Ойынға берілген, басқа ештеңеге алаңдамайтын балалық шаққа қатысты айтылады. ~ Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме! Ойынға, құр қаларсың, көңiл берме. Оқымай ойын қуған балаларға. Жолама, шақырса да қасына ерме! М.Жұмаб. ~ Көш Едiлден шыққанда өздiгiмнен оң- солымды дұрыстап тани қоймаған ойын қуған жеткiншек бала едiм. К.Сег. ~ Ол кездерде ойын қуған баламын, Ұғынбаппын, дариялы дала әнін. Туған жердің жырлапты онда шөптері, Қырқада күн қалдырыпты жолағын. С.Мәу. ~ Ол менің ойын қуған бала кезім, Еске алсам ойға шомып қалам өзім. Әр сөзін қағып алып жаттаушы едім, Ән салған адамда боп қара кезім. Т.Сәд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОЙЫН КӨТЕРМЕЙДІ
Үстірт қарауға болмайды д.м. ~ Ауруды асқындырмай алдын ала емдеген абзал. Бейқамдықты қойыңыз. Тез жетіңіз. Балалық істемеңіз. Ауру ойын көтермейді, — деп мосқал хирург қабағын шытты. М.Сүн.
- Қалжыңды түсінбейді, ашуланшақ. ~ – Қытықтаса не? Жат емес, жау емес, бөле. Ойын көтере алмай ма? Қытықтан зиян шекпеген секілді. М.Қаб.
ОЙЫН КӨРСЕТТІ
Өнерін көпшілікке паш етті. ~ … көзі жалт етіп әр жігіттің бетіне бір қарап, әдейі от тастап кетеді. Жоқтан өзгеге күле береді. Жұрт алдына шығып ойын көрсетіп жүргендей. Ә.Тар. ~ Қ а л и. Құлақ құрышын қандыратын нәзік ән менде жоқ, дөрекілеу еді. Әңгіме айтсам, ойын көрсетсем қайтеді? К.Қаз.
ОЙЫН ЖАСЫРЫП, БОЙЫН ЖАСЫРЫП
Өз жүзін көрсетпей, біреудің атын, абырой-атағын пайдалану туралы. * Тағы біреуің ойын жасырып, бойын жасырып, жат елдің жазушыларын аударып талшық етіп жүр. Ж.Айм.
ОЙЫН БӨЛДІ (БӨЛІП ЖІБЕРДІ)
Алаңдатты, ойын үзді. ~ Ақбілектің бедірейе қалғанын көрген соң, Ұрқия ойын бөлейін деп: — Сені аман-есен келеді деген тірі жан болған жоқ. Өзіміз күдер үзіп қойдық… Орыс шіркін өлтіріп тастады той деп ойладық: үлкен апамды көзіміз көрді ғой. Құдай сақтайын десе, қайда сақтамайды? Шыбын жаның қалған соң не керек, — деді. Ж.Айм. ~ — Егерде мына екеуі адам болып кетсе, сізге мың қой бітер,— дедім, үндемей отырған Жұмекеңнің ойын бөліп. Х.Ес. ~ Сәкен ойланып тұр. Астындағы жерден пішіп алғандай, құлаш мойын, теңбіл көк ойын бөліп тықырши береді. Ғ.Мұст. ~ Ол атының басын тежесе де өзі осындай қилы-қилы қиялдарды кезуілдеп келе жатыр еді, соңынан қуып жеткен Сайдалы ойын бөліп жіберді. Ә.Әб. ~ Қиялы әлдеқайда алып ұшты, Құпия сырлы жүрек дүрсіл қағып… Салдырап түскен шелек ойын бөліп, Үйіне кете барды суын алып… Қ.Аман. ~ Ақшаны енді қандай үкімет келсе де өлмейтін жұт, жау алмайтын бір іске сіңірсем, деп тұрғанда шыңғырған дауыс ойын бөліп жіберді. Ғ. Мұст.
