Тірі өлік; өмірден түңілген, үміт үзген бейшара адам. ~ Мен… мен… жендетпін! Өшімді сонымен алғанмын. Бірақ оның жаны жаннатта шығар? Тірі жүргеніммен, бәрі бір өлі жанмын! Т.Рыс. ~ Дорианды Бэзил Холлуордтың өлімі еш уайымға салып тұрған жоқ, оны уайымға салып тұрған өз жанының өлімі еді, тірі денедегі өлі жаны еді жегідей жеп тұрған. О.Уайл.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЛІ ЕТ
Біраз күн тұрып қалған ескі ет. ~ Мол ет қала тұра, «бұл әкең — Уәлінің сыбағасы» деп құлын сойғызды. Үшінші күні «шешең-Айғаным бәйбішенің сыбағасы» деп ту қой сойғызды. Төртінші күні де қой соймақ еді, «қанын ішеміз бе оның. Осы үйдегі өлі ет жетеді» деп Шыңғыс ұлықсат етпеді. С.Мұқ. ~ Қарттың ойын тағы да кемпірі бөлді. — Темірдің атасы-ау, үйде кісі бар. Асатын өлі ет жоқ, мал соймайсың ба? Ө.Кәр.
ӨЛІ ДҮНИЕ
Меңіреу, иен дала. ~ Мынау иесіздік шексіздік мүлгіген қыбырсыздық өлі дүниенің көшірмесіне ұқсап кетті. С.См. ~ Ол мынау жарым жалғанды үнсіз иемденіп көл-көсір көсіліп жатқан өлі дүниенің, тау-тастың, өзен-судың, орман-тоғайдың несінің пайдалы, несінің пайдасыз екенін жақсы біледі. Ә.Кек. ~ Лүп еткен жел жоқ, өзгеріссіз өлі дүние. Ш.Ай.
ӨЛІ ДАЛА
Тіршілік нышанынсыз, жым-жырт жатқан елсіз мекен.~ Жазғы түн өлі даланы күзетіп жалғыз қалғандай. Егін маңайында ән де жоқ. Ғ.Мүс. ~ Мол асқа кенелеміз деп, жазда жаңадан туған балапандарын ертіп, өлі даладан әрең асып, қанаттары талығып, қысқы жайға жеткен кезде қараң қалған ескі қонысты көреді. М.Мағ.
ӨЛІ БҰЙЫМ
Пайдаланбаған, жаңа күйінде сақтаулы зат. ~ Осы кезде, әкемнің тағы бір «көрегендігі» байқала қалды: жыл басында екі қызын бірдей сатқан әкем, қалың малына өзгені емес, мата я басқа өлі бұйымдарды алғанын білесіздер. С.Мұқ. ~ Құдай-ау, қанша көрпе, кілем, қанша ішік, қанша шапан бар! Бәрі қымбат дүниелік. Жинала берген ұсталмай жата берген өлі бұйымның көптігінен жүрегің айнырдай екен. Ғ.Мүс.
ӨЛІ АРА
Айдың көзге көрінбейтін кезі; ескі ай мен жаңа айдың аралығы. ~ Дала.Түн. Шуылдаған дабырмен оянып, далаға шықтым. Айдың өлі арасы еді. Көк көрінбейді. Бұлт, қап-қара. І.Жан. ~ Осыдан соң: «Айдың тоғамы» деген не? «Өлі араның» не мәні бар? «Қыр куйек» неден қойылған? Абай осыларды да сұрастырып, көп қызық әңгімелер есітті. М.Әу. ~ Бас тоқсаннның өлі арасындағы соққан боран да басылды. З.Шүк.
ӨЛЕТІН ӨГІЗ БАЛТАДАН ҚОРЫҚПАЙДЫ
Не нәрседен де тайынбайтын халге жету туралы мәтел. ~ Әдейі қызық әңгіме шығарғысы келіп: – Ой, әдіра қалсын! Сексенді аралағанша тимеген тіл– көздің енді несі бар менде. Өлетін өгіз балтадан қорықпайды. Бір теңге беріп жырлатып, мың теңге беріп қойғыза алмағанның аяғын құшарсыңдар? Т.Рыс. ~ Өлетін өгіз балтадан қорықпайтынын, кәрі орыстан мұсылман шықпайтынын, Сәйдәлі құқайынан жасқанып, жақсаттануға жатылған жалған белсенділердің түртпегіне түсіп, қорлауында жасаудан гөрі, бірін-бірі кемсітіп мұқыратпайтын қылмыстылар ортасында, жаза лагерінде өткізген қаратүнек өмірді артық көріп, Боранқұлдың әдейі ізденіп тұрғандығын олар қайдан білсін?! Ғ.Біл.
ӨЛЕТІН КҮН ЖОҚ
Күніңді көруге болады д.м. ~ «Екі қолға бір жұмыс, бас агроном болмасаң жай агроном боларсың, тіпті, жұмысшы болсаң да қазір өлетін күн жоқ»,- деп оның күйінішін басты, ашуын сабасына түсірді. Д.Иса.
ӨЛЕСІ ҚЫЛДЫ (БОЛДЫ)
Ұрып-соғып, өлтіре жаздады; өлуге таяу қалды. ~ Зүкен (шошып). Шешей-ау, не болды? Толқын. Байым ұрды (жыламсырап), өлесі қылды. Б.Май. ~ Ашығып, қалжырап, әбден өлесі болдым. М.Әб. ~ Ол директивалық емес (шығармашылар әртүрлі «басшылықтардан» өлесі болып шаршаған) ауық-ауық жиналып, ақылдасып-кеңесетін, бағыт белгілейтін жиын, клуб болса тіптен жақсы. М.Қаб.
ӨЛЕРМЕНДІККЕ БАСТЫ
Қырсықты, әліне қарамай ерегісті. ~ Өзімнен басқаның дегенін қылмаймын деп өлермендікке басқанда не тапты? Ә.Кек. ~ Мұншалықты аласапыранды, мұншалықты қым-қуытты белгілі бір арнаға, белгілі бір жүйеге салу еш мүмкін емес сияқты. Ә.Кек. ~ Семсер сілтестері тым сұйылайын депті. Сонда да, өлермендікке басып ілгері ұмтылады. Ә.Кек. ~ Жыра-жықпылға салып әбден ит зықысын шығарды. Сонда да соңыңан қалмай келеді. Түлкі енді түзге қашып құтыла алмасын білгесін, өлермендікке басты. Ә.Кек.
