Posted in

ӨРІСІ КЕҢ

Қарымы мол, мүмкіндігі зор. * Сондықтан оның мыс аралас электролит қалдықтарынан селен мен теллур тектерін ажыратудағы өрісі кең ғылыми еңбектерін … жіпке тізе жүйелей бастасақ, … мұндай «жаңылтпаштан» екінің бірі ештеңе түсінбес еді. З.Қабд.* Батысеуропалық өркениет католиктер мен протестанттарға телініпті. Қиыршығыс өркениеті мен үнді өркениеті тағы бар. Осы саптағы өрісі кең, өркеші биік өркениет-мұсылман өркениеті. С.Дос.

Posted in

ӨРІС БЕРДІ

Кеңейтті, дамытты, алға тартты. ~ Ата-бабаларымыздың тарихи тәжірибелеріне құрмет тұта сүйеніп, өз тәжірибелеріне қанатты өріс беріп, қорыта білгендер ғана бапкер санатына қосыла алмақ. Ж.Баб. ~ Хакім уақыт ұтуға тырысты, Ол тура жауап қайырудың орнына ойға өріс беру үшін әңгіме арасына көлденең сөз қыстырды.  Х.Ес.

Posted in

ӨРІС АЛДЫ

Дамыды, жайылды, етек алды. ~ Бірақ бұл ретте де Мұхтар ағамыздың құрметі өзгемізден өзгеше өріс алды. Т.Жұр. ~ Қаламгер өнері оның өмірінен өнеді, өрбиді, өріс алады. З.Қаб.

Posted in

ӨРІП ЖҮР

Қаптап кетті, толып жүр. ~ Егіздің санын әзірше айтпай отыр… Туған қойларын өрісте бөлек бағып жүр екен; ал енді қозы дегеніңіз құрттай құжынап, өріп жүр.Мына бетінде уәделі межеден асып түсуі де мүмкін. Қ.Жұм. ~ Алайда жаз баласы өріп жүретін семіз сарылардың өздерін қойып, іздері құрығалы да көп болған. К.Сег.

Posted in

ӨРЕСКЕЛ КЕТТІ

Тым қатты кетті, тұрпайылыққа барды. * … үйдің сыртына шығып, әке- шешемді, өткен күндерімді ойлап мұңайып отырсам, жалғыз Айғаным ғана жүгіріп келіп: — Көпеш! . .  Неге бүйтіп отырсың? Біздің ағам тіпті өрескел кетеді…  әлде молланың манағы ұрғанына жылап отырсың ба?. .  Ағамдар үйде жоқ.  Жүр ендеше, сабадан қымыз құйып ішейік,— дейтін еді.  М.Дәулетб. *  Мұның өзі біздің үкіметіміздің 1992 жылғы 28-қыркүйекте қабылдаған № 791 қаулысы мен … Шет елдердегі отандастар туралы жарлықтарын орындамай, Коржова өз бетінше бұйрық шығарып, өрескел кетті деген сөз.  Ш.Мұрт. *  Қай ақымақ мұндай заң шығарып жүрген? Немене, мен аккумуляторды өзімнің артыма қояды деймісің, – деп Дерягин тұрпайы сөйлеп, өрескел кетті. С.Жүн.

Posted in

ӨРЕСІ ҚЫСҚА (АЗ)

Білімі, оқыған-тоқығаны кем. ~ Ақылы жеткені тап басып, тауып айтады, ойы шолақ, өресі қысқалары шідерлеген аттай секектеп, ауыл іргесінен ұзап шығып кете алмаса, оларға не кінә бар?  С.Ом. ~ Зорлық-зомбылық пен қастандықты бірінші орынға қойған өнер мен әдебиеттің өрісі тар, өресі қысқа. С.См. ~ Ішінен «өресі азға өкпе жоқ» деп өзін көндірді де, қымбатын қоса қиып, томсарып қалды. Ж.Ахм.

