Алдына жан салмады. ~ Бірақ мұны бітіспейтін егерлік деуге келмейді. Түпкі түйткілді Құнанбайдың емес, «өрге шауып, төске өрлеген» Абайдың да ісәрекетінен іздеген дұрыс. Т.Жұрт. ~ Айтса: өңі жылтырап, сыптай болып, өрге шапса, төске озған сияқтанып көрінгенмен, тіршілігі жоқ, е, соны ойламайтын да… Н.Дәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨРГЕ ҰМТЫЛДЫ
Жоғары қарай бет алды. ~ Бірақ бұл кездешатқалдан өршеленіп өрге ұмтылған нөпірдің де алды осында жетіп үлгерген. Соңы бірінің артынан бірі шұбап, қаптап келеді. Б.Ыб. ~ Оқ бойы жердегі хан атын тебініп, өлермендене өрге ұмтылды. Бір қайран қалғаны – бұл далбақтап таянған сайын киелі киік тапжылмады. Ә.Ыб. Биікке талпынды. Бағанадан бері көзіне періштеболып көрініп, өлген-тірілгеніне қарамай өрге ұмтылдырған бар болғаны сол баяғы жұмыр басты, жұтқыншақты пенде екенін білгенде көңілі су сепкендей басылды әйелдің. Е.Әлім. ~ Сенің бойыңда өрге ұмтылушылық, өзіңе жігер берер жалын, шыдамдық пен сабыр болмаса, онда адаммын дегенің де далбаса. Ә.Ыс.
ӨРГЕ СҮЙРЕДІ
Алға тартты, биік мақсатқа ұмтылдырды. ~ Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай! Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай! Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына іңкәрің-ай! Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр, Түнерген төбемізден бұлт арылмай. Көк етті, көн терілі, көніп қалған, Сықса да шыдай беру, жұрт жарылмай. А.Байт. ~ Әміре қазақтың ән өнерін әлемге танытқан, асқақ үнімен жаңадан ірге жайған театр сахнасында, ел алдына баратын концертінде өрге сүйреген әуен асқары еді. С.Бег. ~ Л ә з з а т. Иә, оның алдында үлкен айыбым бар сияқты. Шын махаббат адамды өрге сүйрер еді. Менің махаббатым кері кетірді. Жолым сәтсіз екен. Т.Ах.
ӨРГЕ САЛСАҢ, ТӨСКЕ ОЗҒАН
Асқан жүйріктік туралы. * Ішкен сайын қанын ішіне тартып, бетінің қожыр сепкілі айқындалып, өңі бозара түседі екен. Өрге салсаң, төске озған нағыз дүлдүлдің өзі-ау тегі. Т.Сәу.
ӨРГЕ ЖЕТЕЛЕДІ
Алға тартты. ~ Ылғи бiр мал бағып, трактор айдағанына ұшпаққа шықтық деп екi езуi екi құлағына жетiп мәз болған қазақтар туралы шат-шадыман әндер. Қазаққа бар керегi сол ғана ма? Қазақтың өрге жетелеген асыл арманы, асқақ рухы қайда? Т.Сәу.
ӨРГЕ БАСТЫРМАДЫ
Өрісін кеңейтпеді, жолын бөгеді, алға жылжытпады. ~ – Жұрт Демежандай азаматты қолдан жасай алмай отырса, сыртқа тепкенің не қылғанын? — десіп Ысқақтың сөзін өрге бастырмай, әр жақтан кеукеулеп сөккен болды. Қ.Жұм. ~ Әй, Ақбикеш-ай, өтірік өрге бастырмайды ғой, өтірікпен алысқа ұзамассың сен, — деп күрсініп салды. Е.Әлім.
ӨРГЕ БАСТЫ (БАСПАДЫ)
ӨРГЕ БАСТЫ
Алға жылжыды, көтерілді, жақсарды.~ Шат болсаң, шаттықтың да кілтін ашар, Өлген үміт тіріліп, өрге басар. М.-Ж.Көп. ~ Колхозды бас агроном басқарғалы күллі шаруашылық оңдалып, өрге басып жүре берді, тамағымыз тойынып, көйлегіміз бүтінделіп келеді деп соға бер. О.Сәрс. ~ Бұл келгелі ауданда күрес өрге басты. Білекті жігіттер суырылып шыға бастаған. Ө.Кәр.
Алға жылжымады; оң нәтиже болмады. * — Ол өмір шөл еді. Сол құрдымнан шығып өрге басып ек, екі еңбекші баласы. Асқар аспақ едік… Аяқтан алады, кешегі кедергі… М.Әу. * Бiрақ, әлi де болса колхоз жұмысы ойдағыдай өрге баспай отыр. Т.Сәу. * Аузын әр ашқаны мен аяғын әр басқаны есепте сияқты. Сол мінезінен де өрге баспай жүрген түрі бар. Ә.Кек. * Бауырмалдық жоқ жерде ағайынның ауызы, әрине, ала болады. Ауызы ала елдің талабы өрге басатын ба еді?! Ә.Кек.
ӨР МІНЕЗ
Тәкаппар, паң. ~ Жауһаз барып жолығып еді, соқталдай тіп-тік жүретін өр мінез жігіт, сұп-сұр боп, көзі шүңірейіп, белі бүгіліп қалыпты. Ә.Тар. ~ Үлкен — кішінің алдында кілең кішіпейіл, елгезек, жуас Тәліптің өлім алдында мынандай өр мінез, өжеттік көрсетуіне қайран қалдық. М.Кәр. ~ Сол жайды Абдоллаға тап осы жолы да неше қайта тапсырып жіберіп, бұның жолын екі көзі төрт бола күтіп отырған өр мінез, жуан ауыл бар. Ж. Ахм. ~ Қаденге тап берген қылығы тіпті адуын. Оның бір өзінің бойына соншама күйрегіш сезіммен қалт етіп қайта лап берер өр мінез, өжет күш қатар ұялапты. С.Ғабб.
ӨР КӨҢІЛ
Басын ешкімге имейтін өжет, рухы биік. ~ Аққұлақ Секенбайдың өз баласы Оның да батырлыққа бар таласы Өр көңіл сергек жанды жігіт екен Тағы бар жүрегінде мол жарасы. БС «Мырзаш б.» ~ Бақыт дүниесін көруге көзі жеткендей, өр көңілмен еркін қимылдайды. Ә.Әб. ~ Бұл уақиға бір тайпы елдің биі, сұлтаны Жоламанға қатты батқан. Өр көңілді батыр, намысқа шауып өте қорланған. І.Ес.
ӨР КӨКІРЕК
Бірбеткей, менмен, өжет, еңсесі биік. ~ Ат жалын тартқаннан бері байлардың барымтасымен ауызданып, талайды зар жылатқан өз елінің мына әумесер, өркөкіректеріне соңғы сақтықты әдейі қорқыта айтты. С.Жүн. ~ Жеңе алмасам егерде тағдырымды, Өр көкірек өзімді жеңем қалай?! Р.Ниязб. ~ — Құнияз мырза, сен өр көкіректенбей сөйле!.. Атасы басқаның құлағына шалынбасын деп Уақтық болыс билерін де арамызға кіргізбей келіп отырмыз. Ғ.Мүс.
