Жүзі суық, қатал, мейірімсіздік таныту туралы. * Өгей анадай түнерген аспанға Бұқар жырау түксие қарады. Ол бүгін де сапарға жалғыз шыққан. Кейде осылай жалғыз жүру жыраудың әдетіне айналған. І.Есенб. * Тағы да батырлар бас қосты. Жомарт қамшы тастады. — Ағайын, ойын-күлкі осымен тынды. Мына азуын ақситқан қауіпті барлығың сезіп отырған боларсыңдар. Өгей анадай түнерген аспаның таты да бұлт бүркеніп, төбеңнен төніп келеді. С.Смат.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨБЕК ҚАҚТЫ
Жаны қалмады; асты-үстіне түсті. ~ Осынау мүжіліп, жүрегі егіліп отырған пұшайман жанының көңілін қалай демерін білмей өбек қақты. Т.Сәук. ~ Өйбай шырағым, кешіре көр, кешір, — деп өбек қағып, ұшып кете жаздады. Қ.Ысқ. ~ Ол уақытта жанында өбек қағып жүрген бала-шағаға да, сырттан көңіл сұрай келген ағайын-туыс, дос-жаранға да бұл риза-тұғын. Д.Әш.
ОМЫРАУЫН АШТЫ
Ықылас білдірді, құшақ жайды. ~ Ебейсін шұрқырасып жатқан мына жуан дарға онша омырауын аша қоймады. Ә.Нұрп.
ОМЫРАУЫН ЖАСҚА МАЛДЫ (БОЯДЫ)
Ағыл-тегіл жылады. ~ Азап бар бұдан өткен басқа қандай, Шыдар ма омырауын жасқа малмай? Eгіліп, сахнадан кетті шығып, Екінші қайырмасын бастай алмай. Н.Айт. ~ Омырауы жасқа малынып, Көрінген құсқа жалынып, Ботасына зар күйін, Қайнаған іште бар күйін Жеткіз деп, жылап тапсырды Кемпір мен шалдың үйіне. Қаз.Ерт. («Бозінген»). ~ Баяндап бар сұмдықты бастан-аяқ, Мұң шақты тау мен тасты тастамай-ақ. Табиғат тұрды егіліп, жоқтау айтып, Kәpi жер омырауын жасқа бояп. Н.Айт.
ОМЫРАУЫН ЖАС ЖУДЫ
Егіл-тегіл жылады. ~ Аяғын артқа қарай ақырын басып, кейін шегініп кетті де Хадишаның жатқан бөлмесінің есігін жапты. Ұзын дәлізбен түпкірдегі өз бөлмесіне жеткенше омырауын жас жуды. С.Досж. ~ Білмеймін, әжемнің сөзінің қаншалықты жаны барын: «Шешең байғұс тап сол күні өлетінін сезді ғой… сездіі…» дейтін аһ ұра күрсініп, омырауын жас жуып. С.Мұр. ~ Не күлерiн, не жыларын бiлмейдi. Әйтеуiр, ағыл-тегiл жас омырауын жуып, бетi-жүзiн айғыздады. Қызының осында екенiне ендi нақты көзi жеттi. Ә.Ыб. ~ Қайғыдан қажала-қажала қасаң тартқан көкірегі өксік ата иығы селк-селк етіп егілгенде көз жасы омырауын жуып кетті. Ө.Кәр.
ОМЫРАУЫ ЕСІКТЕЙ
Кең, жалпақ кеуделі, ірі денелі, еңгезердей. ~ Омырауы есіктей дырау жігіттің шын аты ұмытылып, шым қара өңіне орай бейтаныс ел Қаражігіт атандырған. Ү.Жәл. ~ Саптыаяқтай ерінді, Қидасын кәрі жілікті, Омырауы есіктей, Ойынды еті бесіктей, Табаны жалпақ тарланды Таңбалап мінер ме екеміз?! Ақтанберді ж. ~ Астындағы Бурылдың, Жоғарғы ерні көк тіреп, Төменгі ерні жер тіреп, Жауған күндей күркіреп, Жаңбырдай тері сіркіреп. Омырауы есіктей, Ойынды еті бесіктей. «Қобыланды б.» ~ …Құз басына біткен шынардай, мызғымас берік Бөгенбай атының басын кейін бұрып алды. Астындағы омырауы есіктей биік күрең айғыр, орағыта бұрылды да, тұяғының астындағы құмды ошақтай ойып, қайтадан шапты. I.Ес.
