Еңбегі сіңбеген нәпақа. ~ Өлі сыбаға — көбінесе балықшы ауылдарда болатын дәстүр. Бас көтеретін азаматы жоқ қарттарға, жетім-жесірлерге балықшылар үлес береді. БАҚ. ~ Қазақ даласында егіннен – кеусен, малдан – көгендік, мүліктен – шүлен, балықтан – өлі сыбаға беру сияқты жоғары азаматтық пен жомарттықтың, кең пейілдің, қамқорлықтың ғажайып мысалдары ел тарихы мен әңгімелерінде жиі кездеседі. Ж.Хумар. ~ Сүйеу қартты сыйлайтын жұрт жұмысқа шалағай жігітті бәрібір үлестен қалдырмай, қыс бойы өлі сыбаға бөліп кеп еді. Сол Итжемес тағы келді. Ә.Нұрп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЛІ СҮЙЕК
Болбыр, жігерсіз, оралымсыз, ебедейсіз. ~ Өкпе жүректен де нәзік. Денедегі қызметі орасан болғанымен, болбыр, босаң келеді. Суық тигіш келетіні содан. Сол себептен жігерсіз, өлі сүйек баланы «бозөкпе» деп жақтырмайды үлкендер. Жетімдік көріп жетілген жасты «тесік өкпе» деп мүсіркейміз. Ө.Кәр. ~ Мұндай кезде бел шешпей, ұйқы көрмей, ат үстінде құрыққа сүйеніп мызғитын, сары тап болған өлі сүйек жылқышы болады. Ж.Ахм. ~ Тастың қуысына артын беріп қорғануға кіріскен сынық мұйіз ақсақ құлжа оңайлықпен жан беретін өлі сүйек емес-тін. Ө.Кәр. ~ Жапа-жалғыз шығаңдаған бұл ғана. Өзгелердің айдарынан жел ескенде, жемтік күзеткен кәрі қасқырдай көрінген қарадан ықтап бой тасалағаны ұят-ау өзі?! Соншалықты өлі сүйек емес еді ғой? Ө.Кәр. ~ — Е, ненді бүлдірдім? — Шайпаусың! Бейапарсың барып тұрған! — Сенің де жетіскенің шамалы! — деді әйел шаптығып. — Ынжықсың! Жігерсіз өлі сүйексің. Ө.Кәр.
ӨЛІ СУ
Қайнамаған, шикі су. ~ Ол қатынымен мәз жауап тақатпады, тек оқта- текте күзгі безгектен сақтанып, өлі су ішпе деген тәрізді, болмаса палауға бәлендей шөп салса дәмді болады деген тәрізді, көлденең сөзбен күн өткізіп жүрді. Ж.Айм. ~ — Үйге жүр, — деді түйешінің қызы. — Күн ыстық, сусаған шығарсың? — Шөлім басылып қалды, — дедім қырсығып. — Өлі су ішіп пе? — Сізді көріп… Ө.Кәр.Ағыны жоқ, лайлы, қара су. ~ Көзден шыққанболымсыз өлі су жарым арқан бойы жылып ағып барып құмайтқа сіңіп жоғалып жатыпты. Б.Жұм.
ӨЛІ МЕН ТІРІНІҢ АРАСЫНДА
Шалажансар жағдайда, ауыр халде, ажал аузында. * Жүкті әйелдер — бір аяғым көрде, бір аяғым жерде — деп неге айтады дейсің? Ақбілек те өлі мен тірінің арасында, қасында жалғыз кемпір, жатқан жері көр, алдында ала көлеңке, сықсиған жалаңбас лампы, дарға асылған адамдай, жіпке асылып «Бибәтимасын» көп қақты-ау. Ж.Айм. ~ Осы уайымның көптен көбі және де Абаймен байланысты. Өлген Мағаш пен бүгін өлі мен тірінің арасындағы Абай екеуін бірдей жарадар жанымен мүсіркеп, есіркей толғанады. М.Әу. * Шәуәли өлі мен тірінің арасында. Сәл көзін ашады да, қайтадан есеңгіреп кетеді. Бүкіл денесінде жан жоқ. Бұлқынып арпалысып жатқан қайран жүрек қана. Т.Сәу. * Әлі де болса бұны ақырына дейін өлтірмей тыныс-демін созып, бар мен жоқ, өлі мен тірі арасында жатқан осы бір шақта есіне қайдағы-жайдағыны салып санасына саңылау сәуле беріп тұрған, ол, сірә, Құдай да, Адам да емес, мына бір көкірегі үстінде өз тірлігінен нышан беріп бүлк-бүлк етіп жатқан кіп-кішкентай пақыр болар-ау! Т.Әбд. ~ Өлмес өлі мен тірінің ортасында меңірейіп ұзақ тұрған. Т.Әб. ~ Таптап та кететін екен, әлгі малғұн жандәрменде бір терең шұқырға қарғып түсіп, өлі мен тірінің арасында інге кіріп кетіп, әрең аман қалыпты. Ш.Айт.
