Өз шаруасын күйттеді; өзіне тиісті істі өзі атқарды. ~ Қазақша айтқанда: қатын қашты, қарын ашты. «Өтпес пышақ, шабан ат, жаман қатын, осы үшеуі жігітті қартайтатын»,— деді де, өз қотырын өзі қасып, жатып алды. Кітап оқып еді, дәнеңе қонбады.М.Қаб. ~ «Ғылым жолын қумақ дейді, қуса қусын. Бірақ өз қотырын өзі қасуға жарамай жүрген жалаңаяқ бұған не күні түсіп тұр екен? Т.Сәук. ~ Өз қотырын өзі қасып, өз демін өзі жұтқан жұрттың осыдан басқа тәубесі жоқ! Қ.Ысқ. ~ Біреудің кесесін жамап, шәйнегін түптесе де сені асырайды. Өз қотырыңды өзің қасып, отын-суың бөлек, қайқайған қатын боласың. К.Қаз.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨЗ ҚОТЫРЫН ӨЗІ ҚАСЫДЫ
Өз шаруасын күйттеді; өзіне тиісті істі өзі атқарды. ~ Қазақша айтқанда: қатын қашты, қарын ашты. «Өтпес пышақ, шабан ат, жаман қатын, осы үшеуі жігітті қартайтатын»,— деді де, өз қотырын өзі қасып, жатып алды. Кітап оқып еді, дәнеңе қонбады.М.Қаб. ~ «Ғылым жолын қумақ дейді, қуса қусын. Бірақ өз қотырын өзі қасуға жарамай жүрген жалаңаяқ бұған не күні түсіп тұр екен? Т.Сәук. ~ Өз қотырын өзі қасып, өз демін өзі жұтқан жұрттың осыдан басқа тәубесі жоқ! Қ.Ысқ. ~ Біреудің кесесін жамап, шәйнегін түптесе де сені асырайды. Өз қотырыңды өзің қасып, отын-суың бөлек, қайқайған қатын боласың. К.Қаз.
ӨЗ ҚОЛЫН ӨЗІ КЕСПЕЙДІ
Өзіне қиянат жасамайды. * Өз қолын өзі кесе алмайТөбеден Құдай ұрғасын. Базарбайға бата алмай, Төлеген тірі тұрғасын. «Қыз Жібек». * Қызғаныш, жиреніш, өкініш, аяныш, ыза, қорлық — бәрі ұласып, оның тірі қалып, көзге күйік болғанына бармағын шайнап, зығырланар еді. Бірақ өз қолын өзі кессін бе? Ж.Айм. * Мұны естігенде орысы айналайын боп қалды. Бірақ өз қолын өзі кесе ме, «Құдайым-ай, ең болмаса орысқа шықпады-ау!» деп тулағанмен кейін келе «Е, әйтеуір, мұсылман екен!» деп амалсыз көңілдерін алдарқатқан болды. Т.Сәу.
ӨЗ ҚОЛЫМЕН ӨТКЕРДІ
Басы-қасында болды, басшылық етті, ұйымдастырды.~ «Ши-амбының тойын Демежан өз қолымен өткеріпті. Қазақ-қалмақ, сарт-ноғай, сібе-солаң бас қосқанда, таңдау соған түсіпті» деген алыпқашты хабар ел ішіне дүпілдеп бұрын жеткен көрінеді. Қ.Жұм.
ӨЗ ҚОЛЫ ӨЗ АУЗЫНА ЖЕТТІ
Өз күнін өзі көре бастады, жағдайы оңалды, жұрт қатарлы өмір сүре бастады. * — Ии-и, уызға жарымаған көген көзім-ай! — Жайыла беріп, алдындағы адам жеті жасар жетімек емес, өз қолы өз аузына жете бастаған алпамсадай жігіт екенін бағамдады, тез тыйылды.М.Қаб. ~ Iзiнен ерген тұяғы өз қолы өз аузына жетіп, ат жалын тартып мінгенше жол көрсетіп, жүре тұру керек-ау, – деді. Б.Алдам. ~ Мамырлап жаныңнан сол өткенде ана, Болсаң да неткен әкім, неткен дана, Қаласың өзіңді бір бала сезіп Өз қолы өз аузына жеткен жаңа. Ж.Молд. ~ Бүгінгідей өз қолы өз аузына жетіп, егемендік алған тәуелсіз елдің азаматы әлгілерге өз білігін енді тегін емес, тиісті пұлына сатып беріп, өз білік қуатын тағы да дәлелдеуіне мүмкіндік туды. Ғ.Әр. ~ Үй мен малға қарайды. Баласы ат жалынан тартып мінгенше құйрығы жер иіскемейді. Сақтаптың өз қолы өз аузына жеткенін көрген соң кескен теректей бір-ақ құлайды. Ә.Кек.
