Posted in

ӨЗ ҚАМЫТЫН ӨЗІ СҮЙРЕТТІ

Басына түскен ауыртпалықты өзі көтерді; маңдайына жазылған тағдырды кешті д.м. * Қазақ жазушыларының арасынан «қолбалаға» жарыған ешкім жоқ. Әркім өзінің киген қамытын өзі сүйретіп келеді. Т.Жұрт.

Posted in

ӨЗ ҚАДІРІН БІЛЕДІ

Намысы бар, өзін ешкімге қорлатпайтын, ешкімнің алдында басын төмендетпейтін адам туралы. ~ Роксана, шындығында да, жұтынып тұр, аздаған ғана бас асаулығы бар, онысы өз қадірін білгендігінің белгісі сияқты, жалынан еркелете сипасаң тез тыншиды. А.См. ~ «Өгізден қара шолақты, баладан Әкімді бермесеңдер, соқаға бармаймын» деп отырып алды. Өз қадірін, өз салмағын білетін әйел бұл тілегін орындататынына сенімді еді. К.Қаз.

Posted in

ӨЗ ҚАҒЫНАН ЖЕРІДІ (ЖЕРІНДІ)

 ~ Әр түрлі себептермен бір-екі жылдан бері Мұрат «қағынан жеріп» жүр. Т.Ахт. * … құлақ естіп, көз көрмеген жаққа саяқтанасың, бәрібір сені қуып жетеді, іздеп тауып алады… Қыл аяғы туған анаң өз қағынан жеріп, әр басқан қадам, еткен еңбегіңнен харамдық іздейді. О.Бөк. ~ Бұрын бәрін орысқа, Совет өкіметіне жабушы едік, енді кімнен көреміз? Өз қағынан жерінетіндей не көрінді бұл қазаққа, түсінбеймін…Т.Сәу. * Жақсы әуенде жаттық жоқ, әлбәттә. Бірақ көңілге біртүрлі екен, өз қағынан жерігендерге күйініп, кектеніп қалдым:  – Мынаның қазақша бір ән айтса, аузы қисайып қала ма екен?!. Т.Сәу. * Бұрын бәрін орысқа, Совет өкіметіне жабушы едік, енді кімнен көреміз? Өз қағынан жерінетіндей не көрінді бұл қазаққа, түсінбеймін… Кешір, айналайын, сапылдап саған шай ішкізбедім ғой… Т.Сәу.

Posted in

ӨЗ КҮНІН ӨЗІ КӨРДІ

Өзін-өзі асырады, біреудің қолына қарап қалған жоқ. ~ Денсаулық болса, өз күнін өзі көріп, ешкімге кеудесін бастырмақ емес… Ш.Ай. ~ Шырағым–ау, қасқырдың бөлтірігі де бір ауызданғаннан кейін, өз күнін өзі көреді, – деді Қалаған… Т.Әбд.

Posted in

ӨЗ КҮЛШЕСІНЕ КҮЛ ТАРТТЫ

Қара басының қамын күйттеді; өзіне тартты. ~ Бірақ солардың бірде-бірі үстіңде жарқыраған осынау көл-көсір кең аспанша барша жанға бірдей көңілі исініп, ықыласын алдына жайып тастамаған. Әркім өз күлшесіне күл тартқан заман.  Ә.Нұрп. * Әркім күлді өз күлшесіне тартады. М-М. * Бір күндік шолақ тірлікті күйттеп, әркім өз күлшесіне күл тартумен әбігер. Кеңінен ойлап, кемеңгер ой түйетін жан қалмағаны ма сонда?  Ә.Асқ.

Posted in

ӨЗ КӨРДІ

Жақынға балады; бөтенсімеді. * Қара қыпшақ Қобыланды,Алып жауға бармасын. Өзімнен қалған жақсыны, Жат көрмесін! Өз көрсін!  А.Байт.  («Қобыланды б.»)

