Posted in

ӨСЕК АҢДЫДЫ (БАҚТЫ)

Жұрттың жел сөзіне құлақ түрді. ~ Баласына құр емізікті сорғызып қойып, ауыл қыдырып өсек аңду анаға лайықты іс емес, баланы таба білсең, ерінбей дұрыс баға біл. М.Жұм.

ӨСЕК БАҚТЫ

Жұрттың сөзіне құлақ түріп, бос әңгіме, жел сөзге ден қойды. ~ Мына Қарқаралы жатағының өсек баққан сұрқия тұрғындары барлық жұмысқа тұмсығын тығады. С.Бег. ~ Жүресің де қоясың өсек бағып, Қашан бізге беріп ең төсек салып?! Жәйіңе отыр оттамай, ісінді біл, Тұлпарға әкеп теліме есекті алып!.. М.Мақ.

Posted in

ӨРТТІҢ ТАБЫНДАЙ

Жүректе, көңілде қалған өшпестей із хақында. ~ – Содан бері он алты жыл. Сонда да сол бір қан кешіп жүрген ауыр күнде өрттің табындай болып өзекке басылып қалғандықтан ба, осы бір оқиға әсте есімнен кетпейді. С.Шай. ~ Әйтпесе жүрекке беріш болып қатқан бітеу жара осы кезге дейін жазылар болмас па. Ал қос мұңлықты он жыл бұрын шарпып өткен алапат өрттің табы әлі бір мысқалдай да өшер емес.  Ж.Баһ.

Posted in

ӨРТТЕЙ ЫСТЫҚ МАХАББАТ (СЕЗІМ)

Ерекше қымбат, ерекше әсерлі, жан күйдірген ғашықтық туралы. * Сөйтіп немере сүйген қырқылжың мен уыздай уылжыған бикештің арасында  өрттей ыстық махаббат лап етіп басталып кетеді. Т.Сәу. * Тар төсекте табысқан тәтті тылсымда жалғыз бұл ма, бұнан бұрын өткен қай ұрғашы, сол ана Хау Ана заманынан бергі бар-бар уақытта тұла бойын алаулатып ала жөнелетін әне бір өрттей ыстық сезімге өзін де, өзгені де өртемеуші ме еді? Ә.Нұрп.

Posted in

ӨРТТЕЙ ЫСТЫҚ

Күннің жер күйдірген аптап ыстығы туралы. * Жылқайырып алдағыны болжайтын шал айтады: шілденің ыстығы қаңтарда қызылшұнақ аяз болып кайтады, жұт жеті ағайынды, соның бірі – осы ми қайнатқан өрттей ыстық болар. Д.Дос. * Әсіресе түске қарай тас төбеге келген өрттей ыстық күн қайнап бергенде кішкентай қаланың топырақ борап жататын қиқы-жиқы көшесінде шаңға малынған жалғыз-жарым ағаштардың баурында да жан саялар көлеңке қалмай, күйген кесек пен ащы сор исі қолқа атып тұрғаны. Ә.Нұрп.

Posted in

ӨРТТЕЙ ШАРПЫДЫ

Жанын күйдірді. * Коньяктың қызуы мен құмарлық оты өне бойын өрттей шарпып, еліріп алған жеңілтек қыздың сөз ұқпасын жан жүрегімен сезді. С.Дос. * Беті дуылдап кетті. Бұрын-сонды бастан кешпеген бір дүлей сезім жан-жүйкесін өрттей шарпыды. С.Елу. * Шыңғысхан шапқыншылығы қыпшақ даласын да өрттей шарпып, ормандай отап, жалмауыздай жалмады. Д.Рам.

Posted in

ӨРТТЕЙ ТИДІ

Жалмап, құрта бастады. * Ата қонысымыздың орман-тоғайына, өздері өрттей тиіп жатса, оны көретін де, сұрайтын Құдай жоқ. Бір ғасырда әрең зорға қатарға қосылатын қарағайдың да жас-қуына қарап жатпайды. Көктей орылғырлар! Т.Рыс. ~ Үңілгені бар болсын, өлеңдерімізге өрттей тиді. Т.Мед.

Posted in

ӨРТТЕЙ ҚАПТАДЫ (ҚАУЛАДЫ, ЛАУЛАДЫ)

Сансыз көп болып бас қойды. * — Әне тағы шықты. — Қарасы қырық шақты ат. — Әне, тағы бір буыны көрінді. — Тағы, тағы. — Шаң! Шаң! — Өрттей қаптап келеді.  С.Жүн. * Мұғалім. Мен түсінбеймін! Болыс. Тоқтау айтыңыз. Сіз айтсаңыз тыйылады дейді. Әне, өрттей қаптап келе жатыр. М.Әу.

