Орайы келгенде; ретімен. * Е, дұрыс қой. Мұнайшы болса мұнайы бар жерге келеді де.-Өзіңіз қайдансыз?-деді Жанар да өз кезегінде үнсіз қала алмай. Ү.Жәл. ~ Сондай-ақ, өз кезегімде, өзіңнің де ар-намысыңды қорлағанымды қалайтыныңа шүбә жоқ. М.Серв.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЗ ЖӨНІНЕ КЕТТІ
Өз шаруасымен, өз жолымен кете барды. ~ Кіші бесін кезінде көштік. Қалашылар өз жөніне кетті. Мен қош айтысып, Баянға қарай аяңдадым. С.Сей. ~ Ханның әділ болғаны елдің бақыты ғой, деді Әсет осы арада сөзге араласып. Қоңыр ойының желісін түйіндеді. Ясукейдің сұсты түсінен шошыған бақсы үйден сүйретіле шығып, өз жөніне кетіпті… Қ.Тол. ~ Үш жарым күннен бері күйі бір, сыры бір боп келе жатқан адамдар мына үлкен қаланың түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып, әрқайсысы өз жөніне кетеді. Д.Ис.
ӨЗ ЖӨНІМЕН
Өз бетінше, өз шаруасымен. ~ Домбыра тарту, ән салу, өлең айту сияқты халықтың үйреншікті зауықтарына дейін күнә деп тыйғысы келген. Бірақ ұзын арқан, кең тұсауға қалыптанған қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған, шыдатпай үзіп, өз жөнімен жүре берген. Сондықтан жазу әдебиетпен қатар қазақтың ауыз әдебиеті жоғалмастан түгел күйінде сақталған. А.Байт. ~ Айсұлу Айназар кейпінің мұндай болғандығына азырақ жайсызданғандай оның бетіне қадала қарады. Айназардың бет-шырайы — өз жөнімен басқа оймен шұғылданып келе жатқандай көрінді. С.Сей. ~ Өмір-керуен тоқтамайды, өз жөнімен көшеді, Мағынасыз бұл жалғанда маңдайыңның соры батпан бес елі. С.Иман. ~ Вагонның сырғымалы есігін сызаттап қана ашып, сығалап қараймыз. Жұмыс киімін киген, әр қайсы өз жөнімен қарбаласып аяқтарын тез-тез басып, кетіп бара жатқан адамдар. Б.Соқ.
ӨЗ ЖАНЫН ӨЗІ ЖЕДІ (ЖҰЛЫП ЖЕДІ, КЕМІРДІ)
Уайымға салынды, әбігер болды, мазасызданды, азапқа түсті. * Бұл өз жанын өзі жеп, егеле таусылып отырғанда, Қарашашқа тегі рақат: ұйқысы сондай тез, қалай желкесі жастық сипаса, солай кірпігі ілінед. М.Қаб. * Не керек, қара терге түсіп, өз жанын өзі жұлып жеп, әбден зорыққанда барып, молдасоқына ентігіп ентігіп отырды да, аспандағы күнді нұсқап, он саусағын көрсетеді. С.Жүн. * Ж а ң ы л. Жұмыс жағынан не ойың бар? (Қоспан үндемейді. Пауза.) Осылай өз жаныңды өзің кеміріп жата бересің бе? Бір қаракет етпейсің бе? Т.Ахт.
ӨЗ ӘЛІНШЕ
Әліне қарай, шама-шарқы жеткенше. ~ Ауыл көркі де жаңа отаумен, қаладан оқып қайтқан азаматымен өзінше сәнденген тәрізді. Өз әлінше қонақ-қопсы, ойын-күлкі де бар. Бірақ, осылардың бәрі уақытша, бір желпіну тәрізді. С.Бег. ~ Балалар киізден, шүберектен жалғаған ала-құла кітап дорбаларын мойындарына асып, іліп алар тәуір киімдерін киіп, әрқайсысы өз әлінше бой түзеп келіпті. С.Ом.
ӨЗ ЕТІН ӨЗІ ЖЕДІ
Аштықтың құрбаны болды. ~ Мен болмасам да, осынау ез етін өзі жегелі жатқан ақтың білеуіттері елді тыныш қояр ма еді? Ж.Айм. ~ Өзі жаяу, қарны аш, Енді қайда барасың. Шошқа қалмақ қайтейін, Өз етін өзі жегенде, Неге талап аласың. І.Жанс. ~ Ұлт санасын сансыратқан сойқан зардабы еске түседі. Өз етін өзі жеген қазақтың тағдырдан тауаны қайтып, сағы сынды. С.Елу.
