Жанын күйдірді, жүрегін сыздатты. ~ Осының бәрi жүдеу сұрқай тiрлiктi одан сайын сүреңсiздендiрiп, өзегiн тырнады. Қараптан қарап жұртта қалғандай көңiлi құлазыды. Ә.Ыб. ~ Әбден зар мен шер боп кернеген кеудедегi әбiлет, ұлы келгенде еркiнен тыс өзегiн тырнап, иiнiн босатты. Ә.Ыб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЗЕГІН ТІЛДІ (ТІЛГІЛЕДІ)
Жүрегін сыздатқан, күйіндірген сезім туралы. ~ Іле табанымен басып тұрған жердің бедер-бейнесін есіне алып, аһұрған шарасыз күйініш өзегін тіліп ышқынып түсті. Т.Сәу. ~ Көзін қайта жұмған. Суық леп өзегін тіліп өткен: «Жаратқан-ай, мені екі нәрседен қақтың ғой: ажалым жаудан келмеді, бір ұл перзентке зар қылдың…» Н.Дәу. ~ Бірі — марқұмның жас кезіндегі аңғал мінезін, қызық қылығын айтып мәз, бірі өзек тілген өкінішті жаңғыртып, “жігіттің бағланы еді, асылым-ай” деп, сақалын уыстаған күйі ұзақ-ұзақ басын шайқайды. Т.Сәу. ~ Сумаңдаған суық ой өзегін тілгілеп жіберді. Тілгілеп жіберіп, бұл иттерден бәрін күтуге болады деп бебеу қақты. Н.Дәу.
ӨЗЕГІН ӨРТ ШАЛДЫ (КЕУЛЕДІ)
Жаны күйіп, күйінді, әлденеге күйзелді, қапа болды. ~ Нұртайдың жүрек тұсын нысанаға алып тартқан сарыжасы атқа тиді. Қартайғаны, кару қайтқаны ғой… Өзегін өрт шалғандай, өкініш ұшқыны көзінде жалт етті. З.Шүк. * Жаңа ғана көрінген анасының елесі, кір жуып кіндік кескен өлкесі бәр-бәрінің арт жағында қалып бара жатқанын білгенде, өзегін өрт шалды. Ж.Шәк. ~ Енді бір жылдары тамырына құрт түсіп, өзегін өрт кеулеп ақыры алыпты құлатып тынады.Құба дүзді меңіреу үнсіздік тұмшалайды. Д.Дос.
ӨЗЕГІН ЖҰЛЫП (ҮЗІП, СУЫРЫП) БЕРЕДІ
Жанын салады, ештеңесін аямайды, өлуге бар. * Тегінде, өзінің мінезі шатақтау ма десем, олай емес, өзім дегенге өзегін жұлып беруге даяр, нағыз жаны жайсаң жігіттің төресі болып шықты. З. Әбд. * Ал Салиха жеңгесі өзінен екі жас үлкен, он тоғыздың оңтайында, аралары бірер жас қана, өзі десе, өзегін жұлып берерлік шын жанашыры ғой. Ш.Құм. * Бала дегенде өзегін үзіп берер сол асыл қасиетіңіздің өзінде үлкен нығмет бар екен. Оған мына хадис дәлел: «Түн ортасында оянып, бала-шағасының үстін қымтап, елжірей қамқорын төккен әкенің барлық күнәлары кешіріледі». Б.Үсей. * Қысқасы, оның өлеңі өмірі, өмірі өлеңі еді. Иә, солай, өлең дегенде өзегін суырып беруге әзір, өндір таланттың соңында өлмес мұралары қалды. БАҚ.
ӨЗЕГІН БЕРДІ
Ықылас көрсетті, пейіл танытты, жақынға балады. ~ … әуелден басып айтқаны: «Тек шиырынды, сырыңды соларға қоспа! Олар өзегін берген болсын-ақ! Бірақ қыл мойынға тақағанда сені тастап, сытылып, ойнақтап шығады. Өз таразыларын бағады» деген. М.Әу.
ӨЗЕГІН (ӨЗЕКТІ) ЖАРЫП ШЫҚҚАН
Туған перзенті. ~ Тумағанның тынысы бөлек деген осы да. Өзегін жарып шыққан өз баласы болмағасын жандары аши ма, бұлардың, — деп бұркылдады Қарлығаш. С.Досан. ~ Оның баласы бұған бала болмас, бірақ Розаның мейлі, бұрынғы байынан болсын, өз өзегін жарып шыққан перзенті ғой. Н.Дәу. ~ Өзi мұңайғандай “Жалғыз келiп дүниеге жалғыз кетiп барады”. Артына қарайлайтындай кiмi бар? Өзектi жарып шыққан өлең-жыры қол бұлғап тұрғандай. К.Әм. * Ана-жүрек осылай деп зар иледі. Басқалар көндіккен сұмдыққа бұл көндіге алмады. Өзінің өзегінен шыққан жалғызды жаутаңдатып жау қолында қалдыруға жаны төзбеді. Ш.Айт.
