Posted in

ӨСЕК ТАСЫДЫ

Біреу туралы дүдамал әңгіменің кеңінен  жайылуына сеп болды, естіген өсегін кім көрінгенге жайды.  ~ Жас адамның әйелі екем деп имену жоқ, сампылдап сөйлеп үйден үйге жүгіріп, өсек тасиды. Сыдықтың қатыны туралы сөз қылғанда жұрт: «Бір үйге қыдырып барғанда, қатыны үстіне келсе Сыдық ұялып шығып кетеді екен…»деп өсектейді. Б.Май. ~ Дәулет пен Самарқанның таласында, Тыртықтың тілегі Самарқан жақта болғанын, Дәулет пен Айбаршаға тыңшы боп өсек тасығанын, Айбаршаға шын сырын ақтарғанда Самарқан айтып қойған еді. С.Мұқ. ~ Екінші бір Абайға ұнаған нәрсе күнде пәлен болды, түген болды деп мазасын кетіретін  өсек баққан партия, пәле құған қулар келмейді. Әрх. Ысқ.~ Үй оңаша қалғанда Матов  тағы қинай бастады. «Өсек таситын ешкім жоқ, енді өзіміз ғой», деп, қайта-қайта қылқылдай берді. Б.Тоғ. ~ Көршілері де оған көп назар аудара бермеді. Анастасия мен Кондратий де үй аралап, сөз қуып, өсек тасыған емес. М.Кәр. ~ Құдай да қудың жағы болды білем, Біреуді біреуге әкеп жем қылып жүр, Кейбіреу өтірік айтып өсек тасып, Жалғанға жанын беріп сендіріп жүр. «Айтыс».

Posted in

ӨСЕК ҚЫЛДЫ

Артынан сөз ертті, даттады. ~ Күндесін, шуылдасын, қылсын өсек, Етпелік, сөйлеп жүр деп, сөзін есеп. Иттердей үріп-үріп тарап кеткен, Қояды шулап-шулап, үндемесек. А.Байт. ~ Әжібай қала берер, қашып өңі, Сонда да өсек қылды жұрттың кобі: Жат жаққа оңашада өзі-дағы Мақтанар: «түзелді,- деп,- істің жөні». С.Тор. ~ Елі-жұрты көре алмай, «малы кәп», деп, Жұртының өсек қылған сөзін кектеп, Ағайын біреу жүрмес бұған ерігі, Өкпелеп өз жұртынан кетті жеріп. «Қозы Көрп.»

Posted in

ӨСЕК ҚУДЫ

Жұрттың алып-қашпа жел сөзіне құлақ тосты. ~ — Мынау коньяк! — деді қарқылдап күлген Митя. — Ал сен ғой маған: «тағы да ішкілікке салынған ба?» деп қарайсың. Тобырға сенбе өсек қуған, жеңілтек, Күмәніңді ұмытсаңшы өзіңнің…  Ф.Дос.

Posted in

ӨСЕК ҚОҚСЫТТЫ

Өсекке өсек қосып, суша сапырды. ~ Осындай «тамашаны» көруге түйелерін жетектеген әр үйдің қатындарының дауысы сыңқылдап шығып, ойдағы-қырдағы өсекті қоқсытып келеді. І.Жан.

Posted in

ӨСЕК ЖҮРГІЗДІ

Жала сөз, өсек әңгіме таратты. ~ Татуға өсек жүргізіп, Бәленің отын өргізіп, Қайран заман, аман бол, Ер шөгіп, есер ержетті. М.-Ж.Көп. ~ Дәуіт неғып отыр?! Дәуіт ауыл ішіне не түрлі өсек жүргізіп, артельді елге құбыжық қылып көрсетіп, артель мүшелерінің ішіне іріткі салып отыр.  Б.Май.~ Ауыл иесі Қойгелді орта дәулетті момын адам болатын. «Әлде-кімдер жала жауып, өсек жүргізіп пәле салды ма?» деп те ойланады. С.Бег.

Posted in

ӨСЕК ЖАЙЫЛДЫ (ТАРАДЫ)

Өтірік-шыны белгісіз бос әңгіме ілезде тарап кетті. ~ Соңғы күндерде неше түрлі алып қашқан өсек жайылды. «Солдат алуды шығарған патша емес, бергі жердегі ұлықтар екен. Тегі елді бөріктіріп мал табу үшін істеп жүрсе керек. Болыстардың да ымы-жымы бірігіпті-міс. Ж.Айм. ~ Денесі ауырлап, серуендеуді доғарғанда, «Балтамберге арқасын сипатады екен» деген, «Балтамбер шомылдырады екен» деген өсек жайылады. С.Мұқ. ~  Кеше Жиенбай басқармаға арыз әкеліп берді: «Артельден шығамын»— дейді. Неге шығатын себебін өзі айтпап еді, қатындар арқылы есіттім, бір өсек тарапты: «Артель мүшесінің бәрі еріксіз коммуниске жазылады, қыз-қатындар ортаға түседі» депті. Б.Май.

Posted in

ӨСЕК ЕРДІ

Өсекке қалды. ~ Балуан да, домбырашы да, әнші де, қулықшы да болған Қауқарды, атқа мінген шағында Айғаным ат-қосшы ғып қасынан тастамайды екен. Өсек көп ерген Айғанымға біреулер оны танып та жүріпті. С.Мұқ.

Posted in

ӨСЕК ГУЛЕТТІ

Әлдебір дүдамал әңгімені желдей ғып таратты. ~ Таң түрткілеп ұйқышыл түн етегін, Тағы да бір аңғартты күн өтерін. Бүгін барлық күнәні жасап алып, Ертең тегін өсекті гулетемін… И.Сап. ~ Әрине, олардың одан әрі не деп өсек гулететіндігін Күмісжан қайдан білсін. «Өмірі бүйтіп кешікпеуші еді» деп шын ниетімен шырылдаған. Қ.Жиен.

Posted in

ӨСЕК АРҚАЛАДЫ

Артынан көлденең сөз ертті. ~ Халыққа қызмет қыла білмеген, үлгі, шырақ болуға жарамаған оқыған халықтың ықыласын қайырады, көңілін шығарады. Халықты өзінен алыстатады, өсек арқалайды, пайдасы артық тимейді.  Ж.Айм. ~ Алда-жалда сыртқа шыға қалса, біреуді даттап, біреуді боқтап, жат көз іштегі жарасын жазып беретіндей тек өсек арқалап келетіндерді де көргенбіз. Қ.Ысқ.