Posted in

ӨЗ КҮНІН ӨЗІ КӨРДІ

Өзін-өзі асырады, біреудің қолына қарап қалған жоқ. ~ Денсаулық болса, өз күнін өзі көріп, ешкімге кеудесін бастырмақ емес… Ш.Ай. ~ Шырағым–ау, қасқырдың бөлтірігі де бір ауызданғаннан кейін, өз күнін өзі көреді, – деді Қалаған… Т.Әбд.

Posted in

ӨЗ КҮЛШЕСІНЕ КҮЛ ТАРТТЫ

Қара басының қамын күйттеді; өзіне тартты. ~ Бірақ солардың бірде-бірі үстіңде жарқыраған осынау көл-көсір кең аспанша барша жанға бірдей көңілі исініп, ықыласын алдына жайып тастамаған. Әркім өз күлшесіне күл тартқан заман.  Ә.Нұрп. * Әркім күлді өз күлшесіне тартады. М-М. * Бір күндік шолақ тірлікті күйттеп, әркім өз күлшесіне күл тартумен әбігер. Кеңінен ойлап, кемеңгер ой түйетін жан қалмағаны ма сонда?  Ә.Асқ.

Posted in

ӨЗ КӨРДІ

Жақынға балады; бөтенсімеді. * Қара қыпшақ Қобыланды, Алып жауға бармасын. Өзімнен қалған жақсыны, Жат көрмесін! Өз көрсін!  А.Байт.  («Қобыланды б.»)

Posted in

ӨЗ КӨЗІНЕ СЕНЕРІН ДЕ, СЕНБЕСІН ДЕ БІЛМЕДІ

Әлденеге таң қалып, дал болды. ~ Міне, ғажап… Жолбай өз көзіне сенерін де, сенбесін де білмеді. Әсиланың үйінен қораға қарай біреу шықты. Асыға басып, жолсызбен омбылап тура тартып келеді. Шынымен соның өзі ме? С.Мұр. ~  Кездейсоқта кесек алтын тапқандай қуанған оқырман қауым мұхиттың тұңғиық түбіндей мағынасы терең әңгімені жасы әлі он тоғызға да толмаған газет тілшісінің жазғанына сенерін де, сенбесін де білмей алғашқыда абдырап қалған. А.Кеңш.

Posted in

ӨЗ КӨЗІНЕ (ӨЗІ) СЕНБЕДІ

Таң болды; қайран қалды. * «Ой, Алла-ай, осы шынымен өңім бе, әлде түсім бе» деп өз көзіне өзі сенбеген Нұрдәулет алғашында абдырып үнсіз тұрып қалды. * Өшіп қалған қол телефонның қуатын толтырып қосқан кезде өз көзіне өзі сенбеді. Бір кезде атағы әжептәуір болған актриса бар болғаны үш адамның номерін сақтапты. Ж.Шамұр. * Әуелде өз көзіне өзі сенбеген Дархан аспаннан адам жауғандай селтиіп тұрып қалған. О.Бөк. ~ Қарт өз көзіне сенбей оң қолының сыртымен көз ұясын сүйкелей қалды. Х.Ес. ~ …әдеті бойынша қасын кере қарағаны сол еді, басын көтерген күйі қатып қалды. Таңқалып, өз көзіне сенбеді. АҚ. «Таразы өмір». ~ Ол да жылы. Кенет шынашағының ұшы дір ете түскендей болды. Көзіне сенбеді. Т.Сәу.

