Posted in

ӨЗГЕСІН НЕ ҚЫЛАЙЫН

Басқасын айтып қайтем, бәрінен де маңыздысы осы емес пе д.м. ~ – Өзгесін не қылайын, бір пұт бидайын бір қойға бұлданып әрең беруші еді– ау. Енді біздің де аузымыз ақ нанға тиетін шығар, — дескен уытты сөздер ұшқын атады. Қ.Жұм.~  Өзгесін не қылайын, әсіресе өзіңнің Гүлбаршын жарыңды аламын деп отыз күн ойын, қырық күн тойын қылып, басып-көктеп бүгін кешке некесін қиятын күні, шырағым, тілімді алсаң, ертерек бар»,— деді. А.Сейд. («Алпамыс б.») ~ — Апыр– ай, өзгесін не қылайын, қолындағы алтынның, буда– буда ақшаға айналғалы тұрған ең байлықтың да қадірін білмейді ғой… Қ.Жұм.

Posted in

ӨЗГЕСІН ҚОЙШЫ (ҚОЯ ТҰР)

Басқасын ескермей-ақ қояйық д.м. ~ Қашан да болса, иелі дертке сенбейтін доктордың әдеті емес пе? Өзгесін қойшы, сөйлеп шатасатыны қорыққандық деген көпірдің көпірлігі ғой. Мұныкі иелі дерт ғой. С.Торы. ~ Өзгесін қоя тұрып, дәрігер Шпеттердің тәптіштей сұрағаны — аурудың жағдайы. Қандай жәрдем жасалғанын біліп алысымен, ол енді алда не істеу керегін қолмен қойғандай етіп ежелеп түсіндіре бастады. Н.Ақ.

Posted in

ӨЗГЕСІН БЫЛАЙ ҚОЙҒАНДА

Басқасын айтпағанда. * Өзгесін былай қойғанда, Жағатай  ұрпақтары мен моғолдарды соғыстыртпаған. І.Ес. ~ Есенейдің мол дәулетіне кірген Ұлпан, үйінде де, түзінде де мейлінше малынып киінетін. «Көңілін киіммен аулайын» деп ойлаған Есеней, қалай сәнденем десе де қолын қақпайтын. Өзгесін былай қойғанда, басынан тастамай киіп жүретін жалғыз сәукелесінің өзі, баға білетін адамдардың айтуынша айғыр үйір жылқыға тұратын. С.Мұқ.

Posted in

ӨЗГЕСІН АЙТПАҒАНДА

Басқа ештеңеге көңіл бөлмегеннің өзінде. ~ Жарайды, аз-маз ішіп алыпсың, қуанышың қойныңа сыймаған екен, тым құрса жарты күн бұрын телефон шалмадың ба? Өзгесін айтпағанда, Балжаннан ыңғайсыз деп ойламадың ба.  М.Мағ. ~ Бірақ альпинизм тарихында мұндай тәуекелдің мысалы көп қой. Өзгесін айтпағанда сегіз мыңдықтарға (биіктігі 8 мың метрден асатын шыңдарға) жеке көтерілген совет альпинистерін қайда қоямыз. Н.Ақ. ~ Ендеше, сол жалғыз ғана клеткадан, былайша айтқанда осынау тарыдай ғана бір түйіршік белоктан күллі организмдегі талшықтар; ет пен тері, сүйек пен сіңір, қан мен сөл, тіпті өзгесін айтпағанда жүрек пен ми, өкпе-бауыр не керек, әйтеуір іш құрлысындағы алуан түрлі мүшелердің – анасы сол жалғыз ғана клетка ғой. С.Ғабб.

Posted in

ӨЗГЕСІ НЕ КЕРЕК

Басқасын айтып қайтейін д.м. * Өзгесі не керек? Күнікейді айтсайшы! Аяғы жер басып келе жатқанын, сағым құшып келе жатқанын білмейді.  Ж.Айм. * Өзгесі не керек, күздігүні ала сәуледе балшық басуға түсе қалғаныңда шекеңнен өтеді ғой!  Ғ.Мүс.

