Posted in

ӨҢІНДЕ (БЕТІНДЕ) ҚАН ЖОҚ

Қатты қолбалжып не қорқып, жүзі құп-қу болып, бозғылт тартты. ~ Кіргендердің ең алдында Қасен. Сол қолынан, саусақ-саусағының бәріне тарамдап қан дірдектеп ағып, саулап тұр. Атжағы тістенген, өңінде қан жоқ, құп-қу… М.Әу. ~ Раушанның өңінде қан жоқ, жұқа ернін жымқырып алған. Т.Ахт. ~ Боран үдей түседі, маңдайдан тер суша құйылады. Бетінде қан жоқ, сұп-сұр. Денесінде жөнді ет жоқ, сіңір… Ғ.Мұс.

ӨҢІНДЕ (ЖҮЗІНДЕ) ҚАН-СӨЛ ЖОҚ

Әбден жүдеп, бет-жүзі қуқыл тартқан.  ~ Бейшараның өңiнде қан-сөл жоқ бозарған, мұрыны қып-қызыл боп домбыға iсiнiптi. Қайда кетiп бара жатқаны, кiммен кетiп бара жатқаны қаперiне кiрмейтiн сияқты. Ә.Ыб. ~ Шырақтың сұрғылт сағымынан ба, сақал-мұрты қылтанақтап, тоза бастаған жүзінде қан-сөл жоқ екен.Сандықты іргеге атып жіберді де кетуге ыңғайланды. Қ.Ысқ.

Posted in

ӨҢІН ШЫРАМЫТТЫ

Өң-түсі таныс көрінді, танығандай болды. ~ Ойбай– ау, бұл жігіт өзіміздің Құрекеннін күйеу баласы емес пе. Бәсе, манадан бері өңін шырамытып, осы баланы қайдан көрдім деймін. Бұрнағы жылы келіншек ала келгенде, тойда көрген екем ғой, — деп атын тебініп жақындай түсті. Қ.Жұм. ~  Демежан оның өңін шырамытқандай болып, «осыны қайдан көрдім» деп ойланып қалып еді. Қ.Жұм. ~ Біреуі міне, қасыңызда… ойбай-ау, өліп қалыпты ғой, бейшара-ай! Боранқұл өз қатарында маңдайынан оқ тиіп өліп жатқан ұзын тұра сары жігітті жаңа ғана көрген еді. Шаһиттің өңін шырамыта алмады. Аты-жөнін сұрауға да үлгірмеді.Ғ.Біл.

Posted in

ӨҢІН СЫРТЫНА АЙНАЛДЫРДЫ

Оғаш, ұнамсыз кейіпке ені. ~ Өзіммен бірге осыншама уақыт саяхат шегіп жүргенде кезбе рыцарьлардың барлық заты бояма, ерсі, еш нәрсеге орайласпайтын оғаш, өңін сыртына айналдырғандай болып көрінетініне әлі күнге шейін қалайша көз жеткізбегенсің? М.Серв.

Posted in

ӨҢІН СУЫТТЫ (СУЫҚҚА САЛДЫ, САЛҚЫНДАТТЫ)

Ұнатпаған пішін танытты, қабағын түйді, қабақ астынан қарады. ~ Шал саудаласу орнына бірден өңін суытып, — Шеш! — Неге? — Шеш! Бол! Саған етік керек емес. Сенің ақшаң жоқ! Б.Соқ. ~ Мен енді Жанбосыннан рұқсат күтпей-ақ арбаға арт жағынан жабыса бастадым. Жанбосын өңін суытып: – Түс! Түс! – дейді. Б.Соқ. ~ Көшті бөгемейік… —  ұзын бойлы, қапсағай денелі, қара сұр жігіт қабағын түйіп, өңін суыққа салды. Т.Рыск. ~ Рүстем орнынан тұрып, шалбарының артын қақты. Шелекті алып, төменге беттеді. — Қайда кеттің? — Тұмаға… Су әкелемін,— деді сөзін де, өңін де салқындатып. М.Қаб.

Posted in

ӨҢІН ОТ ШАРПЫҒАНДАЙ БОЛДЫ

Қатты қобалжып, қызарып кетті. ~ Тоқтаңдар, тоқтаңдар, балалар, – деді Фадеев орнынан тұрып, күтпеген жерден, әрі зор, әрі жігерлі жігіт дауыспен. Ол әлденеге абыржығандай, жүзі дірілдеп, өңін от шарпығандай қызарып шыға келді. К.Мырз.