ӨЗ ҚИСЫҒЫН БІРЕУДЕН КӨРДІ
Өз кемшілігіне басқа біреуді кінәлады, айыбын басқаға артты. * Осы мүйiзiңдi с…дi ал, ал деп қоймаған әлгi қақпас қатын ғой, — деп, Төребайқашанғы өз қисығын бiреуден көретiн әдетiне басып, ауылда қалған әйелiне ызалана бастады. Б.Алд.
ӨЗ ҚАТАРЫ
Құрбы-құрдасы, замандасы, теңдесі. ~ Күшігінен асыраған иттей қолында өскен өткір баланың өз қатары арасында күші басым, сөзі үстем екенін байқайтын. К.Қаз. ~ Орыс мектебін бітіріп, еркіндеу өскен өзбек қызының туды бітті жеңілтек мінезі оның өз қатарынан бұрын бұзылуына, ерте есеюіне себеп болған сияқты. К.Өтж. ~ Бәрі рас, бірақ ол кезде біз мұны ойлаған жоқпыз, себебі оны ойлауға мұршамыз да келмеді, бар қызық өз қатарыңның ішінде жүру, қол босай қалса, асыр салып ойнау деп білдік. Б.Тоғ.
ӨЗ ҚАМЫТЫН ӨЗІ СҮЙРЕТТІ
Басына түскен ауыртпалықты өзі көтерді; маңдайына жазылған тағдырды кешті д.м. * Қазақ жазушыларының арасынан «қолбалаға» жарыған ешкім жоқ. Әркім өзінің киген қамытын өзі сүйретіп келеді. Т.Жұрт.
ӨЗ ҚАДІРІН БІЛЕДІ
Намысы бар, өзін ешкімге қорлатпайтын, ешкімнің алдында басын төмендетпейтін адам туралы. ~ Роксана, шындығында да, жұтынып тұр, аздаған ғана бас асаулығы бар, онысы өз қадірін білгендігінің белгісі сияқты, жалынан еркелете сипасаң тез тыншиды. А.См. ~ «Өгізден қара шолақты, баладан Әкімді бермесеңдер, соқаға бармаймын» деп отырып алды. Өз қадірін, өз салмағын білетін әйел бұл тілегін орындататынына сенімді еді. К.Қаз.
ӨЗ ҚАҒЫНАН ЖЕРІДІ (ЖЕРІНДІ)
~ Әр түрлі себептермен бір-екі жылдан бері Мұрат «қағынан жеріп» жүр. Т.Ахт. * … құлақ естіп, көз көрмеген жаққа саяқтанасың, бәрібір сені қуып жетеді, іздеп тауып алады… Қыл аяғы туған анаң өз қағынан жеріп, әр басқан қадам, еткен еңбегіңнен харамдық іздейді. О.Бөк. ~ Бұрын бәрін орысқа, Совет өкіметіне жабушы едік, енді кімнен көреміз? Өз қағынан жерінетіндей не көрінді бұл қазаққа, түсінбеймін…Т.Сәу. * Жақсы әуенде жаттық жоқ, әлбәттә. Бірақ көңілге біртүрлі екен, өз қағынан жерігендерге күйініп, кектеніп қалдым: – Мынаның қазақша бір ән айтса, аузы қисайып қала ма екен?!. Т.Сәу. * Бұрын бәрін орысқа, Совет өкіметіне жабушы едік, енді кімнен көреміз? Өз қағынан жерінетіндей не көрінді бұл қазаққа, түсінбеймін… Кешір, айналайын, сапылдап саған шай ішкізбедім ғой… Т.Сәу.
