Posted in

ӨЛЕЙІН ДЕСЕ ЖАН ТӘТТІ, КІРЕЙІН ДЕСЕ ЖЕР ҚАТТЫ

Не істерін білмей дал болды. ~ “Қорқытарларың партбилет пе? Онда мә! – деп қалтамнан алып, өлейін десе жан тәтті, кірейін десе жер қатты болып әзер отырған партком қызға қарай, – Енді мұны сен қойныңа алып жат!», деп лақтырып тастадым да, есіктерін тарс жаптым. Н.Дәу.

Posted in

ӨЛЕ ҚАЛСАМ ДА АРМАНЫМ ЖОҚ

Бұдан артық не бақыттың керегі де жоқ д.м. ~ Қыз да үнсіз еді, бірақ жігіт кеудесіне басылған денесінен оның жүрегінің дүрсілі және тұла-бойының дірілдеп-қалшылдағаны, кеудесіне тырс-тырс тамған ыстық жасы мен ықылық ата жылаған үні – бәрі-бәрі де Берікболды «Дәл қазір өле қалсам да арманым жоқ» дейтіндей әлемдегі ең бір бақытты жан етіп еді. К.Сег.

Posted in

ӨЛЕ КЕТУГЕ ДАЙЫН

Жанын да аямас еді д.м. ~ Біреуің қаруы қабағат жауға шоқпар, найзамен қарсы шығып, басыңды қисаң да намыс жолында өле кетуге даяр екенсің. Бәрекелді! «Намыс жолында жан пида» деген ерлерден айналдым. Алайда «Ала балта, ақ білектің күші» деп, алысар адал шайқас, әділ майдан заманы бабаларымызбен бірге өтіп кетіпті. К.Сег.

Posted in

ӨЛЕ ЖАЗДАДЫ

Жаны қиналды, қысылды, зорықты, ашу қысты. ~Жас балаға от та жоқ тұрған маздап, Талтайып қақтана алмай, өле жаздап. Кемпір-шалы бар болса, қандай қиын, Бір жағынан қысқанда о да азынап. Абай. ~ He керек, ала алмады, азаптанды, Ашудан өле жаздап аз-ақ қалды. М. Жұм.

Жаны қалмады, ынтықты. ~ Біреуді досым деп атберіп жүрсең, оған сенің бір дұшпаның келіп бір тай берсе, бұзыла қалатыны қалай? Күнде тілін алатұғын достан кейде бір тіл ала қойған дұшпанға кісінің өле жаздайтұғыны калай? Абай. ~ …Хат жазысқан соң көп ұзамай-ақ Әбдірахман Шұғамен жақындасып кетті. Бірін-бірі сүйгендігі сондай, аз уақыт кермесе, ынтық болып өле жаздаушы еді. Б.Май. ~ Алматыда бәйбішесі, Есілдің арғы қабағында тағы бір тоқалы бар, балажан, отбасы десе өле жаздап үгітіліп тұрады. Д.Дос. ~ Бірін-бірі жарты күн көрмесе сағыныштан өле жаздайды. С.Ел.

Posted in

ӨЛЕ АЛМАЙ ЖҮР

Қара басын қауіпке тосты. ~ Түбіне жақыны жеткенжігіттің арманы жоқ қой, қайтсін. Өле алмай жүрген жігіт қой, қайтсін. Арқасының қышуы қанып ыңырсыды демесең ләм-мим дыбыс та шығарған Жоқ… А.Сүл. ~ – Оу, мерген аға, құдай бар өнерін салып бөлек өлшеп-пішкен сіз тәрізді шарболатқа жалған сөйлеп, мені өле алмай жүр дейсіз бе? Ұ.Досп. ~ Бір басына біраз атақ- абырой жинақтаған Есей тәрізді мықтымен тап бір өле алмай жүрген біреу болмаса, кім ұстасады? Ө.Кәр.

Күнін әзер көріп жүр, өлуге таман. ~ – Барсақ осыданбылай баратын шығармыз, – деген Мерген бәрін де мойындағандай баяу ғана тіл қатып. – Енді сен кетсең анау сідігіне сүрініп, өле алмай жүрген жаман Әкеңнің күні не болмақ?! К.Сег. ~ Міне көріп тұрсың ғой, өле алмай жүрмін. Мынау ылғи сордан жаратылған, баянсыз, алдамшы  дүниенің лездемдік  жарық сәулесін, соны ғана қия алмадым. Ж.Сәм.

