Қарабайыр, бір қалыпты, өнімсіз тұрмыс. ~ Елден бұрын жеткендегі шыққан ұшпағым қайсы; баяғы өгіз аяң тірлік, қайта осы жолмен жүрмеген жұрттың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, жол қадірі жүргенде ғана білінбек, игілігін былайғы ел көрсін, бердім… О.Бөк. ~ Мына күйбең тірлікте немен айналысып жүрсіз? – Күйбең тірліктің ағысы бойынша ғұмыр кешіп жатырмыз. Таң мен кештің арасындағы қоңыр тірлік, өгіз аяң өмір ғой… Т.Таңжарық. ~ Не қуа алмадық, не қаша алмадық, озбадық та қалмадық, өгіз аяң тірліктің соңында тентіреп жүргеніміз. О.Бөк.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ӨГІЗ АЯҢ
Ілби басқан өнімсіз жүріс, қарабайыр тіршілік. ~ Қалашы жүрісі белгілі, өгіз аяң жылжып отырады. С.Бег. ~ Мезгіл сәске әлеті. Алда өгіз аяң ілбіген ұзақ күн бар.C.Елу. ~ Біздің өмір осылай құдай деп қарын сипап, өгіз аяңмен жайлап жүріп жатқан жай. М.Қаб. ~ Ағаш арасында пысуы жетіп қалған әредік- әредік ақ ерменнің елітерілік ащы иісі аңқып тұр. Аспанда долы жел түткен бұлттар сылбыр көшіп, өгіз аяңмен жылжиды. Т.Рыск.
ӨГІЗ АРБА
Өгіз жегілген көлік. ~ Ол да: «Күн ыстық, Дауқараға жетіп жығылуым керек еді», – деп асығыстық білдірген соң кездескен бетте кідірместен, екеуі өгіз арбамен жолға шыққан. Т.Әбд. ~ Кенет қораға тақап қалған өгіз арбаға көзім түсті. Мойынтұрықпен жегілген пар өгіз. М.Мағ.
ӨГІЗ (ӨГІЗДЕЙ) ҚАРА КҮШІ БАР
Күші мығым, әлеуетті. * Мен жұмыс істемегенде қамыр илеп жүрмін бе? Цементіңді ұндай шылаймын, тасты бидайдай ұнтаймын. «Өзіміздікі дегенде өгіз қара күшім бар». Б.Қыд. * Е, сенің өгіз қара күшің бар ғой! – деп күлді Елизаров. – Менің айтпағым ол емес еді. Жай, сөздің реті ғой. Иә, солай. Ш.Айт. * Мырзалардың жанындағы жұпыны киімділер алпамса жігіттің өгіз қара күшін дәріптеп, үш литр арақты суша сіміргенде буыны босамайтындығын, қырық пұт кірдің тасын оңай көтеріп, жүріп бара жатқан пар ат жеккен күймені артынан ұстай қалып, тыпыр еткізбей тоқтата салатынын жарыса айтады. А.Смай. * Ал сен ұнжырғаңды түсіре берме: ары кетсе бір жыл, әйтпесе одан да ертерек құлан таза жазылып, өгіздей қара күші бар мықты боласың. Ш.Айт.
ӨГЕЙЛІК ТАНЫТТЫ (КӨРСЕТТІ)
Дұшпандық қылды, бөтенсіді. ~ Баласынан хат келгенде барып, оны оңып, біліп Марғуа қатты күйзеліп кетті. Тасбауыр тағдыр бізге қашанғы өгейлік танытады деп налып, ұзақ жылады. Ш.Бейс. ~ — «Өгейлік көрсеттің» дегенін ғана сездім, басқасына мен де түсіне алмадым-ау. Мен бе Мәдинама өгейлік көрсеткен? Мен! Ә.Әб. ~ Бірақ дәм– ыризық біткен соң, амал не? Өмір бұған өгейлік көрсетті. Қ.Жұм.
ӨГЕЙЛІК ПИҒЫЛ
Жат, дұшпандық ниет. ~ Анау көрінген тас үйге барсаң, шешеңді табасың, — деген Аманжол. Айтса айтқандай, Торғын, Есенболмен жылап көрісті. «Күндесімнен туған» деп, өгейлік пиғыл байқатқан жоқ. Т.Рыск.
ӨГЕЙЛІК ҚЫЛМАЙДЫ
Жатсынбайды, алаламайды. ~ Ж а ң ы л. Соншама түңіліп немене. Бір сұмырайдан қорлық көрдім деп бүкіл елдің бетіне түкіресің бе? Тіпті жұқарып қалыпсың ғой өзің. Одан да сөзді қойып, колхозға көшеміз. Күрекке боқ табылмайды деп қорқасың ба? Ел іші алтын бесік, бізге де өгейлік қылмайды. Т.Ахт.
ӨГЕЙЛІК ҚЫЛДЫ
Зәбір көрсетті, озбырлық жасады. ~ Р а у ш а н (кектене). Бұдан соң сенен бала тумай ма екен? Сенің қатының өгейлік қылмай ма екен? Шеше өгейі әкеден кем болып па? Баламды бермен қарға секектеген. Ж.Айм. ~ Көршілес, қартаң қатынның бірін Айғыз да Бөжейдің бәйбішесіне жіберген. Оған: – Балама өгейлік қып отыр. Ақылы болса, ары болса, бүйтер ме еді? Күтімсіздікпен дертті қыпты, — деген кінәлар айтқызды. М.Әу.
ӨГЕЙЛІК КӨРДІ
Зәбір көрді, жапа шекті. ~ Ал жетіп алып тағы да тағдырдың талқысына түсіп өзге ұлттың емес, өз қазағының арасында отырып өгейлік көрсе, мұны қалай түсінеді. Ж.Шәк. ~ Т ө л е ш. Біз де енді достың достығы қандай, қастың қастығы қандай болатынын білетін болдық қой. Бейсембі не қылып отыр бүгінгі күні? Кімнің пайдасы тиетін болса, соның сойылын соғады. Әбділдә. Әрине, осындай, өгейлікті көрмесе, туысқаннан туысқан неге кетсін? Көрермін енді жайлауы жарасып отырғанын! М.Әуез. ~ Көргенім ылғи өгейлік, Қуанам неге тоқсынып. Жыл өткен сайын кедейлік, Жыл келген сайын жоқшылық. М.Мақ. ~ Ал, Ақтілеу әжесінің «аузынан түскен» өзі солардың арасында әлі күнге дейін өгейлік көріп келеді. Ой-өрісі, таным-білімі өскен сайын жатсынып кіріге алатын емес. Е.Әл.
ӨГЕЙЛІК ЕТТІ
Бөтендік қылды. ~ – Сіздерде ұлт тілін ысырып тастап, орыс тілінде жазатын жазушылар көп деп естідім. Өз тіліне өгейлік еткенде сонда өрісі кеңейе ме екен? С.Смат.