ӨРЕСІ ТАР

Қара басының қамынан әріні ойлай алмайтын ақыл-ойы, білімі, төмен адам туралы.~ Қарсы алдымда мүлдем басқа Анар. Мен білетін әпкем қайда? Менің адал ниетімді түсінер емес. Соншалықты өресі тар, көкбеттігі жоқ еді ғой. Қ.Тіл. ~ Ондай жанға бақыт тілей алмасам ендеше өресі тар парықсыз біреу болғаным.  АҚ  «Таразы өмір».

Posted in

ӨРЕСІ ЖЕТПЕДІ

Ақыл-ойы, білімі, мәдениеті жетіспеді. ~ Ел аузында «Абылайдың ала туын ала аттанса, артынан еретін аламаны бізбіз» деген аңыз шығады. Ол кездегі елдің өресі жетпейтін қиын істі жұрт «Абылай аспас асу» деп атайды. С.Мұқ. ~ Нұрекең айтып отырған ойларға менің ойымның өресі жете қойған жоқ. С.Бег. ~ Мұндағы кейіпкердің мені – жазушының өзі. Егер құмырысқаның өзін жазса қазіргі оқырманның оған өресі жетпейді, оқымайды. Т.Жұрт. ~ Лауазым деген атау ол кезде жоқ. Мансап деген атау бар.  Бірақ, ол екінің бірінің аузына іліне бермейді.  Дұрысында, мансапты атауға өресі жетпейді. Т.Әл. ~ Оның Ахаң жөніндегі пікірін ешкім жоққа шығармайды. Тереңірек ойлап, ол кісінің еңбегін, қасиетін саралауға өресі жетпей, беріден қайтады. А.Жақс.

Posted in

ӨРЕСІ БИІК (ЖОҒАРЫ)

Оқыған-тоқығаны мол, жоғары парасатты адам хақында. ~ Стап қаласында орысша бастауыш мектеп бітірген өзге замандастарынан өресі биік, білгір де ұтымды, ойын-сауықта жұмысы жоқ іскер жігіт.  Ғ.Мүс. ~ Ақын өлеңдерінің өресі биік, өнегесі өзгеше қымбат. Ж.Ер. ~ Әңгіме негізінен классик жазушының қызмет бабы, замана талабымен өресі биік көсемсөзге бой ұрып, тарихи-мәдени, қоғамдық-саяси, жалпы ағартушылық бағыттағы публицистикасын сараптауға арналғанына көңіліміз толды. Ғ.Ән. ~ Мұхтар Мағауин, Сейдахмет Бердіқұл, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, Нығмет Ғабдуллин, Темірбек Қожакеев, тағы басқа ұлттық өресі жоғары әрі білімдар ағалар ақын-жазушылар мен журналистердің талай толқынын тәрбиелеп шығарды. Қ.Рыс.

Posted in

ӨКШЕЛЕЙ ҚУДЫ

Қыр соңынан қалмай қуды. ~ Жылқаман Нұртай тобының жақын жерде екенін ескертті. Тың атпен өкшелей қуу керек еді.Күн шықты. Жылқаман ат қинамай cap желіспен келеді.З.Шүк.

Posted in

ӨКШЕ ІЗІ

Барар жер; бет алған жол; басқан ізі. ~ Осы оқиғадан бір күн кейін еді. Өкше ізі Қосаралдағы Жаманқұл аулынан шыққан, бір топ атты дарияны жағалай жортып келе жатты. З.Шүк. ~ Күдікті жолаушылардың өкше ізі дарияның аржағына қарай сілтейтін еді. Ол бетте елдің ең жақыны төрт-бес көштік жерде, әлі жайлаудан құлаған жоқ. З.Шүк. ~ Ханшәйі жарты сағаттан соң Қарабайлы станциясына өтетін керуен жолына кезіккен, сол минутта оған өкше ізінде қалған күйбең тірлігінен гөрі мына айдау апаратын алғы ғұмыры қызықты, тартымды тәрізденді, бар зейін-ниетімен асыға, тебініп-тебініп қап, атын желдірте жөнелді. Ж.Нәж.