Posted in

ӨЗ КӨЗІНЕ СЕНЕРІН ДЕ, СЕНБЕСІН ДЕ БІЛМЕДІ

Әлденеге таң қалып, дал болды. ~ Міне, ғажап… Жолбай өз көзіне сенерін де, сенбесін де білмеді. Әсиланың үйінен қораға қарай біреу шықты. Асыға басып, жолсызбен омбылап тура тартып келеді. Шынымен соның өзі ме? С.Мұр. ~  Кездейсоқта кесек алтын тапқандай қуанған оқырман қауым мұхиттың тұңғиық түбіндей мағынасы терең әңгімені жасы әлі он тоғызға да толмаған газет тілшісінің жазғанына сенерін де, сенбесін де білмей алғашқыда абдырап қалған. А.Кеңш.

Posted in

ӨЗ КӨЗІНЕ (ӨЗІ) СЕНБЕДІ

Таң болды; қайран қалды. * «Ой, Алла-ай, осы шынымен өңім бе, әлде түсім бе» деп өз көзіне өзі сенбеген Нұрдәулет алғашында абдырып үнсіз тұрып қалды. * Өшіп қалған қол телефонның қуатын толтырып қосқан кезде өз көзіне өзі сенбеді. Бір кезде атағы әжептәуір болған актриса бар болғаны үш адамның номерін сақтапты. Ж.Шамұр. * Әуелде өз көзіне өзі сенбеген Дархан аспаннан адам жауғандай селтиіп тұрып қалған. О.Бөк. ~ Қарт өз көзіне сенбей оң қолының сыртымен көз ұясын сүйкелей қалды. Х.Ес. ~ …әдеті бойынша қасын кере қарағаны сол еді, басын көтерген күйі қатып қалды. Таңқалып, өз көзіне сенбеді. АҚ. «Таразы өмір». ~ Ол да жылы. Кенет шынашағының ұшы дір ете түскендей болды. Көзіне сенбеді. Т.Сәу.

Posted in

ӨЗ КІНДІГІНЕН (ТУҒАН)

Туған баласы, өз қаны. ~ Құдайға шүкір, мұнда келген соң да біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, еңбегін істеп жүріп жатыр. Өз кіндігінен жеті — сегіз бала бар. Қ.Жұм. ~ Өмірден түңіліп тұрғанда, өз кіндігінен бір ер ұрпақтың аман қалуын ойлаған әке, ағасына Мәдиярды аманатқа жіберген… Т.Рыск. ~ Шиттей баламен иен заимкеге жалғыз тастап кеткенде Настасьяға да ренжіген жоқтын, ол өз кіндігінен еді ғой… Қ.Ысқ. ~ Уақыттың мезгілсіз келген күзі, мезгілсіз кірген ызғары оны бөтен түгіл, өз кіндігінен туған баласының да бір ауыз жылы сөзінен ертерек айырған екен.  Қ.Ысқ. ~ … Боранқұлдың Зипәгүлден туған үлкен ұлы Отаршының хатынан да, өз кіндігінен туған Балқаштың тірі жүргендігінен де бейхабар отырған Мәлике мына қуанышты лебізді естігенде аңырып отырып қалды. Ғ.Біл. ~ Суық та жат көзқарас… Өз кіндігінен туған баласына емес, жауына қарайтын жат көзқарас.. М.Қаб.

Posted in

ӨЗ КЕЗІНДЕ

Уақытында; заманы жүріп тұрған кездері. * Тамтықты сөзі жоқ, бірақ жала мен пәле іздеуге табаны әбден майдаланған сілімтік кісі еді. Оның өз кезіндегі қылықтарына бола, Ырымбай десе ауыл адамдары түгел иттің етінен жек көретін.   Т.Рыск. * Күздің соңғы кезінде мен Рязань түбіндегі бір деревняға, өз кезінде белгілі болған гравер Пожалостиннің мекен-жайына барып қоныс тептім.  К.Пауст.