Posted in

ӨЗГЕРІСКЕ ҰШЫРАДЫ

Құбылды; басқа кейіпке енді. * Аяғы ауыр екен, содан түсік тастады. О түгілі Оразбектің онсыз да оңбай біткен басы мен жіпсік көзінің орасан өзгеріске ұшырағанынан мұның өзінің де есі шыққан. Былайғылар не күлерін, не жыларын білмеді.  Н.Дәу. ~ Тілдің әрбір элементі көркем контекске ене отырып, сапалық өзгеріске ұшырайды. Ө.Айтб. ~ Кәбираның, әсіресе соңғы кездерде, қатты өзгеріске ұшыраған жан-күйін Бекайдар да көптен бері сезіп жүр. С.Ғабб.

Posted in

ӨЗГЕРІС КІРДІ

Бойында, мінезінде не өмірінде әлдебір бөтен нышандар пайда болды. *  Төңкерістен бері қазақ елінің басынан қандай күндер өтпеді? Тұрмысқа қандай өзгеріс кірмеді? Қазақ даласын көмірдей басып ақтар өтті. Оның артынан қызылдар келді. Қазақ даласындағы соғыс майданы ашылды. Мұның бәрі қандай із қалдырды? Осыларды қайсың жаздың? Ж.Айм. * Табиғатынан сабырлы, салмақты Панферовтың мінезіне де өзгеріс кіргендей. Т.Ахт. * – Аман деген адамның қырықтан асқан жасына дейін, ия осы жасына дейін бой бермей, бетпақтанып келгенмінезіне ұлы өзгеріс кірді; сірне болып қатқан сіңір дене иге малынған қайыстай ылжырап, балғадай жұдырығы жұмсарған-ай; өне бойының бальзаммен сылағандай балбырағаны-ай!  О.Бөк. * Нұрланның өміріне ұлы өзгеріс кірді. Бұрынғы бұйы- ғылық жоқ, бүкіл дүние аппақ… бейнебір ән салып тұрғандай тамылжиды. О.Бөк.

Posted in

ӨЗГЕЛЕРГЕ (БАСҚАЛАРҒА) САБАҚ БОЛСЫН (ДЕП,

Ескертпе, өнеге болсын. ~ Гавриловтың өзінің басын алу керек, — деді кенет қатуланып кетіп, — және өзгелерге сабақ болсын, бұл үкімді осындағы қашқын солдаттардың көзінше орындаған дұрыс. І.Ес. ~  Кеңес өкіметінің жарлығына қарсы шыққаны үшін, қарсы шыққанымен қоймай, кеңес өкіметінің уәкілін соққыға жыққаны үшін, сондай жазаға бұйырдым. Бұл — өзгелерге де сабақ болсын дедім. Б.Тоғ. ~ …екіншісін дүрелеп, мойнына жолдасының басын байлап, өзгелерге сабақ болсын деп бүкіл әскерін аралап шығуға бұйырды. І.Ес. ~ Қызық іс емес – бұзық іс! – деп Баһадұр қолын сілтеп қалды. – Мемлекеттің ісін былай сырып тастап, бетімен кеткен жас коммунисті жазалайтын тұс осы! Бұл басқалшарға да сабақ болсын!  Б.Тоғ.

Posted in

ӨЗ ҮЙІМ, ӨЛЕҢ ТӨСЕГІМ

Жұпыны болса да, қара шаңырағыңнан артық ештеңе жоқ д.м. ~ Қуанғаннан өз үйім-өлең төсегім – дүңгіршекке жеткенше табаным жер иіскемеген шығар.  Т.Сәу. ~ … сағынып елге оралғанда, «өз үйім, өлең төсегім» деп алып ұшып келгенде, бұндағы құлаған шаңырағың мен қураған дастарқаныңды көріп, о, Тәңірім, қандай күйге түсер екенсің! С.Ел. ~ Ол жерден бауырын көтере беріп: «Ой шіркін, өз үйім, өлең төсегім!» деп көзін ашып, бұрылып келгендерге қарады. Б.Қыд.

Posted in

ӨЗ ТІЗГІНІ ӨЗ ҚОЛЫНДА (ӨЗІНДЕ)

Билігін ешкімге берген жоқ. ~ Ол Құныскерейдің өз тізгіні өз қолында, өз еркі өзінде, жалпақ даланы жатар төсек, жан тербер жайлау етіп алшаңдай басып жүргеніне іші күйгендей болды.  Х.Ес. ~ Ақ патша ондайды басыбайлы боданына істер. Ал, біз, құдайға шүкір өз тізгініміз өзіміздегі басы еркін жұртпыз ғой, – деп салды.  Ә.Кек.