Posted in

ӨЗ КІНДІГІНЕН (ТУҒАН)

Туған баласы, өз қаны. ~ Құдайға шүкір, мұнда келген соң да біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, еңбегін істеп жүріп жатыр. Өз кіндігінен жеті — сегіз бала бар. Қ.Жұм. ~ Өмірден түңіліп тұрғанда, өз кіндігінен бір ер ұрпақтың аман қалуын ойлаған әке, ағасына Мәдиярды аманатқа жіберген… Т.Рыск. ~ Шиттей баламен иен заимкеге жалғыз тастап кеткенде Настасьяға да ренжіген жоқтын, ол өз кіндігінен еді ғой… Қ.Ысқ. ~ Уақыттың мезгілсіз келген күзі, мезгілсіз кірген ызғары оны бөтен түгіл, өз кіндігінен туған баласының да бір ауыз жылы сөзінен ертерек айырған екен.  Қ.Ысқ. ~ … Боранқұлдың Зипәгүлден туған үлкен ұлы Отаршының хатынан да, өз кіндігінен туған Балқаштың тірі жүргендігінен де бейхабар отырған Мәлике мына қуанышты лебізді естігенде аңырып отырып қалды. Ғ.Біл. ~ Суық та жат көзқарас… Өз кіндігінен туған баласына емес, жауына қарайтын жат көзқарас.. М.Қаб.

Posted in

ӨЗ КЕЗІНДЕ

Уақытында; заманы жүріп тұрған кездері. * Тамтықты сөзі жоқ, бірақ жала мен пәле іздеуге табаны әбден майдаланған сілімтік кісі еді. Оның өз кезіндегі қылықтарына бола, Ырымбай десе ауыл адамдары түгел иттің етінен жек көретін.   Т.Рыск. * Күздің соңғы кезінде мен Рязань түбіндегі бір деревняға, өз кезінде белгілі болған гравер Пожалостиннің мекен-жайына барып қоныс тептім.  К.Пауст.

Posted in

ӨЗ КЕЗЕГІНДЕ

Орайы келгенде; ретімен. * Е, дұрыс қой. Мұнайшы болса мұнайы бар жерге келеді де.-Өзіңіз қайдансыз?-деді Жанар да өз кезегінде үнсіз қала алмай.  Ү.Жәл. ~ Сондай-ақ, өз кезегімде, өзіңнің де ар-намысыңды қорлағанымды қалайтыныңа шүбә жоқ. М.Серв.

Posted in

ӨЗ ЖӨНІНЕ КЕТТІ

Өз шаруасымен, өз жолымен кете барды. ~ Кіші бесін кезінде көштік. Қалашылар өз жөніне кетті. Мен қош айтысып, Баянға қарай аяңдадым. С.Сей. ~ Ханның әділ болғаны елдің бақыты ғой, деді Әсет осы арада сөзге араласып. Қоңыр ойының желісін түйіндеді. Ясукейдің сұсты түсінен шошыған бақсы үйден сүйретіле шығып, өз жөніне кетіпті… Қ.Тол. ~ Үш жарым күннен бері күйі бір, сыры бір боп келе жатқан адамдар мына үлкен қаланың түкпір-түкпіріне тарыдай шашылып, әрқайсысы өз жөніне кетеді. Д.Ис.

Posted in

ӨЗ ЖӨНІМЕН

Өз бетінше, өз шаруасымен. ~ Домбыра тарту, ән салу, өлең айту сияқты халықтың үйреншікті зауықтарына дейін күнә деп тыйғысы келген. Бірақ ұзын арқан, кең тұсауға қалыптанған қазақ шариғаттың тар тұсауына үйрене алмаған, шыдатпай үзіп, өз жөнімен жүре берген. Сондықтан жазу әдебиетпен қатар қазақтың ауыз әдебиеті жоғалмастан түгел күйінде сақталған. А.Байт. ~ Айсұлу Айназар кейпінің мұндай болғандығына азырақ жайсызданғандай оның бетіне қадала қарады. Айназардың бет-шырайы — өз жөнімен басқа оймен шұғылданып келе жатқандай көрінді. С.Сей. ~ Өмір-керуен тоқтамайды, өз жөнімен көшеді, Мағынасыз бұл жалғанда маңдайыңның соры батпан бес елі. С.Иман. ~  Вагонның сырғымалы есігін сызаттап қана ашып, сығалап қараймыз. Жұмыс киімін киген, әр қайсы өз жөнімен қарбаласып аяқтарын тез-тез басып, кетіп бара жатқан адамдар. Б.Соқ.