Posted in

ОЙРАН-БОТҚА БОЛДЫ

Астан-кестен болып бүлінді. ~ Ертеңіне қыз аулынан шапқыншы келіп, жайлау елі дүрлігіп, онан Әбділдәнің айттырып қойған қалыңдығының ауылы естіп, Тәйтінің ауылына кісі салып ел іші ойран-ботқа болыпты. C.Бег. * Кей күндері теңізде дауыл тұрып, таудай толқындар тайталаса келіп жағаны сабалайды. Теңіз беті сапырылысып, ойран-ботқа болады. Ақ көбігі аспанға атып, арсылдап айбаттанып жатады. Ү.Жәл.

ОЙРАН-БОТҚАСЫ ШЫҚТЫ

~ Бітіп тұрған істің ойран-ботқасы шығып, қала басшысының әртүрлі сылтауды араға тықпалап, сытылып қалып қоймасына кім кепіл. Қ.Жиен. ~ Ертеңіне таңғы ұйқыда мажыра боп жатқан тайшы ауылының табан астында ойран ботқасы шығыпты. Ә.Кек. ~ Тепсінген тұяққа шыдас бермей қара жер түтіліп, ойран-ботқасы шықты. Н.Сам.

Posted in

ОЙРАН-АСЫРЫН ШЫҒАРДЫ

Күл-талқан қылды, жермен жексен қылды. ~ Темүжіннің керей билеушілері мен оған бағынған моңғол нояндарына жолдаған сәлемі, жай сәлем емес ауыр соққы болып тиді. Темүжін жасаған бұл саяси соққы Керей хандығының ойран-асырын шығарып жіберді. Ж.Шәк.

Posted in

ОЙРАН-АСЫР САЛДЫ (ЖАСАДЫ)

ОЙРАН-АСЫР САЛДЫ (ЖАСАДЫ) Қырып-жойды, сау тамтығын қалдырмады. ~ Олар ағысқа қарсы жүзiп, одан әрi бара алмайтын кедергiге кептелген тұста судың бетiне ойран-асыр салып, бық-бық ететiн. Ә.Ыб. * Əкеден қалған ақ үйге тоқалы біреуді кіргізіп алып ойран-асыр жасап жүргенін ойласа-ақ іші оттай жанатын. С.Досж.

Posted in

ОЙРАН-АСЫР ҚЫЛДЫ

Тас-талқанын шығарды. * Құрып қалғыр қу таңдай-ай, кiсiнiң көңiлiн ойран асыр қылдың ғой. Р.Рай. ~ Әлгіндегі вертолеттің сонша шүйлігіп кеп, осы өңірден шұқшия ұшып өтуі, қөңілін ойран-асыр ғып қайдағы — жайдағыны есіне түсіріп кеткен сияқты. Ә.Әл. ~ Жабайы шошқалар емен ағашының түбін тұмсығымен қопарып, қалай ойран-асыр қылса, немістер де Курляндия түбегін сондай етіп, окоппен ойып, траншеямен тілімдеді. Ә.Нұрш.

Posted in

ОЙРАН-АСЫР ҚАЛДЫРДЫ (ҚАЛДЫ)

Қайран қалдырды, аң-таң қылды. ~ Тыңдаушыларын ойран-асыр қалдырып, төбе құйқаны шымырлатқан, шалынышты дауыспен осы сөздерді айтып шыққан соң мисс Нэнси үнсіз қалды да, бүкіл компанияға көзін қысып, жымия күліп басын изеді де, шыға жөнелді. Ч.Дик. ~ Бір ғажабы, ол бұл сапардан Омбы облысы мен Көкшетау дуанының басшылығын ойран-асыр, таң-тамаша қалдырып, қырға алтын медаль тағып, азиялықтардың ғұрпынша шапан жамылып оралады. С.Ақт. ~ Екі қолы төбеде Шиелеп төмен байлаған Түйініне бұйданың Еңкейіп тісті салғаны, Абайлап тұрған қалың жұрт Ойран-асыр қалғаны! Б.Әлім.

Posted in

ОЙРАН-АСЫР БОЛДЫ

Астан-кестен болып, быт-шыты шықты, қирады. ~ Екеуін малша табыстырып тұрған қолдар не деген сөлекет? Неткен сезімсіз тұрпайы? Абай осы ойларға жеткенде көңлі қатты жабығып, іштегі қиял мекені ойран-асыр боп, құлағандай көрінді. М.Әу. ~ Қарасы төрт-бес адам. Көлденеңдей ұстаған жеңіл сойыл, құрықтарын ғана көзі шалып қалды. Опыр-топыр, ойран-асыр болды да кетті. Сатыр-сұтыр сойыл, құрық үні. Аттан өкіре құлаған адам даусы. С.Жүн. * Ал, Кенжеғұл ше? Сүйген жiгiтiн көрiп, ойран- асыр болған Анар өкiнiшi оны мүлде есеңгiреткен шығар. Р.Рай.