Posted in

ӨЛДІМ-ТАЛДЫМ ДЕГЕНДЕ

Әзер дегенде, әбден қиналып. ~ Өлдім-талдым дегенде шықтым-ау сыртқа! Б.Соқ. ~ Өзіне қадалған көп көзден онан бетер қысылып, төмен қарап тұқырайып қалды. Әйтеуір Жәмила да, тамсанған жігіттер де өлдім-талдым дегенде шай да келді. Қ.Ысқ. ~ Қолымды қанша созсамда жетер емес. Өлдім-талдым дегенде көзiмдi зорға аштым. Ж.Шәк.

Posted in

ӨЛДІГЕ САНАДЫ (САНАДЫ)

Күдер үзді, тірі екен деп ойламады. ~ Қыс бойына хабар-ошарсыз кетіп, жұрт оны өлдіге санап қойған. Қар кеткен соң Сапар колхоз жылқысын дін аман айдап қайтты. Ә.Әл. ~ Ол бала емізіп отырған Ғазизаны көргеннен: ― Ғазиза?! – деп көзі шұбарып, босағада тұрып қалған. ― Немене, танымай қалдың ба? Әлде өлдіге санап па едің? Б.Тоғ. ~ Қаралы үйге ат қойып келді. Өлдіге балаған бауырлары тірі болып, құдайға мың шүкір тәуба айтқан, қазаның артына кайыр тілескен, өз бастарын да қатерге байлап жолбарыска шыққан. М.Мағ

Posted in

ӨЛГЕНІНЕ ҚАРАМАДЫ

Ештеңемен санаспады, қауіп-қатерге көңілаудармады; өлерменді танытты. ~ Көзін ашып қараса: «Өңкілдеген өңкей солаңдар, Атты бермен тартыңдар. Қалай жығылып қалғанмын? Тоғыз жорға төтенше Сонда да тарту жедім», — деп. Кәуірдің ханы ер Жолай, Өлгеніне қарамай, Бір қомпиып қалды дейді. Ә.Мар. («Көкетай ханның ертегісі») ~ Шынында да, мынау баяғы аран ғой… Онда да елірген түз тағысы өлгеніне қарамай осылай өңмеңдеп бағушы еді ғой. Ә.Кек.

  1. Адам құрлы көрмеді, бар-жоғын елемеді.

~ Әншейінде Әділдің өлгеніне қарамайтын ағайыны Әділдің малына мирасқор болғысы келді ме, Мариядан үміт қылды ма — төрт- бес кісі ерді.  Шәк.

Posted in

ӨЛГЕНІ ТІРІЛІП, ӨШКЕНІ ЖАНДЫ

Қуанышқа кенелді. ~ «Николай орнынан түсірілді» деген хабарды дала алғанда қашаннан Сібірді басқан ауыр тұман серпіліп кеткендей болды. Халықтың қайдағы-жайдағысы қозып, өлгені тіріліп, өшкені жанғандай қуаныш. Қашаннан Сібір айдауында, тұтқын байлауында жүргендердің бірсыпырасы босанып, халыққа сөз сөйлеуге аттанды. Халықтың да өлген ынтасы оянып, жиылыс іздеп, сөз тыңдағысы келді. І.Жан. ~ – Баяғыша мұның шалы осы Тұтан туғанда «өлгенім тірілді, өшкенім жанды» деп Тұтан қойды ғой атын. Ш.Мұрт. ~ Алғашқыда сасқалақтасып қалды: бар қолдарынан келгені бірінің үйіне бірі жүгірісіп, өлмелі шалдың өлгені тіріліп, өшкені жанғанын сыбыр-күбір айтумен болды. О.Бөк.

Posted in

ӨЛГЕНДЕ КӨРГЕН БІР ТОЙ (МЕРЕКЕ)

Зарықтырып жеткен жақсылық. ~ Көк түтін қолқасын атып, көзін ашытып барады. Өлгенде көрген бір той дегендей, орындыққа шалқалай сұлап бұрқыратып отырған Динозавр баяғы. М.Қаб. ~ Өлгенде көрген бiр той деп, майшабақты қомағайлана қарбытқандар әрi-берiден кейiн-ақ қаталап, жандарын қоярға жер таппай аласұрған. Сiлелерiн қатырып бiр тәулiк бойы су татырмай қойды.  Т.Сәу. ~ — Бүгін — мереке, өлгенде көрген мереке. Құрғақ заң екенін мен де білемін. Сондықтан да көз көрмес, құлақ естімес жерге ертіп әкелдім. Мә, ал! Тышқанға да той бар. Қағып жібер. М.Қаб.