Posted in

ОЙЛАП БАҚ

Пайымда, ақылға сал. ~ Бір күні Ер Бөкше ноғайлыны жинап алып, бір-екі ауыз сөз айтады: – Қимылдаған тіл мен жақ, Жетеуім тірі жүргенде, Қаптап еді кәрі аруақ. Баладан кемдік көргенде, Жаңа туды шамшырақ. Алты ағамның соңынан Қанды сапар соғысқа Аттанайын деп едім, Мұның соңын ойлап бақ, – дейді. А.Байт. ~ Енді соның дауынан қайтып құтылудың жолын ойлап бақ. Ендігі басты қамың–ақ патшаның тілін табу. Ә.Кек.

Posted in

ОЙЛАМАҒАН ЖЕРДЕН (ЖЕРДЕ)

ОЙЛАМАҒАН ЖЕРДЕН (ЖЕРДЕ) Оқыстан, кенет, күтпеген жерден. * Бұрынғы таулар орнында біраз заманнан соң тегістік орнайды. Ойламаған жерден кейде үңгірлер шығады. Жер бетін тегіс су қаптап тұрған. А.Байт. * Мен шойын жол құрылысынан қайтқанда ойламаған жерден Айнабұлақта кездесіп қап, бірге қайттық. С.Бақб. * Қыздарды қорқытып, жеңгелерімді күлдіру үшін де ойламаған жерден бір өнер шығарушы едім. Ж.Сәм. ~ – Сіз салат жасауға асықпаңыз, таңертең асыққаныңыз да жетер,- деді ол ойламаған жерден «Сізге» көшіп. Д.Иса.

Posted in

ОЙЛАҒАНЫНДАЙ БОЛМАДЫ

Үміті ақталмады, жоспары іске аспады. ~ Ділдә қуанып той қылып, оң жағына отау үй тігіп мәз-мәйрам болады. Бірақ жаңа түскен келін Ділдәнің ойлағанындай болмайды. Әрх.Ысқ. ~ Есік ашылса болды, атылғалы тұр. Еркінбектің ойлағанындай болмады. Есікті ешкім ашпады. Ж.Сәм. ~ Шын мәнінде, бұл басшылық құрам Кеңес Одағының ойлағанындай болмады. Әсіресе, Ахметжан, Ысқақбек секілді адамдардың тізгін-шылбырды қолына ала алмауы қынжылыс тудырса керек. Ж.Шәк.

Posted in

ОЙЛАҒАНЫНА ЖЕТТІ

Мақсат-мұратына қол жеткізді. ~ – Жақсы түс, жақсы түс, тілегің орындалып, ойлағаныңа жетесің қарағым. Құдай қалап тұрғандай, ай қабақты менің балама кереметтей болашақ жар болады екенсің шырағым, – деп Алла Тағала аузына сөз салып, бір-ақ нүктесін қойды. Н.Абдыр. ~ Баяғы дүниені дүрілдетіп билеп тұрған Ақсақ Темірде осындай қаталдығы арқасында ойлағанына жеткен жоқ па еді. О.Көш.

Posted in

ОЙЛАҒАНЫН ІСКЕ АСЫРДЫ

Жоспарын, ниетін жүзеге асырды. ~ Басқа аттар «Құбақанды» жан жағынан қысып, оған ерік бермеді. Тек біраздан соң ғана ойлағанын іске асырды. К.Өтж. ~ Дегенмен, дәл қазiр оны райынан қайтару мүмкiн емес-тiн. Шоқтай жанған жанары жiгiттiң ойлағанын iске асыруға берiк бекiнгенiн ұқтырады. Т.Әлж.

Posted in

ОЙЛАҒАНЫ БОЛДЫ

Тілегені болды, ойындағысы іске асты. ~ Оның ойлағаны болды, ерін-ерінге тигенде-ақ өзін ұстаудан кеткен ол қолын арқаға жүгірте ақ келіншектің қос анарының қабын ағыта бастады. Н.Абдыр. ~ Аллақұл сондықтан шама келсе оларға кедергі жасауға, жолына қарсы тұруға бекінген-ді. Оның ойлағаны болды да қойды. О.Көш.

Posted in

ОЙЛАҒАН ЖЕРДЕН ШЫҚПАДЫ (ШЫҚТЫ)

Үмітті ақтамады. * Ойлаған жерден шықпады, құстың ұшып кетуге ойы да болған жоқ, баланың қолында жайғасып, жылынып отыра берді. А.Байт. * Байқау жақсы өтті. Бірақ, екі нәрседен ғана десант ойлаған жерден шықпады. Ш.Айт. * Іш есебіңнің ойлаған жерден шықпай, алдаған жері де осы болды. О, ақымақ! Есек дәмеге семірген есалаң. Ә.Нұрп.

Posted in

ОЙДАН, ҚЫРДАН

Әр жерден, шартараптан (кекету ретінде). ~ Сонан кейін қалмақты қазақ қуған, Жиылып шаба берді ойдан, қырдан. Тарбағатай, Шыңғыстың жан-жағында Көшпелі көп қалмақ бар бұрын тұрған. Шәк. ~ Ол бір жемтік саған болған, Жыртық тымақ жалбағай. Байға қарап, жылы ұшырап, Жақын тартып, күлмеңдеп. Ойдан, қырдан сөзді құрап, Жарамсақтап, күйбеңдеп. А.Байт. ~ Анау шөп қораның түбіндегі қара шоғыр ойдан- қырдан келген туыстардың ат-көлігі болу ерек. Маңай түгел қарбалас. Ж.Сәм.

Posted in

ОЙДАН ШЫҚТЫ

Ұмытты, есінен шықты, көңілінен кетті. ~ Кұлақтан кіріп, бойды алар Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй. Дүние ойдан шығады, Өзімді өзім ұмытып, Көңілім әнді үғады, Жүрегім бойды жылытып. Абай. ~ Қайда кетіп бара жатқанын өзі де білмейді, сабаққа кешігіп келе жатқаны да ойдан шықты. С.Досж.

Posted in

ОЙДАН ШЫҒАРДЫ

Шындыққа жанаспайды, өтірік д.м. ~ Сол неменің өзін орыстар: «Ханның айтып жүргені қандай әңгіме? Ойдан шығарып жүрген бірдеңесі ме, жоқ исі қазақтың ауыз қосып пәтуаласқан әңгімесі ме? Біле кел!» – деп жұмсап жібермеді ме екен?! Ә.Кек. ~ — Мен мұны ойдан шығарып айтып тұрғаным жоқ, бұл — нақты шындық. Ж.Верн.

  1. Өз қиялынан туған, өзі ойлап тапқан туынды туралы. ~ — Ойлап табуға болар еді,- деді. — Бірақ сол тапқаның қанша әдемі болса да, күндердің күнінде әйтеуір ойдан шыққан дүние екені ашылып қалады да, бәрі де бір-ақ сәттің ішінде тас-талқан болады. Т.Әбд. ~ Осы сөзіме сеніңіз, асыл текті мырзам, онда жазылғанның бәрі шындық, бірақ қызықтылығы мен тартымдылығы сонша, ойдан шығарылған оқиғалардың ешқайсысы онымен шендесе алмайды. М. Серв.