәйтіктігі серілік те, әйелдің жеңілдігі перілік саналады» дейтін ол. Ү.Жәл. * Өле қалғыр, Тайтақай! Бұл не сұмдығың сорлы, елге күлкі, өсекке таң болып?! Тайтақай баж етіп оның бетінен алды: – Немене, намысың келе ме? Ш.Мұрт. * Баяғыда балуанды төңіректеп жүретін қошеметшілердің біразы мұны қазір сырттай өсекке таңып, ғайбат сөз айтқанмен, өздері маңына жуымайды. О.Сәрс. * Ел алдында өсекке таңып, газетке де жазып масқаралады емес пе? Ауылдастары сыртынан топырақ шашып, жерге түкіргеннен өзге не істемеді?  М.Сүнд.

ӨСЕККЕ ТАҢЫЛДЫ

Артынан өсек ерді, жала сөздің нысанына айналды. * … анаған да, мынаған да арсылдап отыратын, малшы-құлшымен өсекке  таңылып жүретін, тау көкірек, мақтаншақ, сиырдай сары қыздың қой аузынан шөп алмас мүп-мүлөйім, нәуетек, науша қыз бола қоюы Күнікейге торғын қағазға ораған сасық сабындай немесе алтын жалатқан мыс сақинадай, алдауыш, бояма болып көрінді, тыржиды, жиренді, тезірек кеткісі келді.  Ж.Айм. * Одан кейін Варвара туған үйінен тіпті кетпей, «кәрі қыз» болып отырып қалады. Ержеткен басы бос әйелде өсекке таңылмайтыны жоғын білеміз. С.Мұқ.

Posted in

ӨСЕККЕ СЕМІРДІ

Біреудің арын таптайтын өсек сөз теріп, жала жабуды мақсат тұтты, содан ләззат алды. ~ Орнымнан сілкініп тұрдым. Өсекке семіріп өлмес туынды жазғым келген екен. Алдымдағы жартылай шимайланған қағазды қақ айырдым. Қаламымды лақтырдым. Р.От.

Posted in

ӨСЕККЕ ҚАЛДЫРДЫ

Біреу туралы ғайбат, жала сөз таратты. ~ … он екіде бір гүлі ашылмаған Қымбатты өсекке қалдырып, арына дақ келтірген де Жолдыбайдың өзі. Т.Рыс. ~ Қазір бұлардың осы бір бақытты сәтін әлдекім көрсе ғой — сан саққа жүгіртіп, ойдай өсекке қалдырады! М.Сүн. ~ -Әрине, оның ақылдылық. Жауыңа да парасатпен қарау керек. Бірақ, ол бізге жау емес, өсекке қалдырады. Егер бұрынғысын қайта бастаса мен онымен басқа тілде сөйлесем. Д.Ис.

Posted in

ӨСЕККЕ ІЛІНДІ

Біреудің ғайбат сөзіне, жаласына қалды. ~ Күйеуі соғысқа кеткен соң, тірі жесір болып жүрген жас келіншек тағы нендей сыпсың өсекке ілінерін есіне келтіргенде, жүрегін аяусыз қысқан қатал шеңгел тырнағын батыра түскендей болатын.  Т.Рыс. ~ Ақ сөйлеу — парыз, бір жағы өсекке ілінген жеңгелерімді ақтап алғым келді. Олардың етегі — ел намысы. Қапияда тап берген қара жүрек қашқынға не қайла қылсын? Р.От.

Posted in

ӨСЕК ТЕРДІ

Әркімнің аузынан шыққан алып қашпа сөздерге ден қойды. ~ 3әуре (күлімсіреген күйі). Сен бе? Сен… Шаруасын, қалқоз мүшесісің, ұяламын деп бармайсың, үйде отырып өсек тересің, кісі тіліне еріп кетуден де сау емессің… Б.Май. ~ Күнде келіп жатқан жоқпын әурелеп. Жатқан жоқпын өсек теріп, дауды елеп. Мен үшін тек көңіл керек, ағайын, Төрің керек, көлің керек, тау керек. С.Им.