Posted in

ӨЗ ЛАҒЫН ТЕКЕШІК ҚОЯДЫ

Өз адамын қолдайды, өзінікіне бүйрегі бұрып тұрады. ~ … артынша Шынжаң қазақтарына мін тағыпты. «Бұлар аға ұлттардан қалған азын-аулақ мәнсапты бөліске салғанға келгенде әр ауыл өз лағын текешік қоюға тырысып, қатты қырқысады екен» дейді. Ж.Шәк.

Posted in

ӨЗ ҚЫЗЫҒЫ ӨЗІНДЕ (ӨЗІМЕН)

Өз бетімен күн көруде; өзімен өзі болып, басқа ештеңеге көңіл аудармайтын адам туралы.  ~ Бірақ, Жаратқан әзірге оларға бұл бақытты сыйламады. Ерлі-зайыпты өмірдің алғашқы жылдарында өз қызығы өздерімен болып бала туралы ойламапты да. Е.Әлімж. ~ Менiң өз қызығым өзiмде болатын. Айнұрды жүре тыңдаймын. Ол құлағыма бiрдеңе құйып жатқанда көңiлiм мүлдем басқа жақты шарлап кетедi. Т.Әлж. ~ Қапар тың тыңдап еді, іштегілердің өз қызығы өзімен болып жатыр екен. Ө.Кәр. * — Ақтоқтының өз қызығы өзінде. Дәу де болса Ақанмен кетті, көйейсің. Кеше ұйқы ашайда қатай отыйған түйлейі жаман еді. С.Жүн. * Қамыс арасындағы құстардың барқылдаған, қанатымен су сабаған, тез–тез таңдай қаққандай тақылдаған әр түрлі дыбыстары бұлардың өз қызығы өздеріне жетіп жатқанын байқатқандай. Т.Әбд. * Ағаштың өз қызығы өзінде: жапырағы сыбдырлайды, бұтақтары тербеледі. Жаманшылық не, жақсылық не – Әулие ағаш білмейді. Т.Шап. * . Өткен-кеткен адамдармен де iсi жоқ. Өз қызығы өзiмен болып, ой теңiзiнде еркiн жүзiп жүр. Р.Рай.

Posted in

ӨЗ ҚҰНДАҒЫНДА ТҰНШЫҚТЫ

Ғұмыры тым қысқа болды, тумай жатып үні өшті. ~Тұтас мемлекеттік, жеке үкіметтікті аңсаған Алашорда 1917 жылдың желтоқсанында ресми түрде құрылып, Семей, Ақмола, Торғай, Орал, Сырдария, Жетісу, Ферғана, Самарқанд, Бөкей Ордасын барлығы тоғыз аймақтың бес миллионнан астам халқын бір тудың астына біріктіруді ойлады. Әйтсе де, 578 күн ғана өмір сүрген Алашорда өз құндағында тұншықты. БАҚ («Атырау»)

Posted in

ӨЗ ҚҰЛАҒЫНА ӨЗІ СЕНБЕДІ

Әлде бірдеңеге таң болып, естіп тұрғанна сенер-сенбесін білмеді. ~ — Қандай заңсыздық, қандай қылмыс? — деді әлі де мойымаған әрі өз құлағына өзі сенбеген Сындыбала. М.Мағ. * Ол кезде атын біреу біліп, біреу білмейтін бала сұлтан Әбілқайыр қазақ тізгінін ұстаған үш жорғаның біреуі қатарыма жүр деп шақырғанда өз құлағына өзі сенбей, жүрегі жарылып қуанған-ды. Ә.Кек. ~ Шығайбай қой шетінде қаққан қазықтай қалшиып қатты да қалды. Өз құлағына өзі сенбеді. П.Дүйс.

Posted in

ӨЗ ҚОТЫРЫН ӨЗІ ҚАСЫДЫ

Өз шаруасын күйттеді; өзіне тиісті істі өзі атқарды. ~ Қазақша айтқанда: қатын қашты, қарын ашты. «Өтпес пышақ, шабан ат, жаман қатын, осы үшеуі жігітті қартайтатын»,— деді де, өз қотырын өзі қасып, жатып алды. Кітап оқып еді, дәнеңе қонбады.М.Қаб. ~ «Ғылым жолын қумақ дейді, қуса қусын. Бірақ өз қотырын өзі қасуға жарамай жүрген жалаңаяқ бұған не күні түсіп тұр екен?  Т.Сәук. ~ Өз қотырын өзі қасып, өз демін өзі жұтқан жұрттың осыдан басқа тәубесі жоқ!  Қ.Ысқ. ~ Біреудің кесесін жамап, шәйнегін түптесе де сені асырайды. Өз қотырыңды өзің қасып, отын-суың бөлек, қайқайған қатын боласың. К.Қаз.

