Posted in

ӨР КЕУДЕСІН ТІК ҰСТАДЫ

~ Бетіне бажырая қараған ешкім болмаған соң, жайыла шалқыды. Әй, аңқаулық-ай, арандайтын оппаны аңдамапты. Өр кеудесін тік ұстап, орғып жүргенде орға құлапты. Айласыздығына  ғана өкінеді. Аңғырттық аяғына тұсау салды.  Қ.Тол.

Posted in

ӨР КЕУДЕ

Менмен, тәкаппар, өр көкірек. * Мүмкін, өр кеуде балаға жаны өш Шоқан, алғашқы осқырынған қалпымен кете барар ма еді, қайтер еді, егер жанасуды момын, жатық мінезді Григорийдің өзі бастамаса. С.Мұқ. * Осы елден, сүйегі тама, туған-туысы жок, соңғы екі-үш жылда біздің бүкіл шаруашылықты басқаратын, әбден сіңіскен, өр кеуде азамат. М.Мағ. * Өр кеуде Шоқан Малтабарға да кекірлік көрсетіп, әкесі таныстырғанша, Малтабар иба көрсеткен бейнемен «Түсіңіз, мырза!» дегенше орнынан қозғалған жоқ.С.Мұқ. * Өзі кербез, өр кеуде, ақ балтырлы қайың да, Күзгі салқын келгенде салынады уайымға. А.Шаях.

Posted in

ӨР ЖҮРЕК

Рухты, өжет, паң. ~ Кеше ғана көкіректеріне сыймай, дүниенің төрт бұрышын қайта қондырып шықпаса тыншымайтындай лепірген өр жүректері ессіз жонның құрт-құмырсқасының аузында кетеді. Ә.Кек.

Posted in

ӨҢНЕН ӨҢ ЖОҚ

Беті бозарып, аппақ қудай болды. * Ағаларына не бетімізді айтамыз, ойбай!-  деп үйді күңірентіп барып бір тоқтады кейуана. Келіндерде үн жоқ. Мәрзия тірі өлік болып отыр, өңнен өң жоқ. С.Досж.

Posted in

ӨҢМЕНІҢНЕН ӨТКЕНДЕЙ (ӨТЕРДЕЙ)

Тура бетіңе қадалып, жер-жебіріне жеткізіп айтты, тесіп жіберердей, суық көзбен қарады. ~ Әлсін-әлсін демігіп, тық-тық еткен жөтелі өңменіңнен өткендей, алма еріні кезеріп Бетпақ кезіп кеткендей … Ж.Айт. ~Түрі келбетсіз емес, бірақ сұсты. Сол қысықтау, өткір, шегір көзі рақымсыз, адамға қарағанда өңменіңнен өткендей.   І.Ес. ~ Оның үстіне қалың қастың астынан сығырая қарайтын өткір жанары өңменінен өткендей, жон арқасы шымырлады. Ш.Бейс. ~ Өңменіңнен өткендей суық жел қазір де ұшқандап қар білінеді. Бірақ жаумайды.  К.Рах. ~ Келіп, пойыздан түскен бетте жүрегі дүрсілдеп, бойын алғаш рет үрей биледі. Аңыраған сұп-суық желі терісінен қайырып тұр екен. Өңменінен өткендей. Ш.Құм. ~ – Менің нағыз әйел болғым келеді! Жарымды құшақтап жатып, өсіп-өнгім келеді! – деп бажылдап жылай бастап еді, жанына келіп өңменінен өтердей көзбен қарап, білегінен қысып тұрып: – Немене әйел емеспісің? Заңды күйеуің бар, ұлың бар, баспанаң бар. Астыңда көлігің бар. Мен сені ұрдым ба? Үйден қуаладым ба? С.Досж. ~ Жігіттің көзі суық, сұрғылт, және адамның өңменінен өтердей өткір-тұғын; қоладан құйғандай әдемі мүсінінен ата-бабадан сарқылмай келе жатқан бұла күштің иісі сезіледі. Дж.Лонд.

Posted in

ӨҢМЕНІНЕН ӨТТІ

Ауыр тиді, жүрегін сыздатты, жер-жебіріне жетті. ~ Анасының сұрағы Ақылжанның өңменінен өтті. Аштыққа қарсы күрес комиссиясының аласұрып іздестіріп жатқаны да осы ғой. К.Қаз. ~ Бұл шешесінің Еркебұланына айтқан ең алғашқы қатты сөзі еді. Бірақ сөз болғанда қандай! Баласының өңменінен өтіп, бүкіл денесін өртеп жіберді.  І.Ес. ~ Бәйбішенің мінезінің терістігі бұрыннан да мәлім ғой, әйтсе де, Берденнің өңменінен өтіп кетті. Б.Майл. ~  Өмір бойы шеңгелдей қысқан қас жауының тырнағы өңменінен өтіп, өзегіне жеткендей ышқына атылып ішке кірді. С.Ғабб. ~ Түс әлетінде ыздиған біреу келіп кірді. Бұны көзімен ішіп-жеп, тесірейіп тінте ұзақ қарады. Көзі өңменінен өтіп барады. Сірә, басынан ықтырып алмақ. Марғуа сыр бермеді. Тастай қатып отыр. Ш.Бейс. ~ Бұл сөздерді орыс Бахтияров алқынып, түкірігіне шашалып, әрең тауысты. Әрі шүңірек көк көздері де Құндақбайдың, басқалардың өңменінен өтіп бара жатты. Ұ.Досп. ~ Мені қайдан білесіз дегендей Шекен сұраулы көзі өңменінен өтіп барады. Еркебектің қоржынынан алған асына да көзі тұнып қараған. Аш екен деді іштей. К.Жүн. ~ Ақырын көз қиығын жүгіртіп: «Пері ме, жын ба, не қылған адам?» — деп қарағанында көргені расында түсінен адам шошырлық ұсқынсыз, имек тұмсық, иә тұмсығы бүркіттікінен аумайтын, басы да сопақ біткен, жағы қушиған, күйген табадай реңіне тек ғана адамның өңменінен өтетін қыран жанарлы көкшіл көздері әр берген, шаршы таққан адамның сұсты бейнесі. А.Кеңш.