Posted in

ӨҢІН ҚҰБЫЛТТЫ (ҚҰБЫЛДЫ)

Жүзі өзге кейіпке енді. ~ Үнемі тұнжыр қабақ қатал үн, жирылыңқы шырайдан бір арылмаған бұл түсі суық жанның қабағын көріп, көз шарасын кеңейте түскеніне қарап Қаршыға да өңін құбылта қалды. Ол тіпті қуанып кетті. Х.Ес. ~ Гүлнаш қамықты. Молынан қамықты. Көкірегі мұңға тұнып, тынысы әлсіреп, қой көзі жасаурап тұр. Ақ құба өңі құбылып, қападар боп, қара қоңырланып, шымырлап балқыған. Т.Әл.

Posted in

ӨҢІН ҚАШЫРДЫ

Сәнін кетірді. * Сен неге күннің көзін жасырасың,Қайғысын қайғылының асырасың. Нұрымен ғашығының тұрса жайнап, Сұрланып жердің өңін қашырасың.  Шәк. * Айсұлуды қайдан көрді? Өңі ме, түсі ме? Орманмен көмкерілген көктемінің таңы қылаң берді. Қанын ішіне тартқан бозамық аспанның өңін қашырып, тұңғиық әлем обырлана арбап, андыздап сиреп қалған үрейлі жұлдыздарды байқатпай жұтып жатыр. Т.Рыс.

Posted in

ӨҢІН КӨЛЕҢКЕ ШАЛДЫ

Көңілі түсті, жүзі жабырқау тартты. ~ Қобырап кеткен бурыл шашын жөндеп, шыт орамалын қайта сәндеп тартып тұрған, баласының мына сөзі сол көңілінің шәт-шәлекейін шығарды. Қызыл шырайлы өңін лезде көлеңке шалып, қос қабағының ортасындағы әжім сызық тереңдей түскен. С.Мұр.

Posted in

ӨҢІН КІРГІЗДІ

Әдемі, жарасымды реңк қосты. ~ Халық өлеңдері, жұмбақтар, тақпақтар белгілі мақсатқа орай шығарманың өңін кіргізетін мысалдар. Ө.Айт. ~ Татымды сөз, терең түйін өлеңнің өңін кіргізіп, еріксіз есіңе түсе беретін сиқырлы сезімге ие. Қ.Баян. ~ … сәнді орта – етекжеңі кең жайылған жасыл жайлау, онда қонған ақ шағала ауыл, құрылған өрмек, оның басында отырған қарқарадай ақ шылауышты әже… осының бәрінің өңін кіргізіп, аспаннан түскендей аяқасты қан жүгіртіп, жайнатып жіберген әсем ән – бар мереке, мерейдің бастауы дерсің, сарқылмайтын қайнарк өз… С.Үс.

Posted in

ӨҢІН ЖЫЛЫТТЫ  (ЖҰМСАРТТЫ)

Қабағын жазып, жылы шыраймен қарады. ~ Ыңғайлы адамың болса айта отырсайшы, — деді ол өңін жылытып. — Мүмкін біреуін ұнатып қалармын. Қ.Жұм. ~ Қазақты «жабайы, көшпенділер» деп түсінетін ұлық өңін жылытып, Таңжарыққа таңдана қарап, бір сәт тесірейіп отырып қалды да, жарқылдай тіл қатты. Т.Рыск. ~ Қиястай тартып қиғаштай кетіп бара жатса, қаруға жүгінуге де тура келер… Өзі өңін жылытқанмен қасындағылар өңін жылытпауы керек. Ә.Кек. ~  Екеуміздің де илейтініміз бір терінің пұшпағы болғасын әдейі осылай істедім. Маған өңін жылытқан адам, ақ патшаға да өңін жылытқан адам. Аз-мұз сияпаны сіз таратқаныңыз не, мен таратқаным не? Ә.Кек. ~ Осы күңгірт мұнар әлі де құлпыра қоймай, бүрін жаңа аша бастаған гүлдей қатқылдау қыз өңін жұмсартып, үлкен қара көзін айқындай түседі. Т.Ахт.