Posted in

ӨРЕМ ҚАП

Өл, мүрдем кет! ~ — Өлдім!—деп айғай салды Мүсәпір… — Өрем қап, бетсіз лағынат!—деп, бетінен тістегелі ұмтылғанымда, Күзен мен Есектас кіріп келді. С.Мұқ. ~ Сорлы, Сағынғалидың түйеші жаман жалшысы. Жат енді осылай, өрем қап!— деп табалап шыға берген Батыраш ар жағынан келген Ақанға қағылып, алая бір қарады да, аттарына қонып кете барды.  С.Жүн. ~ Жағың қарысып қалды ма, ойбай, сенің?! Өкімет болғанда сенен не қайыр көрдім мен, ойбай! Жалғыз апаңды бүйтіп дос-дұшпанға таба еткенше, тақа, өкімет болмай өрем қап, ойбай! Жіберіңдер түге, қаңғып өлемін! деп қылғынды. С.Ел.

Posted in

ӨРЕЛІ ТАҢДЫ КӨЗІМЕН АТЫРДЫ

Түні бойы көз ілген жоқ. ~ … сол күні түнімен өрелі таңды көзінен атырған жұрт әлі де азасы басылмай у-шу, азан-қазан боп, қатындар жас жуған бетін алып-салып жатыр екен. Ә.Нұрп. ~ Түннің бір уағында суықтан тоңып сілелеген соң әтерге бас сұқтым да, киіміммен төсек үстіне құладым. Ұйқысыз өрелі таңды көзімнен атқардым. А.Мек. ~ Осылайша олар өрелі түнді кезімен атқарды. Москвада оқыған тұстарын еске түсірісті. Қараш пен Лиза сөз болды. Елеусіз Лизаның жай-жапсарын ұзақ әңгімелеп отырды. Т.Әл.

Posted in

ӨРЕЛІ ОЙ

Мазмұнды, мәнді, озық пікір. ~ Содан соң ешбір азап шекпеген адамдай, сірә шөл дертін тартпағандай, ақыл- естен адаспай, аспай- саспай, сақа қалпында, өзге бір өрелі ойлардың өрінде жүзіп, өзімен- өзі болып ұзақ отырып қалды. Ш.Ай. ~ Шетінен шешен, өткір тілді, өрелі ойлы, мұраттары асқақ, күш-қайраттары тасқындаған сайдың тасындай кілең іріктелген өндірдей өрендер. Ш.Бейс.

Posted in

ӨРЕЛІ АТ

Аяғы тұсаулы ат. ~ Өрелі ат деп бір алдыңғы аяғынан, бір артқы аяғынан шалыс шідерленген атты айтады. Бұл күнде естіп жүрген сөзі. Ондай ат бос та емес, түгел тұсаулы да емес. Есеней өзін солай өреленген атқа теңеді.  Ғ.Мүс. ~ Ауылдың ана шетінен мына шетіне ұшады, анадайда жайылып жүрген өрелі атқа, түйелерге барады, біздің меймандос көңілімізді таныған соң, тура күресінде, қол созым жерде отыратын болды.  М.Мағ. ~ Маңайдағы тұсаулы, өрелі аттардың мысқырған үніне дейін анық естіледі. С.Жүн.

Posted in

ӨРЕ ТҰРДЫ

Бәрі бірден бас көтерді, тұра келді. ~ Жадында қалған жастығының бар қызығы өре тұрып, жамырай бұған жүгіріп келе жатқандай, жанарының алды қараң-құраң болды да кетті. С.Ғабб. ~ – Әне! – деп тұра ұмтылды енді бірі, Соңынан бес-алтауы өре тұрды. – Құр жатқан тас екен деп, – қайтты әлгілер, Ыза боп іштерінен құрып дымы. С.Тұрғ. ~ … Жаныққан өре тұрды дұшпандары, У-зәрін төге тұрды мыстандары. Мәскеу мен Алматыда талқыға сап, Болмады қаралаудан тыс қалғаны. Қ.Аманж. ~ Шығар ауыздағы қатар тізілген торуылшы қасқырлар өре тұрып еді, Көкбөрінің бір-екі «арс» еткені оларды қайта шоқитты. К.Ораз.

