Көмейін шерлі зар, күйініш қысты. * Аспан асты сол бөлменің бұрышындай құлазып бос қалған. Айналаның бәрі сұрқай, бұлыңғыр. Көкірегіне жетімдік ұялап, өксікке булықты. Т.Сәу. ~ Ғайнижамал шешесінің бауырына тығылған Гүлнәр өксікке булығып, тұншыға дауыс салады. Қ.Әл. * Мынау төңкерілген көк аспан астында жанашыр жақын жоқ, шырылдап жалғыз қалғанын сезген сайын өзегі қал-тырап, өксікке булықты. Т.Сәу. * Енді оған жалпақ даланың қай қуысына барса да бәрі бірдей. Өксік пен ыза¬ға булығып, беті ауған жаққа жүре берді. Т.Сәу.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨКСІК ӨМІР
Қайғы, шерге толы қапалы ғұмыр. * Не дейін саған… Оған жаздым. «Кешір.. Мүгедекпен өткізер өксік өмірім жоқ»,— деп мені ол кері тепті, қабылдамады. М.Сүн. ~ Ақшамда ару болып келеді де, Түн мені тартып кетед тереңіне. Жарыққа жаныңды үзіп жалтақтатқан, О да бір өксік өмір өреліге.Келе алмас тірілермен келісімге, Туған ұл мен шығармын — көр ішінде. М.Рай.
ӨКСІК БУДЫ
Шерлі уайым кеудесін жарды; солығын тоқтата алмады. ~ Ақылым сенен кем бе екен, қайратым сенен кем бе екен, — деді Мұқағали өксік буған етжең денесін игере алмай қалған ендігі сәтте. А.Сүл. ~ …әлденеше рет қайталанған мұңлы ерке саз еркiн төгiлiп, бiрте-бiрте гөй-гөйге ұласардай бебеулей жөнелдi. Аздап өксiк буғандай үн күмiлжiп шығады. Б.Алд. ~ — Жыламашы, Гүл! Әкесі үшін баласы жауап бермейді. Гүлбаданды одан сайын өксік буды. С.См. ~ Кеудеңді өксік буып, қапа қамап жатса да, өзіңді өр ұстауың, айналадағыларға асқақ көрінуің тектіге тән төзімділік пе, әлде өзіңді алдау ғана ма? Ж.Шағ.
ӨКСІК АТТЫ
Зар жылады, шерін тарқатты. * «О, шұнақ Құдай! Шұнақ Құдай! Көрсетпегенің осы ма еді? Осы ма еді маған!» деп іштей күңіреніп, бұлыңғыр лайсаң көкжиекке қарап жыларман боп өксік атты Пахраддин. С.Елу. * … осындай майда желісті әндерге көшіп, сәл тыныстап алатын әдеті сияқты. Мұнда да өзекжарды өкініш, қол жетпес арман өксік атады. Қ.Жұм. * «Күйшінің толғанысынан соны көр» дегендей қоңыр домбыра өксік атады. Т.Рыск. * … Айналайын әкемдей қайдан болсын, жар- жар- ау! — деп өксік ата шер төгіп, артта қалып бара жатқан ата- анасына қимас, ыстық сезімдерін арнайды. Қ.Жұм. * Дүниенің кезегін, баянсызын ол да байқаған сияқты. Қыстыға шерленіп, оқтын- оқтын өксік ата күрсініп қояды. Т.Рыск.
ӨКПЕСІНЕ ЖЕЛ БЕРДІ (КІРГІЗДІ)
Желіктірді, айдап салды. ~ – Жә, осы Шинжиаңдағы аз санды ұлттардың сорпа бетіне шығарын түрмеге жаптыруда, Шыңдубәннің өкпесіне жел беріп, қолтығына су бүркіп отырған, арғы беттің қызылдары– ау, сірә? Т.Рыс. ~ Міне, солай қытайдың бауырмал жұрты алыстан ғана қаламының шытырын құмарта естіген, ал енді болса сағынып көрген қолтумасын кезектеп қолқусырып қошаметтеп жатқанда мен әкем Біләлға бағышталған бақи дүниесінің сауабымен жүріп, жалғыз қадаулап сырттап қалғаным – ол кісінің өкпесіне жел кіргізді. Ж.Біл.
ӨКПЕСІН СҮЙРЕТТІ
Жанын салды, қиналды, діңкесі құрыды. ~ Жанжар. Үлкен олжасы сол: мынаның өзі ол байғұстың өкпесін сүйретіп, діңкесін құртатын болды. Ә.Әб. ~ Шалдың түрі болса анау, қойдың соңынан өкпесін сүйретіп, әрең жүргені?! Осының арқасы қозы жайдырып, жан сақтап отырғанымыз. К.Сег.
ӨКПЕСІН ҚОЛЫНА АЛДЫ
Асығып-үсігіп, жанталасты. * Шұрқырасып сабақтан тарағанда, Ішімізді аш тазы жалағанда. Өкпемізді қолға алып жетуіш едік, Ашық тұрса аңқайып қара қамба. М.Мақ. * Ақтамақта береке қалмады. Далаға қалай шыққанын, өкпесін қолына алып Досмағанбеттің үйіне қалай жеткенін білмейді. Н.Дәу. ~ Енді Жанат жүгірді, Өкпесін алып қолына. Бір жапырақ лыпа жоқ Бейшараның бойында. ҚАӘ «Болат, Жанат».
ӨКПЕСІН ҚАҚТЫ
Демігіп, ентігіп, дем алуы ауырлады. ~ – Шошып кеттім!.. – деді өкпесін қаққан өксікті зорға тежеп. – Жүрегім тас төбеме шықты. Жарылып кеткен шығар деп едім, Құдай сақтаған да, аман екен, әйтеуір… Сен ес болдың ғой… болмаса, қайтер едім? Шаруам бітер еді онда! С.Үс. ~ Не істерін білмей жарыла жаздап жүрген арланның сілесі қатқаны соншама, екі өкпесін қағып солығын баса алмай жиі-жиі тұрып қала берді. С.Ғабб.
ӨКПЕСІН АУЗЫНА ТЫҚТЫ
Есін кетірді. ~ Бойын билеген таңғажайып жан рақаты, өлермен құмарлық, беймәлім қорқыныш көңілінде құйындай үйіріліп, өкпесін аузына тықты. Т.Әбд.
ӨКПЕСІН АУЗЫНА ТІСТЕДІ
Барын салды, аянбады. ~ «Бағыңды армия» үкімет ауласына басып кіргенде дуалдан секіре қашқан Жін Шурін өкпесін аузына тістеп Шәуешекке жетті… Ғ.Біл. ~ — Айдап кетті… анау кетіп бара жатқан,— деп топалаңнан қорқып алаңдап отырған күзетші әйел қолын шошаңдатты. Сатан өкпесін аузына тістегендей олардың артынан үкідей ұшты. І. Жан. ~ Алайда, кеселге шалдыққан күйеулерін айыптап, ауруханада көптің көзінше құтпан айғырдай азынаған талай сұлу әйелді көрдік кой. Бұлардың өкпесін аузына тістеп айтысып жатқанын көрсең-ақ құйқа тамырың шымырлап кетеді. Н.Кел. ~ Қала сыртындағы аяғы жеткендер де, жел өкпесін аузына тістеп, алқына кеп, алаңға ат басын тіреген. Т.Рыск.
