Істегенін алдына келтірді. ~ Ал әзірге… Ертең оның туған күні… Өз табағын өзіне тартып, «Масқара-а… Сен де алпысқа келіп қалдың ба, құдай-ау!..», – деп, өзі құсап өтірік күңіреніп, отырған жеріне құттықтап кіріп бармақпын. Т.Шап.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЗ ПАЙДАСЫНА ЖАРАТТЫ
Өз керегіне, кәдесіне қолданды. ~ Байлардың мүддесін қорғап. соның сойылын соққандар мұндай тартыстарды лезде өз пайдасына жаратып, қарапайым еңбеккер халықтың назарын негізгі нысанадан ауытқытып жіберуге тырысты. Б.Мом. ~ … қазір бүкіл Еуропа қырғын соғыс үстінде, бұл да осындай ел мен елдің арасындағы дүрдараздықтың кесірі, әрине, қазақ пен татар ешқашан соғыспайды, алайда, біздің арамыздағы болмашы түсінбестікті өзге алпауыт ұлттар зұлымдықпен өз пайдасына жаратуы әбден-ақ ықтимал, бұл үлкен құрбандыққа жол ашады.Ұ.Досп. ~ Жат жұртықтар басқа ұлттың құндылығын елеп, өз пайдасына жаратты. Ал бізге бұрышсыз үйіміздің киесін сақтап, иесін табатын кез келіп жеткен сияқты. Г.Талғ.
ӨЗ ПАЙДАСЫН КӨЗДЕДІ
Қара басының қамын ойлады. ~ Сауда адамында пәтуа жоқ, қазақ елін садақа етіп, өз пайдасын көздеп отырған сонау алыстағы Қоқан ханына сенгенмен не пайда? І.Ес.~ – Бұл үйде менiң қамымды ойлайтын ешкiм жоқ. Әркiм өз пайдасын көздейдi. Туған күнiңдi өткiземiз деген тек сылтау. Сол арқылы жер көрiп, сайрандап қайту әншейiн. Р.Рай.
ӨЗ ОРНЫН ТАПТЫ
Әр нәрсе (әркім) өзіне лайық орынды иеленді. ~ Үйдегі көнек, торсық, тегене, қазан – үлкенді-кішілі ыдыс түгелімен суга толтырылды, үш-төрт күнде ысталып, сәнін, түрін сақтамай, табиғи қалпымен бітеу тігілген мес саба да өз орнын тапты, ал құдық кісі бойы қол ұсынымға әрең жетті. М.Мағ. * У–шу саябырлап әркім өз орнын тапқандай мал да, адам да бірте–бірте тыныштала бастады. Осы кезде ауыл жақтан әлдене қараң етті. Т.Әбд. ~ Енді мынау дүние жалған тірліктен Бекет те тай тескен тебін құрлы қарайған өз орнын табуы керек сияқты. Қ.Ысқ. * Жазушының бірсыпыра шығармаларынан осынау жастардың өмірден өз орынын табуы жайлы оқып, тұшынамыз. Қ.Ерг.
ӨЗ ОРНЫ БАР
Әр нәрсе ретімен. * Бұл шаңырақта адам саны аз болғанмен, келімді-кетімді қонақ бас сайын бір бөлме, сөйте тұра Сиғат семьясына артық та емес, әp куыстың өз орны бар. Қ.Ысқ. * — Жә, егіле берме. Құдайға шүкір, баласыз емеспіз ғой. — Оның рас. Әйтсе де әр баланың өз орны бар. С.Досан. * Ән у а р . Әрине, әндерің әлдеқашан жарасып жүр ғой. Ал м а г ү л . Өмірде әркімнің өз орны бар. Ш.Айт. ~ Саяси лириканың да өз орны бар. Ш.Сар. ~ — Мәнсия, әр нәрсенің өз орны бар,- деді Сәргел бокалын соғыстыра салып кітапқа қайта үңілген оған.- Дастарқан басында ас ішіледі, кітап оқылмайды, ал стол басында, анау өз бөлмеңдегі, ас ішілмейді, кітап оқылады. Д.Ис.