ОМЫРАУЫ ДАЛАДАЙ
- Ұзақ жүріске төзімді, омырауы кең жылқы туралы. ~Астындағы омырауы даладай жирен қасқа айғырдын екі өкпесін қысқан тепкіден ентіге дем алған ауыр күрсінісі жетті құлаққа. М.Мағ. ~ Қарсы алдынан қараса, Омырауы даладай. Әлпетіне қараса, Тамнан соққан моладай. «Ер Тарғын».
Кең кеуделі, ірі денелі. ~ Көктемдегі добал аяқ, сабауқұйрық, шардақ қарын маубас күшік қазір үлкен тазыға айналған. Омырауы даладай боп, кеудесі іріленіп, іші тартылып, бойы кішігірім бұзауға жеткен. М.Мағ.
ОМЫРАУҒА САЛДЫ
Күш көрсетті, өктемдік танытты. ~ Жолаушы жөнін айта қоймай омырауға салып бара жатыр еді, солдат енді: — Әй, әй, тамыр,- деп найзалы мылтығын кеселеп тұра қалды. Ә.Нұрп. ~ Қартекең бұл жерде ойланбады. Ойланғанда, Нағашыбекті жеңетін сөзді табатын еді. Сондықтан ол: оны айтатын да сендер деген сияқты өктем өкім омырауға салып кетті. Ә.Әб.
ОМЫРАУҒА АЛДЫ
Алыса кетті.~ Сыртынан қаралы үйдің жетелеткен, Жолықтым келе жатып шөже дәуге. Соқырмен бір сөйлесіп қалайын деп, Сол жерде ала қойдым омырауға. Кемпірбай Бөгенбайұлы. ~ Торшолақ тауықты желкелеген әтешше Ақбақайды омырауға ала бастаған. С.Ел. ~ Жалындап жанған оттай құбылады, Тұрғандай асау толқын шыдап зорға. Ешкімнен сыр білетін талабы жоқ, Алғасын Қаршығаны омырауға. «Қыз Жібек».
ОМЫРАУ СОҚ
Менмендік, ожарлық. * … бірді-екілі бие соңындағы тентек айғырлардың басқа үйірге көз алартқан омырау соқ өктемдігіне шейін қырғы жолмен келе жатқан Қармыстың назарынан қағыс қалмады. Ө.Кәр. * Үйірдегі тай-байталдарды бөліп әкетпекке омырау соқ өктемдікке басқан жас айғыр Торы төбел, Құла жиренді тайталаста жеңіп кетті де, тай-байталдарды алдына салып қуа жөнелді. Ө.Кәр. ~ Оның үстіне осы күндері бітіспес жауы Қоракөктің үйірін дамылсыз торуылдап, тай-байталдары көпе-көрнеу алдына салып, қуа жөнелетін омырау соқ өктемдігі, тынышын кетіріп бітті. Ө.Кәр. ~ Ін сыртында бір-бірін қуалап ойын салған қос ынтыққа кеп ұрынған Жағалдың омырау соқ ожарлығы алым-перім жағаласқа ұласқанын биік шоқыдан бақылаған жігіттің көңілі орнында емес-тін. Ө.Кәр.
ОМЫРАУ ҚАЛТА
Төс қалта. ~ Домаланған қара жігіт жазу столына отырып, омырау қалтасынан тарағын алып, шашын тарады. Мойнындағы ақжағасын қолымен дұрыстап сипап қойды. Б.Майл. ~ … ескі сары шифоньердің есігін ашып, әкем тек мереке күндері ғана киетін қара костюмінің сол жақтағы омырау қалтасына қол саламын. Д.Әш. ~ Оқып болғаннан кейін генералдың хатын планшетіме салмай, төрт бүктеп гимнастеркамның омырау қалтасына жайғастырдым… Ә.Нұрш.