Posted in

ӨРЕ ТҮРЕГЕЛДІ  

Дүрлікті, жаппай орнынан тұра келісті. ~ … басқа жақтан ауып келіп өздерін билеп тұрған келімсектерге қарсы өре түрегелген, осындай қан сонарда үн жоқ, түн жоқ жай жату жарамайды. С.Сей. ~ Бұл – әр қазақтың ақыл-ой намысы әр тал шашының түбінен өре түрегелген қыстығу кезеңі еді. Т.Жұрт.  ~Арада жыл өтеді, жыл емес, ай өтеді, басқа емес, сол кісілер – Алдабек Қаражұманов бастаған он бес академик, Мүштар Мақанов бастаған жиырма сегіз депутат – жиыны елге танымал қырық бірдеңе қайраткер тізе қоса, өре түрегеліп, ойбай, қазақтың бай тарихы қайда қалды, Шыңғыс хан да біздікі, Алтын Орда да біздікі, егемен еліміздегі тәуелсіз, азат халқымыз өздерінің ата-бабасының өткен даңқты жолын танып-білуі керек, қаулы қабылдансын, ақша бөлінсін, жұмыс жасалсын деген ұран көтерсе несі бар. М.Мағ. ~ Үйге кірсем әкем мен апам кешкі шайларына жаңа отырған екен. Мені көрді де екеуі де өре түрегелді. Бірінен соң бірі кезек-кезек айналып толғануда. Т.Әб.

 Бас көтерді, қарсы шықты.  ~ Бұған қарсы осында құлағына сіңген бірер пікір өре түрегелді. — Ол далада су жоқ. Жоңышқа шықпайды. — Жаз жайлаған тауда ырыс жоқ. Әрі қар қалың түседі. С.Шай. ~ Оның жүрегіндегі бір нәзік сезім ата-анасын осылай ақтап алғысы келсе де, «неге жоқ?!» деп өре түрегелді әпенді қыздың бүкіл болмысы бұл ойына қарсылық көрсетіп. Е.Әлім.

Posted in

ӨРЕ КИІЗ

Көлемі үш құлаштай үлкен киіз төсеніш. ~ Осы күннен абысын-ажыны балаң келіп, жаңа үй көтерсең, бір-екі қап жүн мен бір-бір өре киіз мойнымызда деп жүр. Ә.Кек.

Posted in

ӨРЕ ЖОРҒА

Аттың шабысы, жорғаның бір түрі. ~ Ал, қытайлық қандасымыз Зейнолла Сәнік жорғаның өзін аяң жорға, жол жорға, қой жорға, тайпалған жорға, су шайқалмас жорға, үш аяқ жорға, төкпе жорға, шапқын жорға, өре жорға деп бірнеше түрге бөледі. А.Аманг.

Posted in

ӨРГІЗІП ТҰРҒЫЗДЫ

Айтқанын істетті. ~ Оқығаны, тоқығаны едәуір Айғаным такқа ресми отырмағанымен, қайтыс болған хан орнын жоқтатпай, билік тізгінін қолына алып күллі әулетті өзі өргізіп тұрғызады. C.Ақт. ~ Оның осы мінезін Шоқан да жасырмай ол өз төлеңгіттерін бір шыбықпен айдап қойдай өргізіп тұрады. Жалпы, сұлтан өзін үкімет қызметшісі емес, албандардың бас иесі санайды. С.Ақт.

Posted in

ӨРГЕ ШЫҚТЫ

Жоғарыға шықты, көтерілді. ~ Бұл егемендік алған кез еді. Ағыны қатты осы азғантай жылдың ішінде қоғам танымастай болып өзгерді. Көп адам өрге шықты, көп адам заманның тұңғиығына құлдырады. Т.Әс. ~ Жан ба екен сенен сауық сұрамаған, Күлмеген, күрсінбеген, жыламаған. Біреулер бара жатыр өрге шығып, Біреулер үңіліп тұр құламадан. Н.Айт. ~ Зұлымдық аз уақытқа тауып тағат, Ізгілік өрге шықты қағып қанат. Алысқан өмір-өлім ежелгі жау, Болмысын әр нәрсенің анықтамақ. Н.Айт.