Басқа түскен қиыншылық, қиямет, бақытсыздық. ~ Күйкі тірлікте кездесетін әр қилы өмір тауқыметінен біршама биіктеп, көңіл жүдетер ұсақ-түйектің бәрін ұмытып, қошемет пырағына отырып қанаттанып алған Бағдан өзін қарсы алған топпен фойеге кірді. С.Шай. ~ Бала аштыққа да, жалаңаштыққа да төзеді. Ал бірақ ойнамай төзе алмайды. Ойын оған өмір тауқыметінің бәрін ұмыттырады. Б.Соқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨМІР СҮРУДІ БІЛЕДІ
Жалғанды жалпағынан басудың амал-айласын жақсы меңгерген д.м. * Еһе, бұл жұрт өмір сүруді біледі. Қарашы, алдында жатқан ыдыс-аяққа шейін алтынмен аптап, күміспен күптеп тастаған. О.Сәрс. ~ Енесі кірекей тірі болғанда, бұл екі жыл бойы жанында жүріп, өмір сүрудің қыр-сырларын үйренер еді. К.Сег. ~ «Кім біледі алдан не кездесерін. Сондықтан бұдан былай өзіңше әрекет қып, өмір сүруді үйрен!» — деді Ақиық. М.Етек.
ӨМІР СОҚПАҒЫ
Маңдайға жазылған тағдыр, жүріп өткен өмір жолы. * Қ а с б о л а т (күліп). Екеуміз құрдас деп кім айтар, бала сияқтысың-ау, Қоспан. Өмір дегенді оп-оңай көресің. Жоқ, өмір соқпағы сен ойлағаннан гөрі қиындау. Т.Ахт. ~ Келесі мәселе жөнінде Құрманғазы мен Айжан қыздың өмір соқпақтары әлденеше жерде қиылысып жатады. Қ.Мырз. ~ Қаршадайынан жетім қалса да қисапсыз қажыр-қайратымен, түпсіз ақыл– парасатымен туған халқының қадір-құрметіне бөленіп, қарадан хан көтерілген Абылайдың өмір соқпақтарының ұзын-ырғасы осындай. С.Ақт. ~ Енді, міне, жасың қырықтан асып, «өмір соқпағының бұралаңын көп шиырлағандықтан ба, жұқарған жүйкеңе не болса сол шаншудай қадалады екен. Ө.Кәр.
ӨМІР СОҚҚЫСЫ
Басқа түскен қиыншылық, бақытсыздық. ~ …Тәтем! Тәте-ай, мүмкін, өмір соққысын көбірек көргеннен болар, жасқаншақтық, жағымпаздық неге сенен кетпейді? Неге тура айтпайсың? М.Мақ. ~ Өмір соққысы кімге де болса жеңіл соқпайтыны мәлім ғой. Әйтсе де, Ақылбек шегінген жоқ. Н.Кел.
ӨМІР СЕРІК
Жан досы, өмірлік жар, жұбай. ~ Әспетті неге іздейтінін енді тапқандай. Сәлима өмір серік болса, Әспет ой серік. Өмір серікке Бағдан зәру екен. С.Шай. ~ Дәулен Рухияның жүзіне ризалық білдіре қарап, өзінің ішін анық таныған өмір серік жолдасына басын құлшына ие берді. С.См. ~ А с а н. Апам — біздерге ғана апа ғой. Апам жақсы кісі. Бірақ, ол кісі ақсақалға ғұмыр серік болғанмен, өмір серік емес. Өмір серік болмаған. Қ.Ысқ.
ӨМІРЛІК СЕРІК
Сүйген жары, құдай қосқан қосағы. ~ Мен де есік алдына шықтым. Оның өмірлік серігі темекі шегіп тұр екен.«Мен Тоқтасынға бәрін де айтқанмын», — деген Ғайшаның үні құлағыма қайта естілді. Қ.Түм. ~ Одан да Меңтайға оны әлі күнге дейін сүйетінімді неге айтпадым? Айтып тұрып, «адал жарын болайын, енді мені өмірлік серігің ет» деп неге жалынбадым оған?» деп өзіме өзім ұрыстым. Ә.Нұрш. ~ Сұлулық жағынан Ботагөз Алексейге өте ұнады. Өмірлік серік болу туралы ойламағанмен, Ботагөзбен аз күн рахат өмір сүруге Алексей шын ниетімен құмартты. С.Мұқ.
ӨМІР ӨТКЕЛДЕРІ
Адамның басынан өткен шешуші кезеңдер, өмірлік мәні зор оқиғалар тізбегі. ~ Бұл жиен ағайдың да өзіндік өмір өткелдері қызық адам еді. С.Бег. ~ Иә, басыңды шұлғып, шынайы мақұлдап, еріксіз келісесің. Өмір өткелдерінен өтіп, талайды көрген жандардың көңілін дөп баса білген. Ә.Ыс. ~ Осындай уақыт талқысы ғана, өмір өткелдері ғана, тірлік тізбегі ғана менің әжемнен үйренген «жақсы», жаман», «мақұл», «ие мақұл» деген сөздердің байыбына терең бойлата алды. Б.Мом. ~ Міне, қазірде сөз орайына қарай Ағафия Никаноровна Япишкина есіне түскенде, ертең қарамағында жұмыс істейтін адамдардың сан қилы мінезі, тұрмыс жайы, өмір өткелі жұмбақ екені, сол себепті олармен шапшаң араласудың қиындығы ойын мазалап, көсіліп жатқан кең далаға көз тастады. C.Жүн.
ӨМІР КЕШТІ
Өмір сүрді, күнін кешті. * Әншейін іштегі сырын, арман-тілегін сыртқа шығарудың орайы келгенде… Қайткенімен мақсатсыз, армансыз өмір кешу мүмкін бе? Б.Тоғ. * «Ақын боп өмір кешу оңай деймісің, қарағым. Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның»,— деген де өзің емес пе едің?! Т.Ахт. * Әрине, бұл жалғанда өмір кешу де, өлу де жаңалық емес. Қ.Жұм.
ӨМІР ЗАЯ
Мағына-мақсатсыз кешкен ғұмыр. * Білімді сол кісіден ізденелік! «Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік. «Өмір зая болмастық өнер үйрет, Ақылыңды аяма бізге» делік. Шәк.
ӨМІР ДАРИЯСЫ
Қайнаған қызу өмір. * Шапшып көкке лепіріп, Қара көк өмір дариясы Сақылдап күліп: «Кел!» – деді, Келіп ем, кешу бермеді. М.Жұм.
ӨМІР ГҮЛІ
Өмір қызығы, тіршілік рахаты, жастық шақ. ~ Жасыңнан талант қайнап, бойды кернеп, Тұтанып от жалындай шықтық өрлеп, Жаныңда тілдің тілі, өмір гүлі, Бостандық бақытына тудың шөлдеп. И.Байз. ~ Кім кепіл өмір гүлі сынбасына, Саяда тұрса дағы шың басында. Армансыз жас шағыңды өткізіп қал, Мен кепіл өмір өтпей тұрмасына. Ақан Сері. ~ Өмір гүліп жаншып таптап, Шаштан сүйреп махаббатты, Жермізде жындай қаптап, Найзаға іліп ар-ұятты, Келе жатты сұм-жендеттер. И.Байз.
