Зорға дегенде қолы жеткен д.м. ~ «Өлгенде көрген жалғызым, Аттанып кетсе жорыққа, Қартайғанда басымыз, Қалады екен зорлыққа!» А.Байт. «Ер Сайын». ~ Қыстық мал азығын дайындап әдеттенбеген кедей-жатақ қазақ ауылдарының көпшілігі-ақ өлгенде көрген тұяқты малды соғымдыққа жығып алған … О.Бөк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЛГЕН ЖЕРІМ ОСЫ
Басқа төнген үлкен қатер хақында; налу, сескену. ~ Жанбота, осы ме еді өлген жерім, Көкшетау боқтығына көмген жерің? Кісісін бір болыстың біреу сабап, Бар ма еді статьяда көрген жерің? Біржан Сал. ~ Әлгі бәленің түсін көрген сайын: «Өлген жерім осы ғой, жапан түзде бір айдаладағы моланың ішінде қаңғырып өлуге жазған екен ғой», — деп отырдым.М.Әу. ~ Әлгіндегі «өлген жерім осы ма, енді қайттім?» деген жылауық, бұралқы сезім жоқ, ажалға келсең кел деп шаптығып тұр. Т.Сәу. ~ Қазақ үйдің сықырлауығы осы сәтте сарт етіп екі жағына ашылып кетті. Үйге біреулер кірді. Өлген жерім осы болар деп ойладым. Б.Қыд.
ӨЛГЕН АРТЫҚ
Жанкешті намысқойлық хақында. ~ – Бір Жексен емес, бар Бөкенші, бар Борсақтың жерін бір- ақ басып алған ғой. Бұл қорлыққа шыдағанша өлген артық! — дегенде, Бөкенші, Борсақтың тағы бірнеше жас жігіттері аттарын тебініп, ілгері шыға берісті. М.Әу. ~ Абайдың тергеуi қиындап, жаза кесiк сияқты қысталаң шақ болса, Ералы шатағын да Базаралы өз мойнына алмақшы. Абайдан жан аяғанша, өлген артық деп байлаған. М.Әу. ~ — Құлдыққа түсіп қор болғанша өлген артық… З.Шүк.
ӨЛГЕН-ТІРІЛГЕНІНЕ ҚАРАМАЙДЫ
Не нәрсені де аянбай, жанын салып істейді. ~ Қоңырат етекті ел. Ұлы-қызы өлген-тірілгеніне қарамайтын намысқой келеді. І.Ес. ~ Олардың атына кір келтірмеу үшін өлген-тірілгеніне қарамайтын. Г.Сейт. ~ Қайта шабуылға шықты. Бұл жолы жігіттер арыстанша алысты. Өлген-тірілгеніне қараған жоқ. Арақтың буы мен кек араласқан соң неден тайынсын. Т.Сәу. ~ Қамау судың балығы бұлардың қашаннан бері зарығып күткен қызығы еді ғой; жұрт өлген-тірілгеніне қарамай қызығына түсіп кетті. Ә.Нұрп. ~ Жаралы арқар бөліне қашты. Үш аяқпен безіп барады. Қожанияз Ақбозды екі өкпеге тепкілеп өлген-тірілгеніне қарайтын емес. Н.Сәу. ~ Қарасайға ілескен қалың нөпір өлген-тірілгеніне қарамай жау шебіне тап берді. Шақ-шақ еткен қылыш, қарш-қарш қадалған найза, арс еткен, ыңқ еткен адам, опыр-топыр ат тұйағы жердің бетін быт-шыт, тас-талқан етіп жіберді. Б.Нұрж.
ӨЛГЕН-ТІРІЛГЕНІН БІЛМЕЙ
Әлдебір істі жанын салып істеу туралы. ~ Шаруаның қамытын мойнына кигізсең болды, өлген-тірілгенін білмей өрге сүйреп кете беретін жанкешті еді байғұс. Н.Дәу. ~ Сыра, шнапс ішушілерге шек жок, өте-мөте жас қыздар өлген-тірілгенін білмей ішіп, темекі тартады. Б.Тоғ.
ӨЛ ДЕСЕ ӨЛІП, ТІРІЛ ДЕСЕ ТІРІЛДІ
Айтқанын екі етпеді; сөзін жерде қалдырмады. * Қыдыш. Уә, кімге келдің? Не деп тұрсың, түге! Мұнда кім отырғанын көрмеймісің? Бұл Кәкең. Қазақтың ақжүрек азаматы, басшың міне! Сендерге айтпақ сөзі бар. Тыңдамас, андамас болар ма! Осы өл десе өліп, тіріл десе тірілмекпіз бәріміз де. О несі екен улап-шулап, үлгісі, ұстазы жоқ елдей. М.Әу.
ӨЛ ДЕЙСІҢ БЕ (ДЕЙМІСІҢ?)
Қолымнан басқа не келеді д.м. * – Ол заңның шыққанына, біздің құлаққа тигеніне екі-үш-ақ күн болды, әке. Ести сала құс болып ұшқаным осы. Одан артық өл дейсіз бе? Жазықсыз күйдіресіз-ау тіпті кейде. О.Бөк. * Обалдағы-ай… Оу, тағы да ішсеңші. Бұл інді шайы ғой десем, «фермаға барам. Інді болса қайтейін, жарылып өл деймісің». М.Сүн. * — Өл дейсің бе енді маған. Барымды берем, жоқты жерден қаза алмаймын… С.См. * Киномеханик оның сөзін маса шаққандай елеп жатқан жоқ. Анда-санда шыбыннан желпінгендей: «Уа, маған не дейсің? Өл деймісің? He берді соны әкелдім. Көрмейміз десеңдер, кеттім»,— деп қалады күңк етіп. М.Сүн.
ӨЛ ДЕ МАҒАН
Не істесең де мейлі д.м. кейіс сөз. ~ Ой, тіліңе құлғана шықсын, ой, күйдіргі шықсын. Ой, оңбаған, тентіреген ит. Есік-есіктен, тесік-тесіктен өт. Өл де маған. Ол не қылғаны екен? Ж.Айм. ~ Тіпті қас-қабағыңа қарап үндемейін десем де қоймадың ғой, өл де маған. М. Әу. ~ Әй, неге бақырайып тұрсың? Басыңа қонған баққа сенбейсің бе, өл де маған! С.См.
ӨКШЕСІНЕ ТҮСТІ
Ізіне түсті, артынан жүріп отырды, аңдыды. ~ Көксеңгірді мекен еткенімен тыныш ғүмыр кеше алмаған. Іздеушілер сан рет мұның өкшесіне түскен. Бірде тіпті қолға да түсіп қала жаздады. К.Жүн. ~ Көшеде келе жатқанда ту сыртына сұғын қадап, басқан-тұрғанын аңдитындай болады. Әйтеуір мұның із өкшесіне түсіп, аңдитын біреу бардай. Ө.Кәр. ~ Қайып хандыққа отырысымен Хиуадағы өзінің бұрынғы жауларының өкшесіне түсіп, оларды аямай көздерін құртады. АҚ «Арпалыспен..»
ӨКШЕСІНЕ ҚҰС ШЫҚПАҒАН
~ Капулетти.
Төрлетіңдер, мырзалар.
Өкшесіне құс шықпаған ханымды Таң атқанша қызу жұмыс күтіп тұр.
Не дейсіңдер, арулар, Бұдан кейін қайтып қызбас делебең. У. Шекс. (Ә.Кек.)
