Қаперіне түсірді. ~ Ол Тайлақбай ойына салған жаңағы сөзге аз ғана сыпайы күліп, ширап алып «жарықтық» деп қойып, сұралған әңгімені айтуға амалсыз бейімделді. Ж.Ах. ~ Кейбіреулер ғана емес, өзіңіз де солай атағаныңыз есімде, дедім мен, өзім білетін сонау жайды тезірек ойына салмақ болып. М.Им. ~ Қалкеновтің өзі айта қоймаған соң, ойына салайын деп: — Білім жағы да таяздау болып тұр-ау,— деді Төлеген. Б.Тоғ.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОЙЫНА КІРІП-ШЫҚПАЙДЫ (ШЫҚПАДЫ)
Еш алаңдамайды, басын қатырмайды. * Отқа ұшар көбелек, Қарамай, сорлы, алды — артын. Ойына кіріп — шықпайды Күйдірер деп от — жалын. М.Жұмаб. * Бұрын мұндайдың бiрi де ойына кiрiп шықпайтын, құйтымдай ғана нәрсенiң өзi көзiнен таса қалмай оттай басылатынды шығарып жүр. Ж.Шаштай.* Үлкен адамдар керісе береді. Ондай-ондай Жалбырдың ойына кіріп шықпайтын шаруа еді. З.Шүк. * Биыл қалай да алдағы қыстың мал баққан шаруаға ауыр сын боларын сезсе де, көңілі сүлесоқ енжар болғасын ба, әйтеуір ертеңгі тірлік қамы ойына кіріп-шықпады. Ә.Нұрп. * Ондай-ондай батырдың ойына кіріп те шықпайды. З.Шүк. * Мына аңғал-саңғал қостың есік, терезесіне одеялды кім ұстап, отынды кім әкеліп, отты кім жағатыны ешқайсының ойына кіріп шыққан жоқ. Ә.Нұрп.
ОЙЫНА КЕЛДІ
ОЙЫНА КЕЛДІ Есіне түсті. ~ Неткен аялы алақан. Аса бір сүйікті адамның алақанындай. «Сүйікті» деген сөздің ойына келгеніне Абзал қуанып кетті. К.Қаз. ~ Өз қанымен бірге ішкі сарайын аралаған у қайғысын шайғандай. Ағасын арулап жерлей алмайтыны, өз қолымен кеудесін тілгені ойына келді. С.Сағ.
ОЙЫНА КЕЛГЕНІН ІСТЕДІ (ЖАСАДЫ)
Бетімен кетті. ~ Иесіз қалған зиратқа нашақорлар ойына келгенін істеп, полковник Бауыржанның бюстінің жағасына сыр жағып бүлдіріп кетті. Қ.Түм. ~ Жасықпын! Бір тәуекелге бел байлап едім, онымнан да ештеңе шықпады. Ал, Мақан ойына келгенін жасайды. С.Смат. ~ Екінші менің күйзелетін жағдайым — теледидар. Түрлі каналдар ойына келгенін істеп, аузына келгенін айтып жатыр. А.Жақ.
ОЙЫНА АЛМАДЫ
Есіне де түсірген жоқ; мән бермеді, ескермеді. ~ Күнде келе беретін уақыт жоқ» — Шәмшігүлдің бір жақсы жері — бір істі ойына алмайды, ойына алса, оны тындырмай өзі де тынбайды. С.Шайм. ~ Алтыншы, дүние, малға назар салмай: «Болар, — деп, — ойламаған, — арты қандай?» Болса да, жақсы-жаман, менен күтіп, Бар болып, жоқ болуын ойына алмай. М.-Ж.Көп. ~ Адам бар-тын өлшем беріп, жұмысына өтеулі, Тек қана алға қарайтұғын ойына алмай бөтенді. М.Мақ. ~ Алғашында ол осыншама созылып, жылдар бойы маңайлатпай қоятындығын, тіпті де ойына алмаса керек. С.Ғабб.
ОЙЫН ТҰЗДЫҚТАДЫ
Сөзін қорытындылады, ойын тарқатып айтты. * Бұл қарғаны әңгіме етпеген жан жоқ болар жер бетінде. «Қарғалар жүр қарда қара нүкте боп…» деп ақындар жырына салып, ойын тұздықтады. С.Сағ.
ОЙЫН ТЕРБЕТТІ
Ішкі жан-дүниесіне әсер етті, ой қозғады. ~ Ал, мына думанда өзі ат тауып мініп, мынау қыз-келіншектердің тобына келіп қосылғаны тағы да ойын тербеткендей болды. С.Бег. ~ Нағашысы уақта Ер Қосайдай ер өткен; Жетім қалып Еспембет Қолында соның ер жеткен. Он төрт жасқа келгенде, Еспембеттей еріңнің Туған ел ойын тербеткен. Туған елді көксей ме, Кегеже туған, кер кеткен? Д.Баб.
ОЙЫН СОҚТЫ
Қызу ойынға берілді. ~ Ыздиған екі пар қыз-жігіт әдеппен күліп, түзу басып, клубқа беттеп барады. Ауыл шетінен ойын соққан балалардың у-шуы естіледі. М.Қаб.
ОЙЫН САЛДЫ
Өнер көрсетті; той тойлап, сауық құрды. ~ Сол кезде ғой, зымқып тік шапшыған көк қаршыға адырнадан жіберген сұрғылт жебедей көтеріліп кетіп, ойын салып өнер көрсеткендей төңкеріліп барып, қанаты күнге шағылыса жарқ беріп сұр үйректі бассалғаны. Ғ.Біл. ~ Дүнияның төрт бұрышына салды хабар,Той тойлап, сауық құрып жатты олар.
Күн өткенін білмейді, түн өткенін, Жиылып халайықтар ойын салар. БС. «Сыршы молда».
- Майданға шықты, жауына қырғидай тиді. ~ Тұла бойын қараса, Он жеті жерден жаралы, Сонда да Тәңірім алмайды, Ол жараға болмайды, Әлі де ойын салады, Қос тізгінін созады. «Ер Тарғын». ~ Қозекем жүз баламен ойын салды, Ысты менен Төлеуді ертіп алды. Келді де жүз баламен ұрыс салды, Жүзінің қақ жартысын қырып салды. С.Сей.
ОЙЫН ОРТАҒА САЛДЫ
ОЙЫН ОРТАҒА САЛДЫ Пікір бөлісті. ~ Осындай сәттерде әркім ойын ортаға салып, жиһаздардың кем–кетігі мен олпы–солпы жерлерін түзетіседі. Б.Мом. ~ Осы тұста Демежан да қонағына қарап отырып, әнеугүннен бері көкірегінде түнетіп, кейінге сақтаған бір ойын ортаға салды. Қ.Жұм.
