Posted in

ОҚ ЖЫЛАН

Бірнеше метрге дейін атыла алатын жыланның бір түрі. ~ …Әлдекім сақ-сақ күлді. Жоқ, сақ-сақ күлкіден бұрын мойныма ұзындығы метр де, жіңішкелігі сантиметр оқ жылан орала кетті. Оқ жылан ысқырынады деуші еді, мынадан сылдырлаған әуезді үп шығады. Атып тұрдым. М.Қаб. ~ Сол кезде қара шұбар оқ жылан, тоқпақ басты топ жылан, алты құлаш су жылан, ала бауыр у жылан атып шығады қап ішінен. ҚЕ.

Posted in

ОҚ ЖАҢБЫРДАЙ ЖАУДЫ

Толассыз атылған, қарша бораған оқ туралы. * Екінші, күндіз немістер дамыл берген жоқ. Зеңбіректің, пулеметтің, мылтықтың оғы жаңбырдай жауды. М.Дәул. * «Тағдырдың жазғанын көріп алармын, — деді ол, — егер ажалың келсе, алтын сандық ішінде тығылып жатсаң да табады. Ал ажалың жоқ болса, жаңбырдай жауған оқтан да адам тірі
қалады». І.Ес.

ОҚ ЖАУДЫ

Бұрқырап атылған оқтың астында қалды. * Намыс қып соғысқанда әскер сайлап, Оқ жауды екі жақтан нажағайлап. Кер жеңіп, талқан қылып үй қазынасын, Криздің өзін ұстап алды байлап. Шәк.

Posted in

ОҚ ЖАЛЫНДЫ

Оққа ұшты. * Жалп етіп құлаған Берікті еңбектеп барып өлі ме, тірі ме – әйтеуір сүйреп әкеп окоп ішіне жатқызайын десе, мынадай теп-тегіс далада оған оқ жалынатыны сөзсіз еді. Б.Тоғ. * Шын ерегіссе Қасқырбай оған бір-ақ оқ жалындырар еді, әттең, әлі ерте. Дәл бүгін Көбендер оған керек. Б.Тоғ.

Posted in

ОҚ БОРАТТЫ

Толассыз атқылады, қалың оқтың астына алды. * Бүгінгі жаңбырды-ай, ажалдай суық… Жаулардың боратқан оқтарындай… Т.Әбдікәр. ~ Құда боп төс түйістіріп, көңіл қосып, құшақ табыстырған қазақ осы қыз дауы, жесір дауы арқылы аттан-айқайға басып, сойыл-шоқпарға жармасып, барымта-сырымтаға аттанып, оқ боратып, шаң суырып, бас жарып, білек сындырып, қан ағызып, көз шығарып алыс-жұлысқа да, төбелес-ұрысқа да, сойқан соғысқа да барып қалатын. С.См. ~ Мен пулеметшілеріммен бір жыралау жерді паналап қаланың шетінен ортасына оқ бораттым. С.Бег.

Posted in

ОҚ БОЙЫ ОЗЫҚ

Бірталай алда, едәуір озып кетті. * Алдындағы оқ бойы озық өңшең құла ат мінген күзет сарбаздарынан тау-тау шағылдың беткейінде шашырап қалып жатқан көп із көзді ашып-жұмғанша-ақ ғайып болады. Ә.Кек. * Алыстан-ақ байқадым, кілең күзгі дала түстес боз маяларды соңына ерткен айыр өркеш бастаушысы оқ бойы озық келеді екен. О.Сәрс. * Обалы не керек, бұлар, яғни, Елтайлар еңбек, оқу, қоғамдық жұмыстар дегенде апырып-жапырып жіберетін алымды-ақ, оқ бойы озық. М.Қаб. ~  Айша апай бізді майданға
аттандырғанда бір класта оқыған бес бала едік. Соның бірі біздің ішіміздегі ең талантты, ең
парасатты, бәрімізден оқ бойы озық болатын. Әдейі асырып айтып отырған жоқпын. Ш.Айт.

Posted in

ОҚ БОЙЫ АЛДА

Біреуден едәуір, айтарлықтай ілгері д.м. * … бұл әулеттің байлығының өзгелерден оқ бойы алда екенін көрсеткендей болатын. О.Көш. ~ Екі жігіт бастарын көтеріп, жан–жағына қарап еді, шынында да, жұрттың соңында қалыпты, орақшылардың алды оқ бойы алда, Бибәтиманың өзі әжептәуір ұзап кетіпті. Т.Әбд.

Posted in

ОҚ БОЙЫ

Садақ не мылтықтың оғы жетерліктей жер өлшемі; халық өлшемі. * Бір мезгілде әлгі торғай жансыз тастай ағып түсті топ етіп. Ақбілек те оқ бойы жер кеп еді. Ол торғайдың түскен жері қалың шөп. Көз айырмай қарап келеді Ақбілек. Ж.Айм. ~ Көп ұзамай қос құлақтың түбінен тер білінді; екі-үш аттан оп-оңай басып озып, оқ бойы алға шығып кеткен Курнос Иванның атымен құйрықтасты, бірақ басып оза алмады. Ә.Нұрп. ~ Әзір ажырайтын бұлтқа әсте ұқсамайды, киіздей тұтасып алған, ұзаққа созылар қара жаңбыр бұлтына меңзес… Енді бір қарағанда алдында оқ бойы жерде күңкілдескен екі адамды көрді. Ғ.Сл.

Posted in

ОҚ АСТЫНАН (ҚАШТЫ, СЫТЫЛЫП КЕТТІ)

Бораған оқтан аман шықты. ~ Ақтөбедегі НКВД түрмесінде азап шеккені, ақыры түнде атылайын деп тұрғанда оқ астынан қашқаны — құдайым-ау, осының бәрі бір Қозбағардың басынан өткені ме? деп таңырқайды. С.Ел. ~ Опанас етпеттеп жатып, өз көзіне өзі сенбеді: мынау дәуің бұрын тарсыл да гүрсіл оқ астынан сытылып кеткен кірекейдің нақ өзі. М.Қаб.

Posted in

ОҚ АСТЫНА АЛДЫ

Оқ жаудырды. ~ Ызақай солдаттар айқайлап у–шу боп жатқанда, кейінгі жақтан қызылдар кеп қап, боратып оқ астына алады. Ә.Нұрп. ~ Зеңбірек сүйреткен, винтовка кезенген атты орыс-казак әскері жан-жағынан қоршап алып оқ астына алғанда, бірлі-жарым білте мылтық, жалаң қылыш, сойыл-шоқпарды қару еткен қара табан қазақ солдаттарға төтеп бере алған жоқ. Б.Тоғ. ~ Оспаны жалайыр тайпасының сиыршы деп аталатын тармағы ауылында қайнағасының үйінде жатқанда ойда жоқта Гавриловканың орыстары келіп оқ астына алған екен. Б.Тоғ.

Posted in

ОЙЫНЫҢ ҮСТІНЕН ДӨП ТҮСТІ

Біреудің ішіндегісін жазбай таныды. * Қыз келте күлді. — Сіз екеуіміз екі өлшемде өмір сүреміз… Жігіт жымиды — қыз мұның ойының үстінен дөп түсті. М.Қаб. * Қос жұлдыздың қайта табысатынын жария қылып, сәуегейлік танытқандарға әнші: ойының үстінен дөп түскендерін айтып, тағы бір қуантты. БАҚ