Posted in

ӨРТТЕЙ ЖАЙЛАДЫ

Басып алды, тез жайылып кетті. * Газеті, журналы жоқ қазақ даласында ең тез тарайтын қуатты сөз – ақын сөзі, билер сөзі. Олар айтты деген сөз, олар берген баға ауыздан ауызға тарап, тез арада бүкіл ен даланы өрттей жайлайды.  С.Жүн.

Posted in

ӨРТ ШАЛДЫ  

От тиді, өртке ұшырады. ~ Өрт шалған бала кұспын қанатымды, Бүркеніп алам қара түнді. Тәңірге қайта-кайта жалбарынам, Тездет деп тендік майдан сағатымды. Д.Әб. ~ − Жетім қалған бала да бар — деп салды, Тағы менің жүрегімді өрт шалды, − Ол соғыстың тастап кеткен жарасы, Ол болмаса бір шаңырақ бос қалды! Ғ.Қай. * Өрт шалған орманның ішінде жапа жалғыз қалған еліктің лағындай, менің сорлы жүрегім кеудемде ойнақ салды. Т.Берд. * Жерін өрт шалып, елін жау шапса да «әй, менің үйім өртеніп жатқан жоқ, маған тисіп жатқан ешкім жоқ, бір бұйыртқаны болар, пешенеге жазғанды көрерміз» деп сабырын сақтап, маңғаз қалпынан мызғымайды. Т.Сәу.

Posted in

ӨРТ ШАЛҒАНДАЙ  

Отқа оранғандай күйге енді. * Мәкен де жан ұшырғандай саңқ етіп үн қатып, біресе қатарына кеп, Дәрменді құшақтай қозғап, уатқысы келеді. Біресе өзі де тұла бойын өрт шалғандай жылаған үнін ірікпестен зар-зар етеді.  М.Әу. * Өзінің көз алдында қападан, қасіреттен осындай өрт шалғандай күйге түскен Абайды Павлов өз әкесіндей аяды. Оңаша қалса болды, үнемі жұбату айтатын.  М.Әу. * Елшібек енді түсінді, түсінді де қарасұр өңі өрт шалғандай қызарды. Қипалақтай,  бірер жөткіріне, Сапабекке қарады.Ш.Құм. * Тау басына кар түсіпті. Тау басынан аса алмаған жырым — жырым ақша бұлттың бауырын өрт шалғандай, аспандағы жалынның алауы нарттай қызыл перде боп әр үйдің әйнегінде жүр. Қ.Ысқ. * Көктен тұз жаңбыр жауып, жер бетіне қылтиып көрініп келе жатқан шөп өрт шалғандай қап-қара боп күйіп, аяқ жетер жерде жайылым қалмай бара жатқан-ды. Ә.Нұрп. * Кел бетінде аппақ қайындай аққулар жүзіп жүр… Кенет дүние дүрлігіп кетеді. Көл бетін өрт шалғандай. Өрт емес, қанға боялған аққулар…  Қ.Жұм. * … тула бойы түршігіп сала берді, тағы да қорқынышты үрей қаумалап, әлгінде ғана тісі тісіне тимей қалтыраған денесі өрт шалғандай бір ысып, бір суып, қара тер ағыл-тегіл бұрқ ете қалды. Қ.Ысқ.

Posted in

ӨРТ ТИГЕН ОРМАНДАЙ КҮҢІРЕНДІ

Бүкіл бойын шерлі өкініш билеп, күйінді, зарланды. * Әкемнен қашып шыққанмен, өзімді қоярға жер таппадым. Туғалы ишщай деспеген, бетіне қарамақ түгіл, дауыс көтермеген әкемді жерге қаратып кеткенімді өзіме кешіре алмай, жан дүнием өрт тиген ормандай күңіренді.  Н.Серал.

Posted in

ӨРТ СӨНДІРГЕНДЕЙ (ӨШІРГЕНДЕЙ) ТҮТІКТІ

Бет-жүзі қап-қара болып бұзылды, түнерді.~ Ашқан Дәмегүл. Иығында жеңіл халат. Өңірін түймелеп те үлгермеген. Ол бұның өрт сөндіргендей түтіккен түрінен шошып кетіп: — Ой-и! — деп шоршып түсті. Н.Сам. ~ Жасаралдың қабағы қабарып, өрт сөндiргендей түтiктi. Ә.Ыб. ~ Кек, өшпендiлiк өрши түстi. Шамырқанған ашу-ызадан Гүлмираның қабағы қабарып, өрт сөндiргендей түтiккен. Ә.Ыб. ~ Еркінбек шығып кеткеннен кейін кемпір Разияға бір талай ұрысты. Разия өрт өшіргендей түтігіп, қап-қар болып, сазарып отырып алды. Ләм деп ауыз ашып, бір ауыз сөз қайтарған жоқ. Ж.Сәм. ~ Сақан өрт өшіргендей түтігіп, қап-қара болып, үн  шығармай, безеріп көп отырды. Ж.Сәм.

