Құшағын жайды. ~ Әйел ренжіген жоқ; қайта еркекті арбағысы келген ұрғашылардың ежелгі мекерлігіне бағып, омырауынан итергенге қарамай, өкпесін ала ұмтылып жатыр: – Жаным, кешір… Ә.Нұрп.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨКПЕСІ ТАРҚАДЫ
Көңілі жайланып, реніші басылды. ~ — Келді ме? Әлде өкпесі тарқаған жоқ па?— деп жымиды Савельев. Б.Тоғ. ~ Егер осылай істесеңіз, қазақтардың өкпесі тарқап, тең хұқықты бодан ел ретінде өзіңізге деген құрметі арта түскен болар еді. Қ.Жұм. ~ Көңілдегі жұмбағы шешілмей кетсе, уақасы жоқ. Тіпті, соның өзі жақсы. Кездескен болсақ, анығын айтсам… маған сенер еді, кешер еді екеуімізді де, бірақ… өкпесі тарқамас еді. Маған деген. М.Мағ. ~ Өте Тілеу (құлағын азалап) нағашы жұртына өкпелеп, Ақ-Мешіттегі ағайынына көшетін болады. Бipaқ, нағашы-жұрты (шектілер) жібермей кеуілін тауып, азар көрсетушіден, құлағының құнына бip қыз тегін алып бepiп, өкпесін тарқатып риза қылады. С.Ғабб.
ӨКПЕСІ ӨШТІ
Шаршап-шалдықты, демікті, тынысы тарылды. * Орағытып жол таба алмай , өкпем өшіп келе жатқанда аттың тықыры , тықыл жолда сүйреткен сойылдың даңғыры естілді. Ж.Айм. * Сондықтан ба, әйелі ілгері қарап тұрған күйі:- Мынау біреудің өкпесі өшіп келеді ғой. Тыныштық болса жарар еді! – деп үн қатқанда Сүйінғара оған жалт бұрылды. М.Әбдіх.
ӨКПЕСІ ҚАРА ҚАЗАНДАЙ
Қатты көңілі қалды; кек сақтады. * Бiтiспес дұшпаны – Сүлейменовтi саясына алғаны үшiн оған өкпесi қара қазандай. Кекiрейген ол неменi су түбiне жiберудiң талай сәтi түсiп едi амал не. Т.Сәук. * Балта ешкімнің «газик», «волга», «жигулилеріне» қызықпайды. Бірақ анау Берден мен Хайролла ағаларына әрине өкпесі қара қазандай. С.Смат. * Кеше «жеңеше», «апай» деп сызылып тұратын совхоздың игi жақсыларына деген өкпесi қара қазандай. Т.Сәук. * Ата қаз асығып аптығып, аузы-басы сыпсыңдап әлдебір өсекті соғып жатты, бірақ оның не айтып, не қойғанын өкпесі қара қазандай боп тұрған Каштанка түсінген жоқ. А.Чех. (Қ.Ысқ.) * Бірақ кішкентай қызының көз жасын сатып, өзгеріп отырған жеңгеме менің өкпем қара қазандай» дейді Жәнелдің ағасы. БАҚ
ӨКПЕСІ ҚАБЫНДЫ
Өкпе дертіне шалдықты. ~ Күрең марқа оқиғасы басталғалы, Шоқанның халы, өзінің халы, ордасының халы не боларына көзі жетпей, ой-санасын қараңғы тұман басып алған; өкпесі қабынып, жүрегі төмен тартып, демін зорға алып отырған. С.Мұқ. ~ Нұржамал апам «Бикенің өлімін кездескенде Исаға айт» деп тапсырды. «Өкпесі қабынып, содан төсектен тұра алмай қалыпты» деді. А.Жақс.
ӨКПЕСІ КҮЙДІ
Әбден шаршап, демікті, дем ала алуы қиындады. ~ Ендігі ең қызығы, машинаға бастыру ғой. Бірақ бұрынғы бір көрген тәжрибеде, қашан өкпесі күйіп жығылғанша қасқыр жалт беріп, машинаға бастырмайды… С.Мұқ. ~ Осымен әлде не заманда демігіп, өкпесі күйген Жамал қайта жетті. М.Әу.
