Жөнсіз өжеттік жасады. ~ Анажар да тереңдеген сайын жақындай бермек сол жәннатқа. Бірақ қанша өлермендік танытса да бұдан артық шыдайтын түрі жоқ. Дәрмәні бітіп барады. Е.Әлім. ~ Керек кезінде өлермендік танытпай, қу жанын бұғып қалатын құл тәнімен тасалайтындардан ақыл да күтпе, жақын да жолатпа. С.См. ~ Бір нәрсеге бел шешіп кіріскен соң, сол істе әкеңнің құны кеткендей өлермендік көрсетпесең батпан құйрық та, тегіннен- тегін жатқан құйрық та жоқ көрінеді. Қ.Ысқ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЛЕРІНЕ КӨРІНДІ
Өлерін сезгендей болды д.м. ~ Өлеріне көрінді ме, тап сол күні әлгі бөртпе шәлісін басына салып айнаның алдында өзіне- өзі төне қарап тұр екен. С.Мұр. ~ Содан жүрегі шайлыққан ба, әлде өлеріне көрініп жүрді ме жануардың, әйтеуір оқшаулау тұратын. К.Қаз. ~ Ұяластарының түнгі ойранда бірі қалмады. Өлеріне көрінді ме, енесі Қоңырды өзге күшіктерінен бөлекшелеп айрықша іш тартты. Ө.Кәр. ~ Халха-мұғалдың Алтын ханы өлеріне көрініп жүр-ау, сірә. Қартайғанда қарап жүрмей, қырғыздарға барып соқтығыпты, ойы жаман: оларды біржола бағындырып алмақ. Б.Нұрж.
ӨЛЕРДЕЙ ӨШ
Дұшпан санайды, жаны қас. ~ «Сол қалпымен,— дейді әкем,— батылдығы сұмдық!.. Жем таппаса, көрдегі өлікті суырып жейді. Қарусыз жалғыз-жарым кездескен тірі адамды да жеп қояды». Солай деп түсінгендіктен, әкем қорқауға өлердей өш. С.Мұқ. ~ Етектен иісі бұрқаған бір құшақ тау сарымсағын жұлып алып, оның мұрынды жарған хош иісін иіскеп тұрып көзін жұмды. Осы тау сарымсағына өлердей өш өзінің ері, аузынан сондай бір иіс үнемі аңқып тұратын, сол еркек демі есіне түсті, күрсінді. Ж.Біл.
ӨЛЕРДЕЙ ЖАМАНДАДЫ
Өлердегі сөзін айтып, жазғырды. ~ Соларға құдай, әруақты айта отырып, Құнанбай баласы Ыбырайды өлердей жамандады. «Арқаттағы сиязда Тобықтыны жер қылып Уаққа жығып берген Ыбырай. Сол Ыбырай ертеңгі сайлауда сенің бәріңнің басыңды тексіз, құнсыз бір кедейдің, бір Көкшенің қанжығасына байлап береді!» – деп отырып, әлденеше бозқасқаны да сойғызды, көкқасқаны да жесті. М.Әу.
ӨЛЕРДЕЙ ҒАШЫҚ (БОЛДЫ)
Сүйгені үшін жанын қиюға дайын. ~ – Құлағым шалған. Ақылынан адасып алжыған шал он тоғыз жастағы жап-жас қызға өлердей ғашық болады. Ш.Айт. ~ — Оу, Елтайжан, бүкіл ауыл күні ертең артын ашып күлмей ме? Ол қу қызға кезінде өлердей ғашық болғанымды қарайған халық біледі. М.Қаб. ~ Көңілі оған көптің толған-ды, Ақсүйек емес-ті, жалшы да. Бірақ, Дон Кихот бұл малшыға, Өлердей ғашық болған-ды. М.Серв. ~ Тиген күйеуім жаман жігіт емес. Өзіммен он жыл мектепте бірге оқыған. Өлердей ғашық еді. Мен өзім едім илікпей жүрген. (Есіңде ме баяғыда бір дос болған бала туралы айтқаным.) Н.Сер.
ӨЛЕРДЕЙ (БОП) ҚОРЫҚТЫ
Зәресі кетті, үрейі ұшты. ~ Ізімнен айрылғандай сары масалар да қалды. Қасқыр мен жын-шайтан от пен судан өлердей қорқады ғой… Ғ.Мүс. ~ Советтің жоғарғы қызметкерлері түгіл, осы Самалықтың өзінен байлар өлердей қорқып, «келе жатыр» десе кірерге ін таба алмайтын, байлар оны өздеріне «мейлінше мейірімсіз» дейтін. С.Мұқ. ~ ─ Қасқырдан да, ұрыдан да, қараңғылықтан да қорықпаймын, ал өліктен өлердей қорқам. Неге екенін білмеймін, әйтеуір қорқам! А.Чех. ~ — Жаның неге шошиды? — Неге екенін білмеймін, сізден өлердей қорқып тұрмын. Ә.Әб. ~ Өлердей боп қорыққан Сары Бұғы, қатын-баласы есінен шығып кейін қарай жүгірді… І.Ес.
ӨЛЕРДЕГІ СӨЗІН АЙТТЫ
Жалынып-жалбарынды. ~ Кетерде «Ақсақал, Алматыға келіп, үйге қонақ болмасаң, қатты ренжимін» деп, өлердегі сөзін айтып аттанған! Қ.Мұх. ~ — Әй, сен шын ашуланып қалдың ба? Қалжыңым ғой,— деп Барақ қолқ-қолқ күлді, онан соң өлердегі сөзін айтып жалына бастады. С.Мұр.
ӨЛЕР ЖЕРІН БІЛМЕЙДІ
Аранға түсер тұсын сезбейтін әумесер адам хақында. ~ — Әй, балам. Құдай сені бұл араға қайдан айдап әкелді? Кесірін менің балама тимесе неғылсын. Ол ақымақ, өлер жерін білмейтін ақымақтың нақ өзі, — деп, қақсайды да отырады. Б.Соқ.
ӨЛЕР (ӨЛЕТІН) ЖЕРІН БІЛЕДІ
Қауіп қайдан екенін сезетін, аса сақ адам туралы. ~ Өзінің өлер жерін біліп, үстіндегі киімін жанындағы адаммен ауыстырып, оны асқан қулықпен оққа байлап кеткенін Қытай қазақтары таңдай қаға еске алады. Ж.Шәк. ~ Боранқұл кеуде керіп шыққан соң аптығып тұрғандар су сепкендей басылды ғой. — Піскен бас қой, ең құрығанда өлер жерін білетін шығар, – деп дабырласып бара жатты. Ғ.Біл. ~ Жо-жоқ, мұныңыз Қарасайдың намысына тиетін әрі көрер көзге қиянатқа итермелейтін жала! Қарасай да өлетін жерін біледі. Қ.Жиен.
ӨЛЕКСЕСІН СҮЙРЕТТІ
Құр сүлдесі қалды, тірі жүргені болмаса, өлікпен тең д.м. ~ Олай болса, кейбір жолдастардың «Тар жол, тайғақ кешуді» көркем әдебиет деуі дұрыс емес» деген редакция тұжырымы ескерусіз қалуға тиісті емес, өйткені ол пікір күні бүгінге шейін өлексесін сүйретіп әлі келе жатыр. К.Ахм.
