Әлдебір іске өзеурей кірісті, жанын салды. ~ Олардың көк желкесіндегі жоңғар қонтайшысының мұндай қазыналы өлкеге өлімін сатары, әрине, түсінікті.Ә.Кек. ~ Бірақ, бір еліріп алса, шамалыда сабасына түсе қоятын жылқы хайуан ба? Жолындағының бәрін кимелеп, өлімін сатып, өңмеңдей түседі. Ә.Кек. ~ Біреу ағаш тостағанға толтырып ап бірдеңені әкеп ауызына тосады. Бұл өлімін сатып, қылқ-қылқ сіміре бастайды. Ә.Кек. ~ Қалай күйінбесін?! Осы алақандай ауылда еркек кіндіктің арақ дегенде өлімін сатпайтыны жоқ. Осы «сайтанның сідігінде» бейне әкелерінің құны қалғандай. С.Ел.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЛІМГЕ БАС ТІКТІ
Өлімнен қорықпады, тәуекелге барды. ~ Дұшпаннан көрген қорлықтан Жалынды жүрек қан қайнап. Елді-жұртты қорғайлап, Өлімге жүрміз бас байлап! Ақтамберді жырау. ~ Өлімге бас тіккен азаматқа беттей алмай тобыр состиып тұрып қалған еді. С.Әбік. ~ Өлімге бас тіккен ақиықтар оқ бораса, кез келген шұңғыл- шұқырға бастарын тығып жата- жата қалады, сәл толастаса, жыра- жылға бойлай жүгіре жөнеледі. З.Қаб. ~ Аңду оңай. Андып жатып қағып тастауға болады. Андып жатқан жауды бас салу өлімге бас тіккенмен бірдей. Қ.Ысқ.
ӨЛІМГЕ БАСЫН (БЕЛ) БАЙЛАДЫ
Басын қатерге тігіп, тәуекелге барды. ~ Уәзірі айтып салды гүл-гүл жайнап, Өтірік болса, өлімге басын байлап. Әке менен шешеде ісі бар ма, Жалғыз ұл жүрген екен асық ойнап. «Қисса- и Қарабек» ~ Бораған қар астында бар дүниеден баз кешіп, өлімге басын байлап жатқан дозақы қатынды жалғыз тастап кете алмай, қасында айналсоқтап аяғын сылтып басып жүр екен: шытыр-шытыр, пышыр-пышыр … Ә.Нұрп. ~ Енді ештеңе де болмайды. Өлімге бел байлаған адамға ең қауіптісі алғашқы сағаттар ғой, ол артта калды. Үрейленбе. С.Досан.
ӨЛІМ САРҚЫТЫ
Артында қалған жалғыз перзент. ~ Қанша бала тапса да тәңірі тұрғызбады ғой, өлі туған жылбасқылардың соңынан аман қалған «өлім сарқыты» осы жалғыз ұл еді. А. Алт. ~ Паң да тәкаппар кемпір қазір қартайған, әсіресе маңдайына біткен өлім сарқыты — жалғыз қызының ерден қайтып келуі — қатты жүдетіп кеткен-ді. Ә.Сар.
ӨЛІМ САҒАТЫ ЖЕТТІ (ТАЯДЫ)
Ажалы келіп қалды. ~ Мұғалім атымды атаса, дір ете қалам. – Тақтаға шық, – деді. Өлім сағаты жетті, құрыдым деп ойлаймын. Балалардың алдына шығарып алып, жер етпек қой. Б.Соқ. ~ Айғырлығы ұстаған қалың әскер шешініп, шамдарын сөндіріп, жамбастары төсекке тиген кезде екі жақтың біріне өлім сағаты таяған еді. Ғ.Біл.
ӨЛІМ НОҚТАСЫ ТҮСТІ
Ажалы таяды. * Жақтары суалып, сақал- мұрты өсіп, өлім ноқтасы түскендей, көздерінің айналасы көгерістеніп, жанарлары өлегізіп қалған екен. Ш.Айт.
ӨЛІМ ЖАЗАСЫНА КЕСТІ
Қылмыскерді жазалаудың ең ауыр түрі, өмірінен айыру туралы үкім шығарылды. * … шаштараз оған кітаптарды бір-бірлеп беріп тұратын болады, ал өзі оларды қарап шығады — өйткені, бұлардың арасында өлім жазасына кесуге болмайтындары да кездесіп қалуы ықтимал. М. Серв. * Тағы болып өскен ол Женевада күндік жұмыс істеп тапқан ақшасын ішкілікке салады, жауыздық тіршілікпен жүріп, ақыры бір шалды өлтіріп, тонап тынады. Оны ұстап алып, соттап, өлім жазасына кеседі. Ф.Дост. * — Қасиетті ағайындық қылмыскерлерді өлім жазасына кескенде, оларды бағанаға байлап қоятын да, садақпен атып өлтіретін. М.Серв.
ӨЛІМ БОЛДЫ
Ұятқа қалды, масқара болды. ~ «…Ұят болды, ұят емес, өлім болды. Өлімнен де жаман. Не деп қалды ана адам?!» Х.Ес. ~ Өшпес ашу ойнаған, Сөнбес шырақ бір жанған, Алда майдан ту бұлғап, Шақырарда ер ұлан. Өлім болар құр қалған, Жолың болсын, жет соған! М.Әу.
ӨЛІМ БАР ДА, ҚАЗА БАР
Ажал айтып келмейді д.м. ~ Ал, мына ноғайларға жүргенде тағы алысқа кетесің. Бас ауырып, балтыр сыздаса шет жер, жат ел, өлім бар да қаза бар деп, біреудің біреу басын сүйеп, сүйегін көмуге зар болады… І.Жанс. ~ Сатанның үйде болғанын мен де жек көрмеймін. Өлім бар да қаза бар… бір жерде болғанға не жетсін? І.Жанс. ~ Екінші, өлім бар да, қаза бар. Бір-біріміздің қаза болғандарымызға уақытында көңіл айтып, бата жасаса алмасақ ренжіспелік. М.Шапи.
ӨЛІМ АУЗЫНДА
Ажалы тақады. ~ «Көретін жарық дүнием бар екен!» – жаңа ғана өлім аузында тұрғаным естен шығып, шақырайған күнге бір қарағанымды білемін. Одан арғысы су қараңғы… Б.Тоғ. ~ Сөйлесуге тілі келмеді. Өлім аузында жатқан Асанға одан әрі қарауға ахунның дәті жетпеді. С.Ел.
ӨЛІМ АУЗЫНАН ҚАЛДЫ (ҚАЙТТЫ)
Өле жаздады, әзер тірі қалды. ~ Қожаға қолын қаздырмай, қиғылық салып еді-ау! Ақырында содан ауырып, өлім аузынан қалып еді-ау. Т.Әл. ~ … алты жасында жасырынбақ ойнап жүріп, кептіріп қойған холодильникке тығыламын деп қайтып шыға алмай өлім аузынан қалғаны бар. Қ.Ысқ. ~ … бүкіл Жындысайдың жықпыл — қалтарысын қағып жүріп Әбдіжапардың қоймасын ақтарып қайтты. Бірақ өзі де өлім аузынан қайтқан… Қ.Ысқ.