ӨЗЕГІН (ӨЗЕК) ӨРТЕДІ
Әлдебір жағымсыз сезім жүрегін удай ашытты; қапа болды, қатты қайғырды, күйінді. * Сағыныш өзегін өртеп, Шоқан ал, жыла кеп, ал, жыла!.. Сол өксігін баса алсыншы, көрейін!.. С.Мұқ. ~ – Аға, а-ға, мен мұн-дам-ын. Ме-ні те-зі-рек құт-қар-ып ал! Сетерханның таныс даусы өзегін өртеп кеткендей болды. Ж.Шәк. * Бірақ Мүлкаманның әлгі сөзі жанына жайдың оғындай тиді, өзегін өртеді. Енді көзіне барша тірлік ұсқынсыз, сөлекет көрінді. Д.Досж. * Бұ да өзінің өзегін өртеген арманды айтып жеткізе алмай, мұңын домбыраға шағып, жасқа толы көзі бұлдырап отыр! Ә.Нұрп. ~ Абақты адамды естен тандырады, Өзекті өртеп, жүректі қан қылады … С.Мұқ. ~ Айға қарай тұмсығын көтеріп, шоңқиып отырды, біраз үнсіз қалған соң өзек өртердей созып – созып ұли бастады. М.Кәр. ~ Жігіттің мінген аты өзек өртейтін ащы дауыспен кісінеп қоя берді. М.Кәр.
ӨЗЕГІ ҮЗІЛДІ
Жүрегі елжіреп, көңілі босап, егілді, жаны шырқырады. ~ Жоғалар дем алысы мүлде сарқып, Маңдайын «уһ» дегенде жалын шарпып. Өзегі үзілгенше өксігенде, Лебізін ала алмайды қайта тартып. Шәк. ~ Бірақ сол туыстары жетім-жесір қалған отбасын көшіріп алып кетеді-ау деген зымиян ойдан Едігенің өзегі үзіліп кете жаздайды. Ш.Айт. ~ Ал, өзім дегенде өзегі үзіліп тұратын академигіңіз зиялы да емес. Ол тас жүрек диплом иесі, білім-ілімге бар жай ғана боқ қарын. М.Қаб. ~ Сүйе де білетін, күйе де білетін, үзеңгіге аяқ салып тұрып сұлулармен қоштасарда өзегі үзілетін қайран да қайран сол күндер… Ш.Айт.
ӨЗЕГІ ТАЛДЫ
Ашықты, аштықтан әлсіреп, көзі қарауытты. *«Жақсылардың» мәжілісі сондай «үлгілі» сөзбен дуылдап жатқанда, Қартқожа мұрнын қос- қосымен тартып, тершіп отыр еді. Қартқожаны елеп, аяқ берген кісі болмады. Жаңа ғана қойшыдан сүт ішкен, өзегі талып отырған жоқ. Бірақ өзгелердің санатынан қалдырып, өгей баладай елемегеніне қатты қапаланды. Ж.Айм. ~ Бізге сүйеніш керек, қарғам, онсыз өзегіміз талады, жете алмаймыз әкеңе… Н.Сер. ~ Қарны ашқан жолаушының іші ұли бастады. Өзегі талып, көзі қарайғандай. Т. Әлімқ. ~ Ертайды қатты сағынған кезде алып көретін. Ақыры жазғасалым, өзегі талып, көзі қарауытқан ұзақ күндердің бірінде сабақ соңынан жеді. М.Мағ. Әбден шаршап, болдырды. ~ Өзінің түлегі, әкеніңғана ұлы 7 емес, Отанның перзенті етіп өсірді. Аналар өзегі талып балаларын күтсе, мектептер мейірлі құшағын жазып қарсы алмай ма! К.Қаз. ~ Ұлы орыстық шовинизм мен еуропалық көзқарасты былай қойғанда, өзіміздің ақын бауырымыз Мұхтар Шаханов өзегі талғанша өтірік ғайбаттап Шыңғыс қағанның рухының алдында өзін өзі ақтай алмайтын күнаға батты. Қ.Ысқ. Өзек талып, жанымыз езіліп кетсе де халқымыз үшін бір қадам еңбек жасалынған сияқты… Ә.Ысқ.
ӨЗЕГІ КЕПТІ
Сусады, қаңсыды. * Мәңгі ұйқы, тәтті тынымға біржола шомып, нәрі суалып, өзегі кепкен өлі тамырларының еміс-еміс түйсігінде қалған қара орман, жасыл жәннаттың төрінде оянсам дейді…Т.Шап.