ӨЗ ОРАЗА АШАРЫ ӨЗІНДЕ
Біреуге қарап қалған жоқ, күнін көре алады деген мағынада. * Сүйтіп Мамырбай ауылы екі ұдай партия болды. Бір жағы Өрік бастаған көршілердің қатыны: екінші жағы Ұрқия, Ақбілек бастатқан ауылдың көпшілігі. Ақсақалдікінен ішіп-жейтіні бар, кедейлердің қатыны Өрікке ауды; өз ораза ашары өзінде, кісіге жалынышты еместері Ұрқия мен Ақбілек жаққа шықты. Ж.Айм.
ӨЗ ОБАЛЫҢ ӨЗІҢЕ
Айтқанды істемесең өзіңнен көр; болған (болар) жәйтке өзің ғана кінәлісің (кінәлі боласың), өзіңді ғана айыпта д.м. ~ Айырмашылығы ─ ішкен-жегенін өзіңдікі. Ішің кеуіп өлсең ─ өз обалың өзіңе… Қ.Ысқ. ~ – Түсте мырзаның алдынан табыл. Кешіксең, не келмей қалсаң, өз обалың өзіңе! – деп зірк–зірк етті. А.Смай. ~ Өз пайдаңды білмесең, өз обалың өзіңе де… − әйел бұрқылдап-бұрқылдап кете барды. Н.Дәу. ~ ─ Сен шілдеханадан шыққан түні киіз үйдің ішінде дегеніңе жеткенде, мен сендік болатын едім, — деді бейтарап үнмен. ─ Өз обалың өзіңе. Т.Әб. ~ «Құшағыңды аш, қойыныңа ал! Оған көнбейді екенсің, тулайды екенсің, өз обалың өзіңе, Ждақайдан айырыласың, кәріне ілігесің» деп, салмақ салып келіп отыр. С.Ел.
ӨЗ ОБАЛЫ ӨЗІНЕ
Кінәлі өзі, өзінен көрсін д.м. ~ Өз обалы өзiне, шынын айтып, кiнәсiн мойнына алғанша аямай ұрып-соғыңдар. К.Сег. ~ — Несі қызық? Өз обалы өзіне. Жұмысқа аламын ба деп те ойлап жүр едім. Жұмысын тауыпты. Енді сол жұмысымен болсын, — деді Ақылбек күйініп.С.Олж. ~ Митиған, аласа, кемиек, көк көз біреу. Ия оны да қой, өз обалы өзіне, өз соры, өз бағы. Ж.Сәм.
ӨЗ НЕСІБЕСІ
Тағдыры, маңдайына жазылғаны, бұйырғаны. — Ол оңай, — деді көкем сонда. — Оң жақтан бастаймыз да, екі дестені біз алып, бір дестені сендерге қалдырамыз. Үштен бір ортақ сонда тура шығады. Кімге қандай десте түссе де, өз несібесінен көрсін. Б.Мом. ~Табиғат жоқшылары жылы төсегін қимай жатқан таң алагеуімде-ақ Мерген өз несібесінен бұйырған дала ырыздығының бірін жығып тастайды да, етін үңгіріне жеткізіп боршалап тастап, асықпай тұздап отырар еді. К.Сег.
ӨЗ МАҢАЙЫ
Өз жақындары, тілеулестері, ауыл-аймағы. * Таңдатса, білдірсе, Бақтығұл өз болысынан гөрі бөтенді алғысы келеді. Әйтеуір, жақынға түсетін күйге келсе де, бұрыннан келе жатқан әдетін — өз маңайын торымауды шарт көруші еді. Бүгін ол жолдың барлығынан еріксіз шыққандай болды. М.Әу. * Осыдан бес жыл бұрын Еменалының үйіне келіп Қожық қонып кеткенін естіп, бұған дейін бір ауыл болып бірге отыратын туған інісін өз маңайынан айдап тастаған. Содан бері інісіне де іші жылыған емес. Ғ.Мүс.
