Posted in

ӨЛІКТЕЙ СҰП-СҰР

Өңі солғын тартып, сұрланды. ~ Сыңсыған орманы да жоқ. Бетпақ дала жып-жылмағай. Сұлап жатқан өліктей сұп-сұр, қураған дала. С.Сей. ~ … тұла бойына әлем-жәлем жапсырған аттан семіз көпестің кәртеміш қатындарын, өліктей сұп-сұр тыртиған қызылаш бибілерді солай қарай алып бара жатыр… И.Бун.

Posted in

ӨЛІКТЕЙ СҰЛАДЫ

Тірлік нышанынсыз, сұлай көлбеп сұлық жатты. ~ Бір кезде біздің ел де осындай еді. Азияның діңкеңді қатырған ауыр ғасырлары әрең жылжып, ұзақ өтіп жатты. Өліктей сұлап, қозғалу жоқ, қимыл жоқ, дала жатты. Ғ.Мүс. ~ Есіктің тұтқасынан енді ғана ұстай бергенінде өліктей сұлаған қора тұстан созылта шырқаған ән естілді. О.Бөк.

Posted in

ӨЛІКТЕЙ ҚҰП-ҚУ

Қатты қобалжып, өңі солды. ~ Еламан өліктей құп-қу.Ә.Нұр. ~ «Не болғанын білесің бе?»—деді маған келген үш офицер жарыса сөйлеп. Олардың түстері өліктей құп-қу екен. И.Бун.

Posted in

ӨЛІКТЕЙ БОЗАРДЫ

Өңі қашты, түсі бұзылды. ~  Осы кезде Татьянаның көзі күйеуіне түсіп еді, әлгі кезде өліктей бозара қалған кескініне қан жүгіріп, бетінде ашу толқыны ойнай қалған екен, шалбарының оң жақ қалтасынан браунигін суырып келеді екен. С.Мұқ. ~ Анда-санда бұлт арасынан шел көздей ағараңдап, өліктей бозарып, жападан-жалғыз жылжып, ай көрініп қалады.  Ш.Ай. ~ Көзі қанталап, өңі өліктей бозарып кетіпті. Қатты ауырып, қиналып тұрғаны анық еді.  Д.Лон.

Posted in

ӨЛІК ШЫҚҚАНДАЙ (ШЫҒАРҒАНДАЙ)

Қайғылы, түнеріңкі көңіл-күй жайында. * Кешегі Сағынай асы, Құлагердің Құсақ көліндегі өлімі, маңына топталған әнші-күйшілердің жұбату сауығы, – бәрі өң мен түстей. Қаратал бауыры өлік шыққандай қайғылы. С.Жүн.  ~ Бұл ауылда жаңа ғана өлік шыққандай, қатын-баланың қабағы қату еді. З.Шүк. ~ Өлік шығарғандай тым-тырыс отырған жұрт ду күлді. — Жолдастар, күлкіні қоя тұрыңдар, — деп ашу шақырды Жанайдаров. Д.Ис. ~ Өлік шығарғандай үнсіздікті әлден уақта полиция капитаны бұзды. А.Алт.

Posted in

ӨЛІГІ АРТЫҚ  

Салыстыруға келмейді, басқан ізіне татымайды. * Сырт қарағанда, әрине, Сәдірбек одан сұлуырақ көрінеді, бірақ бір сәт сөйлессең-ақ мақтаншақ, ұшқалақ екенін аңғартып алады. Ой шамасы да мінезі құсаған ойқыл-шойқыл. Кесір болмасын, одан Жүсіптің өлігі артық. Б.Нұрж. *  … олар неге келіп қажының қолын алмайды, қалай-ақ осынша тобырдың ішінде Шалтабайдың Омарбектен өлсе өлігі артық болатынын білегін бір адам қалмады екен? Б.Қыд.

Posted in

ӨЛІ ҰЙҚЫ

Тұяқ серіппей, ештеңе сезбей ұйықтау. ~ Тауларым да тұрады қалқан болып,Соны көріп қалады арқам кеңіп. Өлі ұйқыдан осылай оянамын, Оянамын, көңілім талқан болып. М.Мақ. ~ … ақ дала ақ тонды айқара жамылады да өлі ұйқыға кетеді; іштей тынып Қойшы жүреді күйбеңдеп. О.Бөк. ~ Жүсіп көз іле алмай, шоқ бұлттардан сүңгіп өтіп, батысқа қарай безектеп бара жатқан айға қадалған бойы ұзақ жатты. Өзгелердің бәрі де өлі ұйқыда. Д.Ис.

Posted in

ӨЛІ ТЫНЫШТЫҚ

Тіршілік нышаны байқалмайды. ~ Жұрт ұйып қалған. Маңызды оқиғадан құр қалардай, құлақ біткен қалқаң етіп көтерілген. Дәл қазір от шайтан атып шығардай өлі тыныштық. З.Жек. ~ Алматының аспанын да, халқының көңілін де бұлт торлаған. Сәске мөлшері. Жазушылар одағының үйіне кірген із бар да, шыққан із жоқ. Ал іші өлі тыныштық. Т.Жұрт. ~ … дөңгелек ақ сағаттың бірқалыпты сыртылынан басқа тырс еткен дыбыс жоқ. Өлі тыныштық. Д.Әш.

ӨЛІ ТЫНЫШТЫҚ ОРНАДЫ

Айнала тым-тырыс бола қалды. ~ Маңайда өлі тыныштық орнады. Барлық ойқастап жүрген аңдар үдере, үрке бұлаққа қарай қарады. Қ.Мүб. ~ Бiр кез араларында өлi тыныштық орнады. Ерсұлтан күрсiнiп қойды. Ә.Ыб. ~ сампылдап сөйлеген радионың үні өшті, әңірейген үлкен үйде шыбынның ызыңдағаны естілердей өлі тыныштық орнады. Д.Дос. ~ Түн жарымынан асқанша Сатай мазарының басында өлі тыныштық орнады. Қ.Түм. ~ Әр кабинеттен мұғалімдердің шаңқылдаған даусы шыққаны болмаса, өлі тыныштық орнаған. Г.Егем.

Posted in

ӨЛІ ТӨСЕК

Тіршілік нышанынсыз, жылусыз төсек. ~ Егер мен қазір осы айтқандарымды істей алсам бар ғой, өмірден басқа еш нәрсе қаламай-ақ мына өлі төсекте тағы жүз жыл жат десе де қыңқ етпей үн-түнсіз жата беруге риза едім. Н.Кел. ~ Менің енді ешқашанда мына өлі төсектен тұра алмасымды мүмкін оның сәби жүрегі сезетін шығар. Н.Кел.

Posted in

ӨЛІ ТАБИҒАТ

Жансыз дүние. ~ Жігіттің арғы жағы сайрап тұр — жүгірген аң, ұшқан құс, жайқалған өсімдік — тірі, өлі табиғат және адам арасы ине жүгірмейтін мәңгілік байланыста. М.Қаб. ~  Ал, киелі кітаптар болса Жер бетіндегі «тіршілікке қолайлы жағдайды» Құдірет Иесі жаратты дейді. Соныңмен, ғылым тіршілік өлі табиғаттан эволюция нәтижесінде шықты деп біледі. С.Ел.