ӨРТТЕЙ ҚАУЛАДЫ

Ілезде тарап кетті; жер-жерге жетті. * Ауыл арасы әңгімесіз бола ма? Алып-қашты қауесет өрттей қаулап, бірден-бірге ұласа, ұлғая келе, түрлі реңк алып, әлденеше құбылып, әрқалай пікір туғызып жатты.Ү.Жәл. * Атам заманда аңдаусызда оппаға түсіп, майып болған бала, атам заманда құтырған ит талаған бала жайлы үрейлі әңгімелер өрттей қаулады.  М.Қаб. ~ Арман оның бірде-біріне бекінген жоқ. Егер өзі Жаннаны жақтай қалса өрттей қаулайтын ертеңгі қаңқу сөздер қиқу салып киіп-киіп кетеді. Бір жағынан бүгінгі досы Бураханның «жуан жұдырығы» да елестейді. Ә.Әб. * Ауыл шетіне қарғаша салып, өрттей қаулап келе жатқан індеттен сақтану керек. Оның емі — аластау, ағайындар, аластау! С.Жүн. *  Бұл да дәп сондай салтанат. Қара-қожыр ауыл бір-ақ сәтте сәні кіріп, жайнады да кетті. Кеу-кеу әңгіме өрттей қаулап, желпінді де қалды. Т.Сәу. ~ Оның  үстіне  қытай  елінің  өз  ішінен  қақ  жарылып бүлінуі,  және  бір  жағынан  шығыс  Түркістан  азаттығы жолында  ұлт-азаттық  қозғалыстың  өрттей  қаулап өрістегендігі  Моңғолияның  батыс  шекарасындағы ахуалды  ауырлата  берді.  Ш.Рах.

ӨРТТЕЙ ЛАУЛАДЫ

Ілезде жайылып кетті. * Осы-ақ екен, барлық иін тіресіп тұрған ер-азаматтың бәрінің аузына ұрандай боп бірнеше өткір, айқын, анық сөздер өрттей лаулап, тарай жөнелді!.. «Өшіңді ал!», «Ел өшін ал!», «Ердің өшін ал!», «Абайдың, Абайдың өшін ал!» … М.Әу. ~ Мұны ағамыз қай кезде жазды дейсіз ғой? 1932 жылы! Зорлық пен зобалаңның, қорлық пен қудалаңның өрттей лаулап, қаулап тұрған кезінде. Жүрек жұтқан адам деп осыны айт! Басқаны былай қойғанда, күні кешегі 86-ның сергелдеңінде талай “тарландарымыз” бен “арландарымыз” сыр білдіріп алған жоқ па?.. И.Сап.

Posted in

ӨРТТЕЙ ЖАНДЫ

Қатты ұялып, не ашуланып қып-қызыл боп кетті, бет-жүзі алаулады. * Абай Оспанды аяп: «Мерт бола ма?» деп қорықты. Жалғыз-ақ Оспанның пішініне көзі түскенде қайран болды. Баланың үлкен көздері от шашып, өрттей жанып алыпты. М.Әу. * Ұрқияның да, басқа қыздардың да беттері өрттей жанып мосқал әйелге үнсіз қарай беріп еді, Қайныкеш шыдай алмады: — Жұрт не демейді. Онда тұрған не бар екен. Сіз, не, осында араға от сала келдіңіз бе?! С.Жүн.

Posted in

ӨРТТЕЙ ЖАЛАДЫ

Өзегін күйдірді, жанын ауыртты. * Осы азғана күнде ол үрей, қорқыныш, ойсыраған өкініш, ауыр қайғы, сағымдай алдамшы үміт, ащы ыза, өрттей жалаған күйініш атаулының алуан түрін басынан өткерді. Ол қаптап келе жатқан ажал сұсты дұшпанды көргенде зәресі зәр түбіне кетті. Т.Ахт. * Дәрменсіз ыза ішін өрттей жалағанмен Мұратқа да, тіпті Ержанға да бұл еш нәрсе істей алмайды. Т.Ахт.

Posted in

ӨРТТЕЙ ЖАЙПАДЫ

Қырып-жойды, жалмады. ~ Алайда, арада көп уақыт өтпей-ақ, жолындағы елді өрттей жайпап келе жатқан Цеван Ребданның үш түмен әскеріне бұлардың төтеп бере алмасы мәлім болды. Қ.Жұм.

ӨРТТЕЙ ЖАЛМАДЫ

Жолындағының бәрін қырып-жойды, түк қалдырмады. * Тау сағалап, өзен жағалап, судың тұнығын, шөптің шүйгінін қуып, мал қамымен бытыранды жүрген халықты уайымдасуға үлгертпей, дулығалы сауыт құрсанып, тұлпарлар мінген айдарлы доспан қапыда қу шөпке тиген өрттей жалмаған.  Ғ.Біл.