ӨЛІ КӨЗ
Оты сөнген, жалынсыз, жансыз көзқарас. ~ Апа, атыңызды мен әкеп берейін,- дедім ақырын ғана. Бір түрлі нұры сөніп, өлі көздей мелшиіп қалған жанарына көзім түскенде лықсып келіп қалған көз жасыма әрең ие болып тұрдым. Т.Әбд. ~ Тұманды, өлі көздері бір сәтке жалт ете қалған әйел көп ұзамай-ақ сол баяғы өлеусіреген қалпына қайта енді. О.Уай. ~ Есі шығып, есеңгіреген күйде талмаусыраған жанарымен алдын өлі көзбен мақсатсыз шолады. Ж.Сәм. ~ Бар! Шәріпқанға сөйлес. Алтайға барсын. Өзі тудырған бүлікті өзі тоқтатсын. Аузынан серт, қолынан қағаз ал. Мақұл десе, маған дереу хабарла, деді Жан Гуаңчиян есіктен шығып кеткенше өлі көзбен тесірейіп қарап отырып. Ж.Сәм.
ӨЛІ КЕУДЕ
Рухы, жігері жоқ, құр сүлде. ~ Орысты неміс тізерлеп, шегінтіп қырып-жойып, басып келеді. Орыс әскері өлі кеуде. Жұт жылғы қой көзденіп еңсесі түсіп кеткен. Тек айдаумен жүр. І.Жанс.
ӨЛІ ЗАТ
Жансыз тауар, бұйым, мүлік, дүние. ~ Өсімдік те туады, өседі, тұрады, өледі. Солай болған соң, өсімдік дегеніміз тас, темір, топырақ сияқты өлі зат емес, тірі зат. А.Байт. ~ Әрине, орыс шекарасындағы саудагерлер қазақ елінің өлі затын тым арзан бағамен алды… І.Ес. ~ Атқа мінген шенділер, билік тізгінін ұстағандар саған пысқырып та қарамайды. Ескіліктің сарқыншағы, қажетсіз өлі зат деп біледі. Әкесі өлгенді де естіртеді, бара-бара төрден де ығысып, тіршіліктен мүлдем шет қаласыңдар. Дүниеден ызым-қайым жоқ боп кетесіндер. Ө.Кәр.
ӨЛІ ЖҮНІН ТАСТАДЫ
Ескі-құсқысынан құтылды, жаңарды д.м. ~ Енді Соқаң шалқиып отырып, «Копкин» шай ішеді. Айғазы да өлі жүнін тастап, шүберек киюге айналды, отыны да маздап жанады. Енді Соқаң шын өз үйінде отырған тәрізді, үй артындағы қызыл отаудың панасы да молайған тәрізді. Ж.Айм.
ӨЛІ ЖҮНІ ТҮСПЕГЕН
Жас, шикі өкпе. ~ Қанды көз Мамет мені не себепті қатын қылмақшы болғанын жаңа білдім. Сендердің әйелдерің сұмпайы, жастарың өлі жүні түспеген жабағы. Ж.Айм. ~ Сүттіген, сені де көріп келем; бура сан қара шағыр өлі жүні түспеген жабағыға ұқсас екен. Ө. Қан.
ӨЛІ ЖҮН
Көктемде малдың жидіп түскен ескі жүні. ~ Анау бір былтыр қойда жүретін Арғын. Биыл тіпті «өлі жүні түсіп, түлеп қапты өзі. Оны ана тоқал нағашым деп қояды. І.Жанс. ~ Сиыр сүйсінеді. Құртты терген сайын көзін жұмып, мөлиеді де қалады. Есесіне бізге өлі жүнін береді. Ш.Мұрт.