ӨКПЕСІ АУЗЫНА ТЫҒЫЛДЫ
Қорқып, қобалжығаннан жүрегі қатты дүрсілдеп, өкпесі қысылды. * Алғысты үйіп-төгіп, қабын арқалап мықшындап үйіне қайтты. Жұман екі-үш шақырымдай жүрген соң, өкпесі аузына тығылып, дымы құрып, жүре алмады, отырды. Ж.Айм. * Қара мұрттың бетi сұрланған, көзi қанталап, танаулары желбiреп қозғалған icпemmeндi. Аяқ басуы қатаң, Ақбiлекке ұнамайды, жүрегi қысылып, өкпeci аузына тығылып барады. Ж. Айм.
ӨКПЕК ЖЕЛ
Ысқырына соғатын суық жел. * Құла дүз даладан соғатын сәске түстегі өкпек жел жер бауырлай қанатымен егіндіктің бетіндегі кілегейленіп тұрған жұқа қыртысты ұрып өтіп еді, көзді ашып-жұмғанша ұлпа топырақ аспанға көтеріліп төңіректі қара түнек лезде басты. З.Шаш. ~ Әсіресе таңға жақын, шөп басын қырау көміп, өкпек жел қатая түскен шақта діріл қағып, жанын қоярға жер таппайды. М.Мағ. ~ Тап қазір осы өкпек желді қазан айының орта шенінде бар мәселе сол үш тағанға байланып тұрғандай. Ұ.Досп.
Жанды қинайтын ауыртпалық, қиыншылық. Марғуаоңынан да, солынан да ұйытқи соққан толайым заманның өкпек желіне қарамастан небір қиын-қыстау қысталаң шақта да тағдырдың Мұқанға қосқанына еш өкінген емес. Ш.Құм. ~ Мойындай тұрып бұрынғы күйеуіне деген қимас сезімі күресіннен табылған алтын жамбыдай еш кіршіксіз таза сақталғанын, ұйқы-тұйқы тағдыр дауылы мен уақыттың өкпек желі мұжып тоздыра алмағанын, қайта жылдар өткен сайын су түбіндегі маржандай жарқырай түскенін ет жүрегімен түйсініп және торықты. Ө.Кәр. ~ Өкпек желдің әкесін өрде көрдік, Телегейді қақ бөлді тербеп ерлік. Шашымыз да ағарды, досымыздың Жылап тұрып талайын жерге бердік. Т.Молд.
ӨКПЕГЕ ҚИСА ДА, ӨЛІМГЕ ҚИМАЙДЫ
Ренжісе де, мүлде кетіспейді, қайтып оралады. — Мінезі қатты еді, өкпелеп кетпей ме? — Өкпеге қиса да, өлімге қимайды, оның аты «айрыла алмайды» деген сөз. Өкпелесе мейлі. Тарта берсін. Шын сүйсе, оралып келмей қоймайды. C.Мұқ. * Ағайынның азары болса да, безері болмас. Өкпеге қиса да, өлімге қияр деймісің? Ағайын елдің атқамінерлері қанша қатал болса да ауыр қаза үстінде оңдай қара жүректікке бара қоймас. С.Дос.
ӨКПЕ СЫЗЫ
Көңілдегі өкпе, кірбің. ~ — Қалжыңдаса да қалжыңның тасасында өзімсіне көлденеңдеп тұрған өкпе сызы леп берді. С.См. ~ – Сені мұндай дәті берік деп кім ойлаған… Біз мұнда қырылып қала жаздадық. Ал сенің тіпті бақайыңнан келетін емес қой? — деді даусынан өкпе сызы аңғарылып. Қ.Жұм. ~ Анау Бектемірге жел беріп, арызын жазып жөн сілтеуші сол! Сол бәлекет! — деп Мақан енді қызынып, Ғазиз Құлтановичке деген өкпе сызын да ұмытып, елеуреп сөйлей бастады. С.См.