ӨЗ ЕТІН (ИЫҚ ЕТІН, ЕКІ ИЫҒЫН) ӨЗІ ЖҰЛЫП ЖЕДІ
Аласұрды, тыпыршыды, екіленді. ~ Онда баяғыдан бергі өз етін өзі жұлып жеген әуре-сарсаңның не керегі бар еді!? Ә.Кек. * Осы оқиғадан кейін тұйық судай іріп-шіріп, өз етін өзі жұлып жеген алып империя – Кеңес Одағы аумағында азаттық ұраны анық айтыла бастады. Т.Құсай. * Ұйқысыз дөңбекшумен таң атырам, Көз алдым кейде менің қара тұман. Екі иық етін кезек жұлып жеген, Көкжалдай көкке ұлып, аласұрам. А.Мұқ. ~ О да бір қонысқа бас қоса алмай Арқаның дөңінде, Хорезмнің ойында бет-бетіне бытырап жүр. Оларға тартса өз иығын өзі жұлып жеп, жаланып тұрар еді. Ә.Кек.
ӨЗ ЕСЕБІ ӨЗІНДЕ
Өз ойлағаны, іштей көздегені бар. * Ал, Неплюевтің өз есебі өзінде, «Бала секілді, бұлардың қуануы да, ренжуі де оп-оңай. Мұндай елді басқару қиынға түспейді. І.Ес. * Ойын он бөлген істің осынша тыныш шешілгеніне әсіресе, Мүсілім риза болды. Бәрін артығымен қайтарып алған Бәсібектің де іштей өз есебі өзінде болатын. С.Досж. * Бір-біріне айтпаса да, есептерінің ойдағыдай шыққанына әрқайсысы іштей сенімді болды. Ал, Хадишаның өз есебі өзінде болатын… С.Досж. ~ Бұларға тағы да нағашысы Абдолла болысады. Тоқал мен шалдың сөзін сөйлейтін Бейсембі «ақсақал». Бұның өз есебі бар. Бір жағы тоқалмен тамыр, екінші жағынан партияның бастығы. Есендікті өзіне жем қылғысы келеді. С.Саду.
ӨЗ ЕСЕБІ БАР
Өз ойы, ішіне бүккен мақсаты бар. * – Жұрттың бәрінен өйтіп дәмеленбей-ақ қой, оның үстіне, елі іргелес жатқан Нұре-кеңнің де өз есебі бар шығар, –деп, Жұман екі ұшты жауап берді. К.Сег. ~ Ал халқы қалап хан көтерген Ғұбайдолланың өкілдігін танудың тіпті ойға да алмай, ұзын арқан, кең тұсауға салуында орыс өкіметінің, сөз жоқ, өз есебі бар еді. С.Ақт.
ӨЗГЕРІС КІРДІ
Бойында, мінезінде не өмірінде әлдебір бөтен нышандар пайда болды. * Төңкерістен бері қазақ елінің басынан қандай күндер өтпеді? Тұрмысқа қандай өзгеріс кірмеді? Қазақ даласын көмірдей басып ақтар өтті. Оның артынан қызылдар келді. Қазақ даласындағы соғыс майданы ашылды. Мұның бәрі қандай із қалдырды? Осыларды қайсың жаздың? Ж.Айм. * Табиғатынан сабырлы, салмақты Панферовтың мінезіне де өзгеріс кіргендей. Т.Ахт. * – Аман деген адамның қырықтан асқан жасына дейін, ия осы жасына дейін бой бермей, бетпақтанып келгенмінезіне ұлы өзгеріс кірді; сірне болып қатқан сіңір дене иге малынған қайыстай ылжырап, балғадай жұдырығы жұмсарған-ай; өне бойының бальзаммен сылағандай балбырағаны-ай! О.Бөк. * Нұрланның өміріне ұлы өзгеріс кірді. Бұрынғы бұйы- ғылық жоқ, бүкіл дүние аппақ… бейнебір ән салып тұрғандай тамылжиды. О.Бөк.