Posted in

ӨРТ СӨНДІРГЕНДЕЙ (БОЛДЫ)

Қатты қобалжып, өңі қарайып кетті. * Қағазына қарап, кәне таба алсыншы! «Қайт, қайт!» — дейміз. Тыңдамайды. Өзі де қылаң кісі емес еді, әлден уақытта бітіріп, өрт сөндіргендей қап-қара болып, сахнаның артына жоқ болды.  Ж.Айм. * Әуезов төралқада, ортада отыр. Өрт сөндіргендей. З.Қабд. * Бір көткеншек бастық кез болды, сорыма. Өрт сөндіріп келгендей тұнжырады да отырады.  Ж.Алтайб. * – Ел адамы деген аттарың бар!–деді оларға кескіні өрт сөндіргендей күп-күрең болған Мадияр,– біз сендерге сеніп келдік. С.Мұқ. * Үйге қайтып келе жатқанымызда, жолда есігінің алдында — Әжібек тұр  екен. Түрі өрт сөндіргендей қап-қара боп түнеріп, қатулы еді. С.Мұр.

Posted in

ӨРТ СОҚҚАНДАЙ

Отқа оранғандай. ~ Түнімен жөндеп ұйықтай алмаған басым, кеспірім өрт соққандай ма, немене. С.Шай. ~ Битабар қарап тұр. Жүрегі бір түрлі. Бала алдында үлкен қылмыс істеді. Қалай ақталмақ енді? Денесі дел-сал. Өрт соққандай. Басы да зіл қара тас.  С.Шай.

Posted in

ӨРМЕКТІҢ ЖҮЗІ АУДЫ

Әлдебір жұмыстың (әлдебірдеңенің) жартысынан асты, ортасынан ауды. ~ Отарба бұрынғы қалпынша зырлап келеді, телеграф бағаналары да сол бұрынғысынша бірін-бірі құшақтай құлап жатыр. Өрмек жүзі ауғандай, байқаймын, жол мөлшерінен ауып бара жатқан секілдіміз. І.Ес. ~ Күштің толысқан, естің молыққан кемел шағы. Орта түс. Жолдың қақ жартысы есеп. Сәл ассаң, уақыт өрмектің жүзі ауып, бірсін- бірсін еңіске қарай еңкулеген күн ғұмыр көкжиекке қарай домалай жөнелер. Ү.Жәл. ~ Он екі құлаш жүз теру алашаны тоқуға бірнеше ай кететін көрінеді. Алты құлаштан асқан кезде шебердің иығынан жүк түскендей болып, «өрмектің жүзі ауды» деп атап өтілетін болған. Г.Ниет.

Posted in

ӨРМЕК ТӨКТІ

Өрмекке арналып иіріліген жіпті домалақтады. ~ Мәмбетияның табалдырығынан төріне дейін әлем үшін экзотика: қыз-келіншектердің өрмек төгіп, кілем тоқығанын, киіз басып, сырмаққа ою салғанын көріп таңдайларын тақылдатса, қымыз бен шұбат, ірімшік пен женттің дәмін татып ауыздарынан сілекейлері шұбырады. Т.Сәу.

Posted in

ӨРМЕК ЖҮГІРДІ

Өрмек жібін өрістің төрт қазығын айнала керу. ~ Өрмектің ерсі және қарсы жіптерін екі адам алып, өрістің төрт қазығын айнала жүріп соған төгу. Мұны өрмек жүгіру деп атайды. Х.Шобай. ~ Қашан да өрмек жүгірген үй серуін апама байлататын. Өрмекті көп тоқыған апам кейінгі жағын, әрине, қыздарына берген. Ү.Жәл. ~ Бірде шымырып ши орап, бірде ауыл үйдің бойжеткендеріне қалы үйретіп, бірде қасына келінкепшікті иіріп алып, киіз қарпытып, бірде өрмек жүгірген үйдің серуін байлап жүргені. Ү.Жәл. ~ Ауыртпалық әсіресе, әйелдерге түскендей. Жүн сабау, киіз басу, жіп иіру, өрмек жүгіру — бәрінің басы-қасында жүретін солар.  Ү.Жәл. ~ Қыс өтті. Жаз бітті. Күз болды. Әжесі үйге өрмек құрып жүгіріс керді, тоқи бастады, адарғы қылыш сумаңдай бастады. Ф.Оңғ.