Posted in

ӨҢМЕНІНЕ ОҚТАЙ ҚАДАЛДЫ (ҚАДАДЫ)

Оқтай тиіп, жүрек жаралаған сөз не көзқарас туралы. ~ Ту сыртындағы есікті сарт жапқанда: — Детдомовский отброс! — деген сөз өңменіне оқтай қадалды. М.Қаб. ~ Сағаты бар болсын, Бисара сонан кейін де бәрібір тыншыға алмады. Айтылған сөз — атылған оқпен тең. Орынғайшаның шарқыштанып айтқан жаңағы сөзі өңменіне оқтай қадалып тұрып алды. Қ.Жұм. ~ …әсіресе сабақ білмегенде кірпігін қақпайтын шыны көзі шатынап, ал ана сау көзі өңменіне оқтай қадалып, сұрақ үстіне сұрақ жаудырғанда, о да саған құдды білегін сыбанып жалақтап тұрған аты мықты, қолы қатты көкпаршы сияқтанушы еді… Ә.Нұрп.

Posted in

ӨҢМЕНІН ҮЗДІ

Жанын шығарды. ~ Әйтпесе, алақандай төре тұқымын ғана жарылқағанына мәз болса, әлдеқашан сол «өзімсің, өзімсің» деп өңменін үзген өз қандастарының бір содырының қанды пышағынан жайрап қалған болар еді. Ә.Кек. ~ Мұның бәрі де солдат ұрған, атқа таласқан жазықты болмағанмен, әйтеуір жасырынып жатқан соң «айыпты» саналады. Аяусыз ретте сабалады. Мылтықтың дүмдерімен Мұқаш молдаларды түйіп жіберіп, өңменін үзе талдырып тастайды. І.Жанс.

Posted in

ӨҢІНЕН НҰР ТАЙДЫ

Жүзі солды, көзінің оты сөнді. ~ Жүрегім кекті, көңіл кем, нұр тайып албырт өңімнен, әділет пенен шындықтан жұрдай боп тұрған өмірден не көрдім дермін ғасырға осынау отызға жетпеген жасымда?! Ф.Оңғ. ~ Жүрген сайын арман тауы биіктеп, Қарай берем, маңдайыма тиіп көк. Қолымнен әл, көзімнен нұр тайғандай, Сетінеген үміт ұшын түйіп көп… Қ.Бұғ. ~ Бейшара қыз күні-түні мұңға батып, меңірейіп отыра береді. Өңінен нұры тайып жүдеп кетеді. Толық денесі солып, еттен арыла бастайды. Ж.Сәм.

ӨҢІНІҢ ҚАНЫ ҚАШТЫ

Беті сұрланып, күңгірттенді. ~ Қай Сергеев? Губчекада істейтін Петр  Сергеев емес пе екен? – деп ол оқыс сұрады. Қара сұр өңінің қаны қашып, жақ еті бұлтылдап кетті.  Б.Тоғ. ~ «Қойнындағы әйелінің сөзі осындай болса, онда өзгеге не жорық. Бұл бейбақ «қызыл иттен» басқамызды құл-құтанға теңгереді екен ғой… Жұқалтаң өңінің қаны қаша, шешек дақтарына дейін сұрғылттана сұрланған Атан көзіне зәрлі айбын ұялатты. Ж.Шаш.

Posted in

ӨҢІНЕ ҚАН ЖҮГІРДІ

Жүзі нұрланды. ~ — Батыр-еке, — деді Құба-мерген өңіне қан жүгіріп. — Біз тірі адамға жаназа оқыдық білем… Әлдебір сұғанақ келсе, өзге дүниеге тиіспей ме?  М.Мағ. ~ Осындай жайма-шуақ табиғат күйімен елегізген Тілекейдің қара торы өңіне қан жүгіріп, шырайлана түсті. С.Ғабб. * Көңілдері жайрап, өңдеріне қан жүгіре бастады. Үния жол жүруге дайындалып жатыр. Ә.Шәр. ~ Аманды қоршай алқа-қотан жайғаса бастаған жігіттер мәз-мейрам, өңдеріне қан жүгіріп, қарық болды. О. Бөк.

ӨҢІНЕ НҰР ЖҮГІРДІ

Бетіне әр кірді, жүзі алаулап, бал-бұл жанды. ~ Илекке түскен соң-ақ, Зияш әйелдік шырайын тауып құлпырып шыға келген. Опа-далаптан арылған ақ сарғыш өңіне нұр жүгіріп, тым әдеміленіп кетіп еді. Ө.Кәр. ~ Өңдеріне нұр жүгіріп, көздері жылтырап бір-біріне күлімсірей қарайды. Т.Ахт. ~ Халықтың көңіл күйі ауыртпалық пен жоқшылыққа қарамайтын да кезі болады екен. Соғыстың аяғы жақындаған сайын кімнің болса да еңсесі көтеріліп, өңіне нұр жүгірді. Т.Ахт.