Бөтендік, жат мінез көрсету туралы. ~ Үйдене бөгеліп осы су қоймасының жасалғанына да бірталай жылдар өтіпті. Бірақ жетім баладай боп жүдеп жатқанының себебі неде? Ал сіздердің өгей шешедей өң бермей отырғандарыңызға қайран қаламын. С.Ғабб. ~ Алла сонысына қарай етегінен өрмесе де төрт қарғасын иiп бере салған. «Мама» деп шұрқырап, құрақ ұшады. Гүлжанның да оларға өгей шешедей тарамысша тырысып, жекiргенiн Гүлмира көрген емес. Ә.Ыб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨГЕЙ ҰЛ
Туған емес, жат, бөтен д.м. * Өстім мен қарабастың қамына епсіз, Өгей ұл мен емеспін үрдіс-тексіз. Өлеңнен басқа өнер қонбады, рас, Болса да дәмем менің шетсіз- шексіз. Т.Әлім. ~ — Саламат бол, балам. Аспандағы басын жердегі біздерге иген сен кім едің? — деді. — Мен өмірдің бір өгей ұлымын, атым Темір! Ә.Әб.
ӨГЕЙ СЕЗІМ
Жат көңіл. * Елизавета мен Алексей Москваның аяз буған көшесінде жат, бөтен адамдай біртүрлі өгей сезіммен айналасына жалтақ-жалтақ қарап келе жатты… Т.Сәук.
ӨГЕЙ ӨМІР
Жат тірлік, мейірімсіз, жылусыз кешкен ғұмыр. * Әкең хал үстінде деген хабарды оқығанда кез алдына бірден сол қоштасар күн келді, қоштасар сәттегі бейнесі келді, саусақтары қып-қызыл болып домбығып кеткен күректей қолдарын тізесіне қойып, орындықта бүгіліп отырған қалпы келді, бұның жүзіне тік қарай алмады ғой байғұс, өз бетіңмен күн көретін өгей өмірге бара ғой дей алмады, ілдалдалап күн кешерміз, туған үйінде қала ғой деп те айта алмады, көздерін алып каша берді емес пе байғұс? Ә.Тар. ~ Өмірге өгей боп қалудан қорқынышты нәрсе жоқ шығар. Өгей анаға жақсаң да, өгей өмірге ұнау мүмкін емес шығар. Н.Кел.
ӨГЕЙ ОРТА
Жат, бөтен, үйренбеген орта. * «Көрмегенiм ауыл болсын» деп артына топырақ шашып, бейнетi мол жабырқау тiрлiктен қашып қалаға келгенде қыр баласының пейiшке күмп ете қалары шамалы. Өгей орта, қырық қатпар жұмбақ дүние. Т.Сәук. * Қатары сиреп, қайраты кеткен кәрі уақытын сарқып, дүние ауса, несі әділетсіздік. Қайта қадірін кетіріп, болғанын-толғанын көрмеген өгей ортада өлексе сүйретіп жүріп алғаны қиянат болмай ма? Ә.Кек.
ӨГЕЙ КӨРДІ
Жатсынды. ~ Байбол. Қысқарт, Үрия. Өңшең нашар сөздер сенің аузыңа ғана түседі-ау. Үрия. Көндір қызыңды, өгей көрмесін мені. Ә.Тәж.
ӨГЕЙ КӨҢІЛ
Ішке тартпайтын, салқындығы байқалатын, бөтенситін жат пейіл.* Мен ол кезде ФЗО-да оқитынмын. Анда-санда келіп тұрдым. Жаман-жақсы болсын, ішімнен шықты-ау деген сезім жоқ. Жат, өгей көңілмен суық қабылдайтын. Т.Сәук.
ӨГЕЙ КӨЗ
Ұнатпаған, суық көзқарас. ~ Ойы сан-саққа кетіп, көкірегін әлдеқандай мұң торлап алған. Алыстан бұлдырап көрінген қала жаққа өгей көзбен тағы бір мәрте көз тастады. Н.Сам.
ӨГЕЙ БАЛАНЫҢ КҮЙІН КЕШУ
Запа шекті, қорлық көрді. * Біреуі некеге тұруға өтінішін беріп қойған еді. «Неге ғана өз астанамызда өзіміз өгей баланың күйін кешеміз? Ата-бабамыз жайлаған далиған кең жер бізге келгенде неге тарылып қалды екен? Қ.Түмен.
ӨГЕЙ БАЛАДАЙ
Бөтен, ұнамсыз, жек көрінішті. * «Жақсылардың» мәжілісі сондай «үлгілі» сөзбен дуылдап жатқанда, Қартқожа мұрнын қос-қосымен тартып, тершіп отыр еді. Қартқожаны елеп, аяқ берген кісі болмады. Жаңа ғана қойшыдан сүт ішкен, өзегі талып отырған жоқ. Бірақ өзгелердің санатынан қалдырып, өгей баладай елемегеніне қатты қапаланды. Ж.Айм. * Көрмеде қызықтауға қойғандай, бірінен бірі өткен мына бір импорт кілем, импорт стенка, мақпал жабындыға малынған импорт диван арасында осы күні бұ да өзін өгей баладай сезініп, отырса-тұрса да қысылып болатын. Ә.Нұрп. * Талай қалаларды шарласа да бір жерде қайтып оралатын тұрақты мекені болмай, неше түрлі адаммен жұмыс болса да жанашыр жақын досы болмай, ауыр еңбек істеп азапқа түспей, тұрлаусыз жеңіл кәсіптен рақат таппай Добрушкин өмірдің өгей баласы боп бұралқы тұрмыс кешті. Т.Ахт. ~ Дәл қазір жұлдызы жамыраған даланың өгей баласындай жатбауырлық сезініп, дүниені түгел тәрк етіп, жоғалып кетсе дейтін қытымыр ойға бейім. C.Смат.
