Әлдебір жерге тұрақтады, қоныстанды. ~ Ең соңынан есеп айырысқан негр Перри Эдуардты алып Мату-Гроссу штатының астанасы Куяба қаласына келді. Мұнда бір жыл тұрғаннан кейін, тағы да жұмыс іздеп, Бразилия қаласына, одан Сан-Паулуға келді. Одан Риоде-Жанейроға көшіп, жарты жыл қайыршылық тұрмыс кешкен соң, Эдуды ертіп, Америка Құрама Штаттарына келді. Ақыры Нью-Йоркке өкше тіреп, біржола тұрақтап қалды. Т.Әб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨКШЕ КӨТЕРДІ
Орнынан тұрды, аяқ басты. ~ – Дұғаң құрысын! Мені жарылқамай- ақ қой! Сенің кесірің! – деді Додай. Қожа көп отыра алмады, өкше көтеруге тура келді. Ж.Айм. ~ Бірақ Лене әкесін бет бақтырмай үйінен айдап шықты. Шал иығын тулатып: «жылансың, деген жыланның өзісің! » деп күңкілдеп өкше көтерді. Ж.Айм. ~ Шеге де ойланбастан өкше көтерді. Екеуі безіп барады сай жаққа қарай. С.Елу. ~ Ойда қалды. Жаңағы ең соңынан өкше көтерген бала не деп кетті өзі? Бір жақсы сөз айтты, ә! Жаңылмаса, «сен бәрінен биіксің» деді. Бірдеңе білетін неме. C.Нұғ. ~ Өткен ғасыр. Өлара мезгіл. Қыркүйектің қазанға қарай өкше көтерген кезі. Ө.Ор.
ӨКШЕ ІЗІ
Артта қалған күндер, өткен өмір таңбасы; шыққанжері. * Ханшәйі жарты сағаттан соң Қарабайлы станциясына өтетін керуен жолына кезіккен, сол минутта оған өкше ізінде қалған күйбең тірлігінен гөрі мына айдау апаратын алғы ғұмыры қызықты, тартымды тәрізденді. Ж.Нәж. * Жалпы, ішімдікке берілген адамның өкше ізі бітіп, өшіп отыратын сияқты. Ж.Нәж.Жүріп өткен жолы. * — Алматының қызы едімәуелде… — деп шайын құя отырып Рәуіш әңгімесін бастады, — сізді көргенде… бір ағайындыкіне барған жолым еді. Қазіргі өкше ізім де Алматыдан. Ғ.Слан. ~ Алдағы шоқыға дейін бірер шақырым бар еді. Жануарды еркімен жібере қоймай, ауыздықтап қасқырдың өкше ізіне түсіп келеді. К.Жүн.
ӨКШЕ АУДАРДЫ
Тұрған орынын ауыстырды, басқа жаққа көшті.
ӨКТЕМДІККЕ БАСТЫ
Басынды, күші асты.~ Уәкілдің қиналған жері осы болды. Немістерді Сталиннің бұйрығымен көшіріп жатыр деп айта алмайды. Айтса, басы кетеді. Енді уәкіл өктемдікке басты… Ш.Мұр. ~ “Баста дедім ғой шайқасты”. Тағы да құлжа өктемдікке басқан ұлыма итше қыңсылады. Мұнысы — жүні жығылғандығының белгісі. Ө.Кәр. ~ Үйірдегі тай-байталдарды бөліп әкетпекке омырау соқ өктемдікке басқан жас айғыр Торы төбел, Құла жиренді тайталаста жеңіп кетті де, тай-байталдарды алдына салып қуа жөнелді. Ө.Кәр.
ӨКТЕМДІК КӨРСЕТТІ (ЖАСАДЫ , ЕТТІ)
Күш танытты, басынды, зорлық қылды. ~ Оның үстіне халқын қорлап, өктемдік көрсетіп, он қарадан бір қараны зекеттеп, қынадай қырып жатысы мынау. А.Сей. ~ Көршілес уақ- найман елдерінің шұрайлы жерлеріне көктемде ерте көшіп, қонып алу, күзде ерте көшіп жылқысына жерін жегізу, қыста жылқысын қорыққа салып қою сияқты өктемдіктер көрсеткен. Т.Жұр. ~ Тіпті ауыл арасының ұсақ жанжалында да сан жағынан басым ата ұрпақтары аз аталы ауылдастарына өктемдік жасайтын еді. С.Мұқ. ~ Кәне, Нұрлан, үйге кір,— деп осы жерде өзім өктемдік еттім. С.Мұр.
ӨКТЕМ ҮН
Қаһарлы, зәрлі, айбынды дауыс. ~ Омыраулата осқыртып Көк теңбілін, Артымыздан саңқ етті өктем бір үн: «Ей, шірік! Қай жеті атаң көріп еді, Аттыны жаяу қуып жеткендігін?! М.Мақ. ~ Немесе күнделікті өрісі тар күйкі өміріне әлде бір жат дүниенің маған кел деп шақырған өктем үні келіп жетті ме екен? Дж.Лонд. ~ Билеушілер жоқ бүгін өктем үнді,Жадыраған жазында Келін міне, Көрдім ғой, Көңіліңнен көктеміңді. М.Айтқ. ~ — Тоқтат! — деді Лағыл өктем үнмен. — Қимылдасаң тіке атамын! Білесің ғой менің мүлт кетпейтінімді! Мылтыққа үйреткен өзің! Ө.Кәр.
ӨКТЕМ СӨЙЛЕДІ
~ – Не нәрсе? – деді Сикейрос кеудесін тағы да пулемет ленталары осып өткендей оспадар өктем сөйлеп. К.Мырз. ~ Сәлден кейін түйлігіп, орнынан көтерілді. Екі қолын алға созып тұрып, өктем сөйледі… С.Ом.
ӨКТЕМ МІНЕЗ
Сұсты, айбарлы, өр мінез. ~ Оның отқа құрысқан ескі тулақша қуарған жүзінде зымыстан қасірет пен өктем мінез арасындағы күрес айқын бейнеленген. О.Бальз. ~ Әншейінде өктем мінезді, иі қатты Долодов мына суық хабарды естігенде төбесінен жай соққандай болды. Н.Ақ.
ӨКСІКПЕН ӨТКЕН ӨМІР
Қайғы мен қиындыққа, шерлі зарға толы ғұмыр. ~ Суретші қайың қабығын сулап алып, содан бейне жасаған. Кепкен қабықтың түсі көзге оғаштау көрінгенмен көңтеріленген адам денесі туралы қаншалық ғаламат сезім тудырады десеңізші. Сол сурет «өксікпен өткен өмір» дегенді көз алдыңызға келтіреді. И.Друц. ~ Қазанғап күйші қазақ ауылындағы ескі әдет — ғұрыптық шырмауынан теңіне қосыла алмаған қыздардың тағдырын, өксікпен өткен өмірін «Балжан қатын» күйінде бейнелейді. БАҚ. ~ Жас өмірін өксікпен өткізген Ақбілектің Балташ сынды азаматпен көңіл қосып, Іскендірмен қайта табысуы жан жарасын жазып, нұрлы өмірге батыл, сеніммен қадам жасатады. Р.Тұрыс.
