Posted in

ӨКПЕ САЛДЫ  

Айыптады, кәнәлады. * «Біз құмадан туып па едік? Неге еске алып, есепке тұтпайды? Бізді күннен-күнге тоқалға құл қылып барады» деп, өз басыңа өкпе салып жүрмесін», — деді.  М.Әу.

Posted in

ӨКПЕ ЖҮРМЕЙДІ

Өкпелеудің жөні жоқ.~ ─ Біріншіден, кейбір жағдайда сол қыз автордың өзімен мінездес, сарапшылығым сәл жансақ басқан жерде соның обал-сауабын осынау жүрегі пәк пендеге жүктей салу да тиімді. Өйткені, қыз талғамына өкпе жүрмейді. «Қыз аузынан шыққан сөз ащы болса да пәк» деп Сафуанның өзі де жазған. Х.Ерғ. ~ Жан ашырлары: «Заманның ағымы сол болды, оған өкпе жүрмейдi, шырағым. Елдi ексеп есiңнен шығармағаныңа мың алғыс. Бас құрапсың, мұныңа да шүкiрлiк. Заман да түзелдi, тек адал терiңдi төксең болды, бәрi оңынан оралып тұрған жоқ па», – деп ақ тiлектер айтысқан. П.Дүйс. ~ Көпке өкпе жүрмейді. И.Сап. ~ ─ Есіңде болсын, Валя.  — Алмас әр сөзін салмақтап айтты.  ─  Жазықты адамға өкпе жүрмейді. С.Ом. ~ Соқпа дертке өкпе жүрмейді. С.См.

Posted in

ӨКПЕ АРТТЫ

Айып қылды; әлдебір жамандыққа жауапты санап, кек сақтады. * Тентек пен тебізді тыятын ата жолымызда да бар. Қара лақтарыңызды құрбандыққа қимай отырып, ертең бірер ауыл тарпымен құрып кетіп жатсамаған өкпеартпаңыздар. Ж.Шәк. ~ Аяның да бойжеткен ретінде маған өкпе артып, тәкаппарлана сөйлеуіне толық құқығы бола тұра, өзі бірінші қадам жасап, мені шақырып, осылай ағынан жарылып тұрғаны менің қырсық-мұздықтарымды ерітіп жатты. Ә.Рах. ~ Екеуі де менен бір өзгерісті байқайды да, сұрайды: «не болған?» десіп. Жасанды жымиямын да, қоямын. Кейде, мені жиындарына қоспайды, дегенмен баяғыша өкпе артпаймын. Ә.Рах.

Posted in

ӨКПЕ АРҚАЛАДЫ  

Ішіне реніш сақтады; кектенді. ~ Туыстарын табыстырамын деп жүріп, өзінің де «өкпе арқалағандай жайы бар. Ботаттың Жәніке Сарымен ірге айырысқанына да отыз жылға жақындаған екен. З.Шүк.

Posted in

ӨКПЕ-БАУЫРЫ ЕЗІЛДІ (ЕЛЖІРЕДІ)

Жаны ашып, жүрегі сыздады. ~ Күзден бастап мектепте оқисың, төртінші класқа түсесің, жаз шыққанда демалысқа келесің деп, сөйлер сөзін, жүріп-тұру жайын тағы бір рет пысықтап, өкпе-бауырым езіліп, медиенге бет бұрдым. М.Мағ. ~ Жан-жақтан халық жатқанда ағылып  Ит арқасы алыс қиян ауылға, Езілгенімен өкпе-бауыры Есебі бар-ау жыламауында.  К.Мырз. ~ Олар жоқтау айтқанда өліден өзгенің бәрі елжіреп, егіліп жылар болған; сай-сүйегіңді сырқыратып, өкпе-бауырыңды елжіретіп, жүрегіңді сыздатқан сол ұлы жоқтау қайда енді?  Ш.Ай.

Posted in

ӨКІРГЕН СИЫРДАЙ ШУЛАДЫ

У-шу, азан-қазан болды. ~ Оған біздің қасымыздағы жігіт тамсанып күбірледі. — Онысы несі, анығына жетпей, өкірген сиырдай шуласқаны? Ә-әй, қатын ит-ай, ақымақтығың осы-ay! — деді. С.Сей. ~ «Алаш» ділмарлары өздерінің кімді ату үшін оқ даярлап жатқанын былай тастап, өкірген сиырдай шулады. С.Сей.

Posted in

ӨКІРГЕН ӨГІЗДЕЙ БОЛДЫ

Бақырды, ұнамсыз, қатты дауыспен сөйледі. * Бұлардың бұл көріністерінен «бізді жұрт танып тұр ма екен?» деген кескін елестеді.— Жасасын хұррият!— дейді, өкірген өгіздей болып, Шамсутдинов бай. М.Дәул.

Posted in

ӨКІНІШКЕ ОРАЙ

Әттең-ай дегізетіні; бір жаманы, өкініштісі. ~ Адамдардан құстар тілін білген тек Сүлеймен пайғамбар ғана болған. Ал, бірақ өкінішке орай, адамдардың бәрі Сүлеймен пайғамбар емес. Ш.Мұр. ~ Бұндай күндер аздап та болса арқауың босап арқаң кеңитін күндер, өкінішке орай, сирек… Сирек… С.Ел. ~ Жоқ, өкінішке орай, бізге әзір «қазақтың сондай қаламгерінің жолында әлемнің оқырмандары жығылып не қырылып қалыпты» деген қуанышты хабар жетпей жатыр! С.Нұрж.

Posted in

ӨКІНІШ ӨЗЕГІН ӨРТЕДІ

Әлдебір ісіне күйінді, күйзелді, қапа болды, өкінді. ~ Ол апанын айлакер аңшыға алдырған арлан секілді ызалы еді. Соңына ерген жалғыз інісін осы сапарға ертіп шыққанына іші удай ашитын. Енді оның өліміне өзі себепкер болғандай өкініш өзегін өртеп шоқтай күйдіріп барады. Ү.Жәл.  ~ Қарашашты жазықсыз жәбірледі — ол анық, өкініш өзегін өртейді, амал не, айтылған сөз — атылған оқ. М.Қаб. ~ Айналада ат дүбірінен бөтен дыбыс жоқ. Қайыптың көкірегі шерге толып, өкініш өзегін өртеп, өксік ата зар құсып келе жатты. Ү.Жәл.

Posted in

ӨКІНІШ ӨЗЕГІН ӨРТЕДІ

Әлдебір ісіне күйінді, күйзелді, қапа болды, өкінді. ~ Ол апанын айлакер аңшыға алдырған арлан секілді ызалы еді. Соңына ерген жалғыз інісін осы сапарға ертіп шыққанына іші удай ашитын. Енді оның өліміне өзі себепкер болғандай өкініш өзегін өртеп шоқтай күйдіріп барады. Ү.Жәл.  ~ Қарашашты жазықсыз жәбірледі — ол анық, өкініш өзегін өртейді, амал не, айтылған сөз — атылған оқ. М.Қаб. ~ Айналада ат дүбірінен бөтен дыбыс жоқ. Қайыптың көкірегі шерге толып, өкініш өзегін өртеп, өксік ата зар құсып келе жатты. Ү.Жәл.