Posted in

ӨЗ ҚОЛЫН ӨЗІ КЕСПЕЙДІ

Өзіне қиянат жасамайды. * Өз қолын өзі кесе алмайТөбеден Құдай ұрғасын. Базарбайға бата алмай, Төлеген тірі тұрғасын. «Қыз Жібек». * Қызғаныш, жиреніш, өкініш, аяныш, ыза, қорлық — бәрі ұласып, оның тірі қалып, көзге күйік болғанына бармағын шайнап, зығырланар еді. Бірақ өз қолын өзі кессін бе? Ж.Айм. * Мұны естігенде орысы айналайын боп қалды. Бірақ өз қолын өзі кесе ме, «Құдайым-ай, ең болмаса орысқа шықпады-ау!» деп тулағанмен кейін келе «Е, әйтеуір, мұсылман екен!» деп амалсыз көңілдерін алдарқатқан болды. Т.Сәу.

Posted in

ӨЗ ҚОЛЫМЕН ӨТКЕРДІ

Басы-қасында болды, басшылық етті, ұйымдастырды.~ «Ши-амбының тойын Демежан өз қолымен өткеріпті. Қазақ-қалмақ, сарт-ноғай, сібе-солаң бас қосқанда, таңдау соған түсіпті» деген алыпқашты хабар ел ішіне дүпілдеп бұрын жеткен көрінеді.  Қ.Жұм.

Posted in

ӨЗ ҚОЛЫ ӨЗ АУЗЫНА ЖЕТТІ

Өз күнін өзі көре бастады, жағдайы оңалды, жұрт қатарлы өмір сүре бастады. * — Ии-и, уызға жарымаған көген көзім-ай! — Жайыла беріп, алдындағы адам жеті жасар жетімек емес, өз қолы өз аузына жете бастаған алпамсадай жігіт екенін бағамдады, тез тыйылды.М.Қаб. ~ Iзiнен ерген тұяғы өз қолы өз аузына жетіп, ат жалын тартып мінгенше жол көрсетіп, жүре тұру керек-ау, – деді. Б.Алдам. ~ Мамырлап жаныңнан сол өткенде ана, Болсаң да неткен әкім, неткен дана, Қаласың өзіңді бір бала сезіп Өз қолы өз аузына жеткен жаңа. Ж.Молд. ~ Бүгінгідей өз қолы өз аузына жетіп, егемендік алған тәуелсіз елдің азаматы  әлгілерге өз білігін енді тегін емес, тиісті пұлына сатып беріп, өз білік қуатын тағы да дәлелдеуіне мүмкіндік туды. Ғ.Әр. ~ Үй мен малға қарайды.  Баласы ат жалынан тартып мінгенше құйрығы жер иіскемейді.  Сақтаптың өз қолы өз аузына жеткенін көрген соң кескен теректей бір-ақ құлайды. Ә.Кек.

Posted in

ӨЗ ҚИСЫҒЫН БІРЕУДЕН КӨРДІ

Өз кемшілігіне басқа біреуді кінәлады, айыбын басқаға артты. * Осы мүйiзiңдi с…дi ал, ал деп қоймаған әлгi қақпас қатын ғой, — деп, Төребайқашанғы өз қисығын бiреуден көретiн әдетiне басып, ауылда қалған әйелiне ызалана бастады.  Б.Алд.

Posted in

ӨЗ ҚАТАРЫ

Құрбы-құрдасы, замандасы, теңдесі. ~ Күшігінен асыраған иттей қолында өскен өткір баланың өз қатары арасында күші басым, сөзі үстем екенін байқайтын. К.Қаз. ~ Орыс мектебін бітіріп, еркіндеу өскен өзбек қызының туды бітті жеңілтек мінезі оның өз қатарынан бұрын бұзылуына, ерте есеюіне себеп болған сияқты. К.Өтж. ~ Бәрі рас, бірақ ол кезде біз мұны ойлаған жоқпыз, себебі оны ойлауға мұршамыз да келмеді, бар қызық өз қатарыңның ішінде жүру, қол босай қалса, асыр салып ойнау деп білдік. Б.Тоғ.