Posted in

ОЙНАСТЫҚ ҚҰРДЫ

Жеңіл жүріске салынды. ~ Татардың ісмер қыздары тоқыған терезедегі əсем шілтерден күн сығалап қарайды. Құдды Хадишаға «Күйеуіңнің көзіне шөп салып, ойнастық құрдың ба?», – деп күліп тұрғандай. С.Досж.

Posted in

ОЙНАСТАН ТУҒАН ШАТА

Неке үстінен жүрген әйелдің ашынадан туған баласы. ~ – Ыржақтама, – деді. – Боқ– жыныңды ақтара салармын. Упрай әкеңе қош деуге шамаң келмей қалар, ойнастан туған шата неме!.. О.Бөк. ~ Демежан — Керімбайдың өз қанынан тараған қайбір бел баласы еді? Тәңірдей табынғандарын — ойнастан туған шата емес пе… Қ.Жұм.

Posted in

ОЙНАСАҚ ТА БІРАЗ ЖЕРГЕ БАРДЫҚ (ШАПТЫҚ)

Қалжыңдаса отырып шамға тиетін сөздер айтысты. ~ Бір де – ноль, аға, сіздің пайдаңызға,– деді Аманжан. Жә, жігітгер, ойнасақ та біраз жерге бардық, – деді Упрай, – мәселе былай… О.Бөк. ~ Кере қарыс қара жалды қабан: «Келсең кел, келмесең, әй, жөніме қоя берсеңдер қайтеді, ойнасақ та біраз жерге бардық қой» дегендей, сырт көзге тым бейбіт, тым жайбарақат, әйткенмен сымға тартқандай секиіп тұрысынан бір шіреу, серпін сезіледі. М.Қаб. ~ — Қатты кеттің, Бектемір. «Ойнасақта біраз жерге шаптық» десекте, ертеңіңді де ойлап қой, — деп Мақан қос танауын кезек басып, бұрылып та жатпастан мұрнындағы сұйықты Бектемірге қарай ытқытты. С.См.

Posted in

ОЙНАС БОЛДЫ (ЖАСАДЫ, ҚЫЛДЫ)

ОЙНАС БОЛДЫ Неке үстінен ашыналық жасады. ~ — Ханым, сізге бір сыр бар сақтап жүрген, Кісіңізден ши шықты мақтап жүрген. Енекеңіз жасырын ойнас бопты, Диуанамен ел кезіп ақтап жүрген. М.-Ж.Көп. ~ — Біледі екенсің, — деді Таңатар суық дауыспен, — сол Сартайдың әжең — Айғаныммен ойнас болғанын естідің бе? С.Мұқ. ~ Сәлеметсіз деп… Тобан аяқ, тоқ құрсақ әкең ана жылы теміржол станциясынан ХТЗ–ға май тасығанда, ыңғай сондағы татар қатындармен ойнас болған, деп естіп ем, сәлеметсіз солардан жұққан екен ғой, құдай төбелеріңнен ұрып. Н.Дәу.

ОЙНАС ЖАСАДЫ

Көңілдес болды, ашыналық жасады. ~ – Иттің ғана баласы, мен сенен бала сұрадым ба?.. Мен саған ойнас жасап, бала тауып бер дедім бе? Сен иттің адал ісімді арамдап жүргеніңе жарты жыл болды ғой!.. Шығарма дыбысыңды!.. М.Жұм. ~ Айдынды сұк саусағымен нүсқап. – «Астыңдағы атыңа, қойныңдағы қатыныңа сенбе» дегені рас. Мен Сібірден оралсам қатыным ойнас жасап жатыр. С.Досан.

ОЙНАС ҚЫЛДЫ

Зиналық жасады, жасырын көңіл қосты. ~ Бір шыны аяқ шоғыры қолдан түсіп кетіп сынған үшін, сол үшін бе? Жоқ. Әзімбаймен ойнас қылғаны үшін! Ұрам деп айтып ұрмайды. Неге ол аузына тас салғандай үндемейді? Ол бірдеңе десе, Шолпан да айтар еді. М.Жұм. ~ Қазақ әдет-ғұрып заңдары бойынша өлім жазасына адам өлтірген, ұрлық жасаған, ел тонаған, әйел зорлаған, ойнас қылғандар кесіледі. «Қ.құқығы».