Posted in

ОЙЫ ОЙРАН-БОТҚА (ОЙРАН-АСЫР)

Ойы сан-саққа жүгірді, не ойларын білмеді деген мағынада. * Түсiнсе бұйырмасын. Әлде өздерi ғана ұғар әскери атау ма екен. Асылы, солай шығар. Әйтпесе, «шұңқыр», «қоқыстың» бұл жерде не қатысы бар? Ойы ойран-ботқа. Т.Сәу. * Қос жиегiн қайың мен биiк емен күрегейлеп, өнбойы суық тартып үңiрейген бұлыңғыр аллеямен жаяу жүрiп келедi. Ойы ойран-ботқа. Т.Сәу.* Нәргүл ойы ойран-асыр. Анардың көңiлiңе қарайды. Р.Рай.

Posted in

ОЙЫ КЕТТІ

Әлденеге қызықты, ықыласы ауды. ~ Шалдың қақпанды құнанның өлімтігіне апарып басуға ойы кетті. С.Мұқ. ~ Өзінен бақандай он жас кіші жігіттің етіңнен өтіп, сүйегіңе жетер зілді сөзі шымбайына батты– ақ. Бетінен салып қалмаққа шынымен– ақ ойы кетіп, қолы қышиды. Болмайды… болмайды. О.Бөк. ~ Ерінгенмен ертеңгі күндердің нәпақасы жақын, қолайлы жерде жүрсе, ептеп барып біреуін басып қалуға ойы кеткені. К.Сег.

Posted in

ОЙЫ БҰЗЫЛДЫ

Арам пиғыл пайда болды. ~ «Қандай көрікті, пәтшағар! Әлі нұры таймаған. Дұрыстап киіндіріп қойса… » деп ойы бұзыла бастаған Мақан алғашқы сесінен айнымай ақырып жіберді. С.Смат. ~ Хадишадан жағдайға қаныққан əккі мілиса ол қаптың тегін емес екенін сезді де ойы бұзылды. С.Досж.

Posted in

ОЙЫ БҰЗЫҚ

Ниеті жаман, пейілі қара. ~ Біреуге жеңілтек көрініп, ойы бұзықтар оңай олжалағысы келді. Соны өзі де білді. Ә.Нұрп. − Әдәжан, менің барар жерім алыс. Бұхараға барғанша, маған бәрібір бейтаныстардың ойы бұзықтары жамандық жасаулары мүмкін. Рұқсат болса, мен сенімен бірге кетейін. АҚ «Аопалыспен…»

Posted in

ОЙЫ БӨЛІНДІ

Көңілі әлденеге ауысып кетті. ~ Сорпа ішіп отырғанын да, су ішіп отырғанын да андаған жоқ; ойы бөлініп, қиялы әлдеқайда отыр еді. Ж.Айм. ~ Түсуін түссе де, өздеріне де қолайсыз болды білем, бірталайға дейін Төлеген сөзін қиюластыра алмай, ойы бөліне берді. Ж.Айм. ~ – Қызық және керемет дауыл! – деді Драгомиров, іштей өлең құрастырып отырған ойы бөлініп кетіп. С.Мұқ.

Posted in

ОЙЫ БӨЛЕК

Ойлау, ой қорыту әдісі, тұжырымы ерекше. ~ Асқар сол кездің өзінде әрі декадент, әрі диссидент. Білмейтіні жоқ. Сөзі кесек, ойы бөлек, тілі қыршаңқы. Г.Бел.

Posted in

ОЙЫ БАСҚА

Ниеті бөтен. ~ Қанша Жібекті жақсы көріп еркелетсе де, әкесінің ойы мал еді. Бірақ Жібектің ойы басқа еді… Жібек, Жібек еді! С.Сей. ~ — Ә?— деді Сәбет аға бізге жалт қарап. Бірақ өзі мұнда болса, ойы басқа екені бесенеден белгілі болып тұр. М.Қаб. ~ Гүлше Дүрдының сұқтана қарағанын байқады. Оны Гүлше түсінбеді. “Менің түрікпен қызы екенімді біліп, қазаққа қалай тұрмысқа шығып жүр деп таңдана ма? Әлде…әлде…ойы басқа ма?” М.Әбдіх.

Posted in

ОЙЫ БАР

Ақылды, парасатты д.м. * Соның ішінде «қаршығадай шағын ғана бойы бар, үйдей үлкен ойы бар алғыр, ақсұр, Абай баласы – Мағаш қара үзіп, озып отыр. М.Әу. * Біз басқа бір белгісіз кеңістікте белгісіз молекула, не белгісіз бір бөлшек боп ұшып жүрдік. Кенет дүниеге келдік. Ақылы бар, ойы бар, тілі бар, дыбыс пен бояудың сырық түсіне білетін қасиеті бар Адам формасында келдік. Д.Ис.

  1. Алға қойған жоспар, мақсаты туралы. ~ Қалыңдық құшып, сүюге Күйеуіне ынтызар. Келісімен тиюге Дайындалған ойы бар. Абай. * Драгомиров жүрген жерінің шежіресін де, әдет-ғұрпын да, салт-санасын да байқастыратын еді. Қазақ елі туралы да жинаған материалдары кеп, солардан кітап жазарлық та ойы бар. С.Мұқ. * Кейінірек бірдеңені сылтау қылып, Нұрымбет аулына қыдырып қайтатын ойы бар еді. З.Шүк.
  2. Дәмесі бар, көзі түсті. * Алғашқы танысқаннан кейін, Асқар бірер қабат келген соң-ақ, оның ішкі ойын қас-қабағынан байқаған Айбала, «құда түсер басталар, Асқар Балтабекке кісі сап, Ботагөзде ойы барын айтар»,– деп күткен еді. С.Мұқ. * – Көрдің бе, былқылдауын – деді Мадияр Сарыбасқа – осы офицердің осы әйелде ойы бар. С.Мұқ.
Posted in

ОЙСЫЗ ҚҰЛАҚ

Ұғымы жоқ, түйсіксіз, мисыз. ~ Ал, айтамын, айықтар ұға тұрсын, Ақылсыз мас мақтаны тыға тұрсын. Қыз, қызық батыр, балуан керек қылған Ойсыз құлақ, мисыз бас шыға тұрсын. Шәк. ~ Шырқап, қалқып, сорғалап, тамылжиды, Жүрек тербеп, оятар баста миды. Бұл дүниенің ләззәті бәрі сонда, Ойсыз құлақ ала алмас ондай сыйды. Абай.

Posted in

ОЙСОҚТЫ БОЛДЫ

Шым-шытырық ойлардан қажыды. * Соңғы күндері ойсоқты болып, осы бір жайды көңілінен көшіре алмағаннан ба, құданың құдіреті, Жұман шалдың көзі ілініп кетсе болды, ұлымен түсінде осылайша тәжікелесетінді шығарды… К.Сег. * Ұзатылмай тұрған кезінде де, жаз бойы соны ойлап, қатты жүдеп, оған көңілі кеткен Қымбат, Жолдыбай соғысқа аттанарда тіпті өзгеше ойсоқты болған. Т.Рыск. * Байшуақ онсыз да ойсоқты болып, бiрер айдың iшiнде тойған қозыдай томпайғантұтас тұлғасын бiраз жұқартып-ақ алған iнiсiне мүсiркей қараған. К.Сег.