Өмір тауқыметін көп көрді. ~ Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ, Ешнәрсеге көңілім болмаса тоқ, Қайта-қайта оқысам бір дұғаны, Сөніп қалған жүректе жанады шоқ. Абай.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨМІРДЕН ӨЗ ОРНЫН ТАППАДЫ
Өзінің дарынын, өнерін, күш-қайратын тиісті бағытта қолдана білмеді, қоғамға пайдасы болмады, өзін керексіз сезінді. * Кәрі жұмысшы әбден бүлініп бітпеген жастың өмірден өз орнын таба алмай, табансыздықтан құтыла алмай жүргенін ұғып, оған жәрдем бергісі келген — ақ еді. І.Ес. * Кейбірі бұл өмірден өз орнын таппай басын әрнеге соғып адасып өтеді… Д.Дос. * Көбінше, адамдар өз бейімділігін ескермегендіктен, өмірдегі өз орнын таппағандықтан жолы болмай жүреді. Қ.Жұм. * — Өмiрден өз орнын таппаған бейбақтар да осындай сарсаңға түседi, Мұқан, — деп демiнен от шаша терең күрсiнген. Ж.Шағ.
ӨМІРДЕН ӨГЕЙЛІК КӨРДІ
Өмірдің зардабын көп көрді. ~ Осыдан көп ұзамай-ақ өмірден өгейлікті көп көрген әнші Майра, ару Майра 32 жасында дүние салды. С.Бег. ~ Өмірден өгейлік көрген тірі өлімтік бейшаралар ғана өлімді аңсайды. К.Сег. ~ Жалғыздық, әсіресе өмірден өгейлік көргенде, өз басыңа бейкүнә қиянат жасалғанда, сондайда өзіңді қорғайтын, басыңа пана не жаныңа сая болар сүйеніш таппағанда қатты сезіледі екен. З.Қаб.
ӨМІРДЕН КЕУДЕСІ ҚАЙТПАҒАН
Қиындық көрмеген, мойымаған. ~ Өзі пысық сияқты. Адамға жанарын тайдырмай тура қарайды екен. Жас қой. Өмірден кеудесі қайтып көрмеген…» Е.Жең.
ӨМІРДЕ НЕ КӨРМЕДІ
Басынан талай қиыншылық өтті. ~ Әлгі жендет қайта шыға келіп қырып кететіндей без-без етті. Қырып кетеді! Ойбай, өкіметтің адамымен ойнауға болмайды! Енесі екеуі бұл өмірде не көрмеді?! С.Ел.
ӨМІРДЕ НЕ БОЛМАЙДЫ
Ештеңеге таң қалуға болмайды, өмірде бәрі мүмкін. ~ Бағдан мүдіріп қалды. Өйткені жаңағы бір топ жастар арасында: «Әспет, ренжіме, өмірде не болмайды. Әспет, барған соң хат жаз», — деген секілді сөздерді естіген соң. «Сол Әспет дегені осы шығар», ─ деп төтелеп жібергені болмаса басқа не біледі? С.Шай. ~ Ерлігі жоқ елдің еркін, тәуелсіз болуы екіталай. Өмірде не болмайды. Адам баласы бір терінің ішінде сан семіріп, сан арықтамай ма? Т.Мед. ~ Өмірде не болмайды. Жастық желігі, мастық қызуы қайда жетелемейді. Маратбектің ойламаған жерден жігітшілік жасағаны да бар. С.См.
ӨМІРДЕ НЕ БОЛЫП, НЕ ҚОЙМАЙДЫ
Өмірде бәрі мүмкін, бәрін күтуге болады. ~ Өмірде не болып, не қоймайды, кейде адам осалдық жасап алады екен, сонда осылайша бүкіл өмірді бірден адыра қалдыруға болар ма өйтіп не керек? В.Шук. ~ Өмірде не болып, не қойып жатқанын ең ақырына дейін көріп, есітіп жүру үшін, содан соң өзі басынан өткеріп сынаған, толық көріп, естіген нәрселерінің басын қосып қорытып, оның орнына ақиқат шындықты толық білу үшін енді орнынан тұрып, кетіп қалуы керек еді. В.Расп.
ӨМІРГЕ ҚАЙТА ОРАЛДЫ
Ауруынан айықты. ~ Бәрінен де қуаныштысы, апайымыздың бірте-бірте өмірге қайта оралуы еді, ептеп есін жиып, сабырлы да жайдары бола бастады. И.Бун. ~ Ал махаббат бар жерде өмір бар. Ханшайым Сырымның сол өмірге қайта оралғанына қуанды. Шын жүректен қуанды. І.Ес. ~ Бұл не? Қайда жатыр? Жан-жағына таңырқай қараған. Кенет қараңғы үйде сіріңке шаққандай, көкірек түкпірінен жарқ етіп кешегі түн¬нің жәдігөй елесі оянғанда, азап өмірге қайта оралғанына өкініп, қыстыға өксіп жіберді. Т.Сәу.
ӨМІРГЕ ЖАРАСЫМЫ ЖОҚ
Талғамға сай емес. ~ Иә, Сәрсебекте әлгіндей оғаш мінездердің бір екені рас. «Өмірге жарасымы жоқ, кіршең» деп, ол ақ көйлек атаулыны ұнатпайтын. Б.Соқп.
ӨМІР ШЫНДЫҒЫ
Боямасыз ақиқат; өмірдің шынайы бейнесі. ~ Қарт мұғалима айтқан жайлардың өмір шындығы екеніне Жақыпбек көзі күн сайын жете бастаған. Міне, алғашқы сабақ осыны тіпті тереңдете түсті. М.Им. * Ауыр жағдайдағы ауыл тұрғындарына «көмек көрсетуге ынтасыздық танытқан билік өкілдері» дейтін тұжырым өмір шындығына да, туындының идеялық-эстетикалық бағамымен де сәйкеспейді.Ш.Елеук. ~ Әттеген-ай! Түсі болып шықты-ау әлгінің бәрі. Бір жағынан түс әсерінен арыла алмай, екіншіден мына шындыққа, кескіні суық өмір шындығына көңдіге алмай біраз есеңгіреп отырды. С.Ел. ~ Бұлай ету көркемөнерді өмір шындығына бір табан жақындата түседі, деді ол да не айтып, не қойғанын өзі де білмей. Д.Ис.
ӨМІР ШАМЫ
Тіршілік сәулесі, жарық, нұр. ~ Әне тұр менің туған жаман тамым, Сол тамда көргем тұңғыш өмір шамын. Есігін өмірімнің сонда ашып, Іңгәлап мен де өмірге ұмтылғанмын. М.Мақ.
