Posted in

ӨТІРІГІНЕ НАЙЗА БОЙЛАМАЙДЫ

Әккі қу, алаяқ, өтірікшіге қатысты. ~ Оның бүлдірмеген елі, екпеген пәлесі жоқ. Ол абақтыға жүз түсіп, жүз шыққан… Ол — бір сынап. Оның өтірігіне найза бойламайды. Ж.Айм. ~ Орысша, қазақшаға бірдей, өтірігіне найза бойламайды, талай қызды алып қашып, тастаған, қатын алу, тастау – оған тымақ ауыстырғанмен бірдей. С. Қир.

Posted in

ӨТІРІГІ ШЫҚТЫ

Айтқаны шын емес екені анықталды. ~ — Қарындас, бұл Орынбай ағаңның бір сөзіне сенсең, екі сөзіне сене көрме, айналайын. Өйткені кейін, бәрібір, өтірігі шығып, оның аяғы ағаңның өзіне оңай тимейді, сондықтан әу бастан–ақ сеніп әуре болмағаның жақсы. Б.Нұр. ~ Толыбай қыбыжықтады. Жұртты бұдан әрі иіріп ұстау қиын еді. Қол бұл жерден табан аударды-ақ, кешеден бергі еңбегі зая кетеді. Жанқожаны қақпанға түсіру қиындайды. Өтірігі шығып қалуы да кәдік… З.Шүк.

Posted in

ӨТІМДІ СӨЗ

Ойлы, әсерлі, жұрттың көңілінен шығатын сөз. ~ Талай жан бар, аузымен айды алады, қолымен қосаяқ соға алмайды! – деп, тыңдаушының санасына қонарлық аса бір өтімді сөздер айта бастады. М.Әу. ~ Қайта жұрттың тізесін бүктіріп қашан мойындатқанша ішкен асы бойына сіңбейді. Батыраштың өзі ғана бай емес, аты да жүйрік, сөзі де өтімді, жүзі де өткір болуы керек. С.Жүн.

Posted in

ӨТІМДІ ҚЫЗ

Ұнамды, мінез-көркі көптің көңілінен шығатындай д.м. ~ Он жетіге келмей жатқанымда — ақ қырындаған жігіттер де көп болды.— Света мырс етіп күліп қойды. — Мен өтімді қыз болдым, Надя. Бірақ менің көңілім бір балаға ғана ауды. Т.Ах.

Posted in

ӨТІМДІ КІСІ (АДАМ)

Айтқанын істете алатын, жұртқа ұнамды, беделі бар адам. ~ Анығында бұны жегжатым деп, Оразхан дейтін қызайға белгілі, өтімді кісі алып келген. Ж.Ах. ~ – Байлығының, билігінің, әпесерлігінің үстіне, – деседі, ІІІорманды білеміз дейтіндер, — ол ақылды да, қу да, қысық та, өтімді де адам болған. С.Мұқ.

Posted in

ӨТІЛ СҰРАДЫ

Өтініш айтты, қолқа салды. ~ Тойын қылып болған соң, Төрде отырған билерден Боз мұнай өтіл сұрады: «Осы отырған бекзаттар! Бұған жетсін ойыңыз!Мынау туған баланың, Атын тауып қойыңыз!  А.Байт. «Ер Сайын». ~ Ертең өзі барып өкінішін айтып өтіл сұрар-ау, сонда да әулекі аңшы Мүсірепке сеніп едім деудің өзі қандай ұят! Ғ.Мүс. ~ ─ Елена!  Мына жігіт маған майдандағы өміріңнің бір елеулі кезеңдерін айтып бер деп өтініп отыр, әдебиетші екен, жазғысы келеді білем, –  деді. Өтіл сұрағандай қиылып айтты. Сәлден кейін сөзін жалғап әкетті.  С.Ом.

Posted in

ӨТІ  ЖАРЫЛЫП КЕТСЕ ДЕ (КЕТЕ МЕ)

Өліп кетер деймісің д.м. ~ Жоқ ойлап отырса, Әшір әлі бір қуанбапты. «Апырау, өті жарылып кетсе де, мен сендерден ұзап қайда барам, Зияш, бірге өстік, бірге өмір сүрейік деп неге ашып айтпадым?! Кім менің тілімді байлаған?! М.Мақ. ~ Қалада министр дегендер екі қабат, бірнеше бөлмелі үйде тұрады. Оның өзі үкіметтің үйі. Ал колхоз председателі өзі салдырған екі қабат үйде тұрса біреудің өті жарылып кете ме екен? С.Бақ. ~  Бетіне айтсаң, өті жарылып кете ме оның. Б.Нұрж.

Posted in

ӨТІ  ЖАРЫЛМАС

Өліп кетпес д.м. ~ – Тым қазбалап кеттің, Мақан тәйжі, менімен дауласқалы келіп пе ең?.. Түлкіше бұлаңдатпай-ақ айтшы төтесінен?.. Ешкімнің өті жарылмас.  Қ.Тол. ~ «Салпы етек қатын» деген дөрекі сөз мұны селт еткізген. — Дөрекі де болса, айтайын, өттерің жарылып кетпес, деп тұр екен Орманов. Ә.Тар. ~ Ал колхоз председателі өзі салдырған екі қабат үйде тұрса біреудің өті жарылып кете ме екен? С.Бақ. ~ —  Құрығырды ары аттап, бері аттап, мәймөңкелегенше, өті жарылып кетсе де Дербісалы, Жайнақ сен едің деп неге айтпайсыз, Тайлеке — деп еркін, кесек, ақжарқын күлкісімен қарқылдап үй толы жұртты да қоса ду күлдірді. Ж.Ахм.

Posted in

ӨТЕУІ ҚАЙТТЫ

Қарызы, құны қайтты, орны толды. ~ Неменеге ақталам? Кейін мен де сөйтіп біреуге жақсылық жасармын. Сонда адамгершіліктің өтеуі қайтпай ма?» — деп ойлады ол. М.Сүн. ~ — Тәсібек, айып менен! Кешір, ағайын!  Тентектің шоқпары алдымен менен шықты. Шықты да зорлық боп сермелді.  Әлі де болса соның өтеуі қайтқан жоқ.  С.См. ~ Сонда сыйға тартқан жүз жылқы мен күміс ер-тұрманды ақ арғымақтың өтеуі қайтар еді ғой. Ә.Нұрп.

Posted in

ӨТЕУІ ЖОҚ

Құны жоғары, ештеңе тең келмейтін. ~ Төленер ме қызығы мамық түннің? Жүз жыл емес, бір жылдың өтеуі жоқ, Ылаж құрып, мінеки налып тұрмын. Нағып тудың, Анам-ай, нағып тудың… М.Мақ. ~ Қартайған мынау шағыңда өзіңді-өзің байқамасаң, тағдырдың тартар сыйы да, өтеуі жоқ өкініші де осы шығар, – деп қапалана түсіп, қатты жүдеп қалды. С.Ғаб. ~ «Қалада тұратын жолдастарыңнан сұрап-біліп «Всемирканы» тапшы» деп, өтеуі жоқ өктем үнмен пәрмен берді. Қ.Түм. ~ Өтеуі жоқ жақсылығыңа ризашылығымды қалай білдірерімді білмей, ары ойлап-бері толғанып, осы шешімге келдім.  Т.Сәу.