ОЙЫН БАЛАСЫ
Шамамен 8 бен 12 жас аралығындағы, ойын қызығынан арыла қоймаған жеткіншек. * Ақбілек өзінен бетер сол екеуінің жетімдігіне қабырғасы қайысатын. Қажікен ойын баласы ғой, көбінесе балалармен ойнап далада жүреді. Ж.Айм. * Бала екен, ойын баласы дейді ғой. Ш.Құм. * Осыдан екі жыл бұрын көргенімде шашы желбіреген ойын баласы еді, енді бойжетіп шыға келіпті. Қартайдың деген осы ғой! Д.Ис. * Қайып сақал шыққан сақа жігіт болғанмен от басында ойнақы да ерке. Ата-ананың алдында ойын баласындай. Ү.Жәл. * Кешкi апақ-сапақта шулаған ойын баласынан бастап мал жайлаған, шаруа қамдаған жұрттың көбi күйбеңдеп сыртта жүр. Т.Сәук.
ОЙЫН-ШЫНЫ АРАЛАС
ОЙЫН-ШЫНЫ АРАЛАС Шынайы ниетін, түпкі ойын қалжың, әзіл арқылы білдіру туралы. ~ Мақтағанды іші тəуір көріп келе жатса да, Күнікей ойын-шыны аралас: – Кет, көргенсіз, жоқты айтпай… – деді. Ж.Айм. ~ Екеуіңе де бермеймін, мен алам, — деді Тазабек ойын-шыны аралас, — баланың жанын алып қалған — менің шешем. Сондықтан бұл бала маған іні болады. Әлде өзіміз бала қып аламыз ба, Шәйі? Кәне, сен айтшы! Б.Нұрж.
ОЙЫН-САУЫҚ ҚҰРДЫ
Ән айтып, ойын ойнап, көңіл көтерісті. * – Мұндағылар не істейді? – Не істесін? Ұйықтағаны ұйықтайды, отырғаны өлең айтып, ойын-сауық құрып отырады. Ж.Айм. ~ Оңаша жатқан жас қыз бен жігіт бірін-бірі сынауға, шенесуге қанша шыдасады, көңілдері жарасып қосылып кетеді. Бойлары үйреніп сүйіспеншілігі күшейіп бір жұмадай ойын-сауық құрып Абай үйіне қайтады. Әрх.Ысқ.
ОЙЫН-КҮЛКІГЕ АЙНАЛДЫРДЫ
ОЙЫН-КҮЛКІГЕ АЙНАЛДЫРДЫ Біреудің сөзін, ісін келемеж қылды. ~ Біреудің орынсыз қылығын, күлкілі сөзін бәрі табан астыңда қағып алып, таусылмас қалжыңға, ойын-күлкіге айналдыратын. К.Паус. ~ Құда күткенде жасы үлкен, аса қадірлі адамдарынан басқаларын әзіл-қалжыңның астына алып, сайқымазақтап, ойын-күлкіге айналдырады. Л.Әуб.
ОЙЫМДА ЕШТЕҢЕ (ДЫМ, ТҮК) ЖОҚ
Ештеңеге алаңдамай, қаннен-қаперсіз. ~ Біреуі шал, маған қазақшалап: — Жамбылдан келдіңіз бе?! — деп сұрады. Мен ойымда ештеңе жоқ, машинаға саймандар әкелген біреулер ме, — деп ойлап: — Неғыласың, Жамбылдан келсек! — деп едім. З.Құн. ~ «Қазір келер, отырыңыз», – деп, отырғыздым. Сосын ештеңе ойымда жоқ: «Бозбаласыз ғой, мына тарамысты айырып бересіз бе?» – деп едім, төмен қарап қып-қызыл болып кетті. Б.Майл. ~ Сұстылay жауынгерге жолықтым да, Есім кетті. (Жоқ еді ойымда дым) Жеп қоярдай қарап ең, қорықтым ба: Жеңілдім деп үн-түнсіз мойындадым. К.Ахм. ~ Ойымда түк жоқ, шет жақтағы столға тақап келiп, отыруға ыңғайлана бергенде маған қарай беттегенiңдi байқап, амалсыздан кiдiрiстей бердiм. Д.Рам.
