Ойын сан-саққа жүгіртті, әлденені еске түсірді. ~ Самал сізді ауыр ойға салып кеткен бе, қалай өзі? Ә.Әб. ~ Бұл құмалақтың тіліне сенбейді, әрине. Бірақ үнемі қайталана берген соң, көңілді күпті етіп, әр алуан ойға салады. Қ.Жұм. ~ Мына бір самалды- ай! Мұрынға қайдағы бір ұмыт қалған иістерді тықпалап, ұмытылған естеліктерді ойға сала ма, қайтеді. С.См.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОЙҒА ОРАЛДЫ (ОРАЛАДЫ)
Ойға келді, еске түсті. (Орайы келген ой туралы.) Еске түсті, ойына келді. * Қайта құптап, кейін жаз шыға шайлық сүтін, ағарғанын мойнына алатындарын білдірісті… Мұның бәрі неден шықты? Қайдан ойға оралды? М.Сүн. * «Сол соқыр соқпақ қалай басталып еді». Ойға оралған осы бір сауал оның көз алдына өткен күндер суретін алып келді. С.Досан. * Алтын ғасыр ақыны Альигери Данте сөзі ойға оралады: «Segui il tuo sorso. E lascia dir le geni!.. Өз жолыңмен жүре бер, жұрт аузына келгенін айта берсін!» Д.Дос. * Махаббат тілі иемденудің тілі емес – алғыстың тілі. М.Цветаеваның жастау кезінде жазған бір өлеңі ойға оралады. Т.Әсем.
ОЙҒА ОЛАҚ
Ақылы келте, бір нәрсені ойлап істеуге өресі жетпейтін адам туралы. ~ Сөйлейді ойланбай-ақ Аю шолақ: (Аюлар күшке мықты, ойға олақ) «Қойлардан ала түсті құтылғандай, Бар деймін бұған оңай жалғыз жол-ақ. А.Байт. ~ Жаяу кәсіп қылып, орыспен аралас отырған елміз. Ойға олақ, тілге орашолақ, сөз бақпаған, мал баққан шаруамыз. Ғ.Мүс.
ОЙҒА ҚОНЫМДЫ
Қисыны бар, ұғынықты. ~ Бір атқа екі ер ерттеп мінген қазақты мен бұған дейін көрген жоқ едім. Сұлтанның мына ақылы, шынында да, ойға қонымды, қызық көрініп кетті. Б.Соқ. ~ Итбалық күшігінің туа салып жүзіп кетуін, я жүзе алмауын олар ойға қонымды бірдемеге негіздеп айтса жақсы ғой, жоқ, бұл жөнінде әр қайсысы не ойласа, соны айтып қалу үшін, айтқандарын қалайда «қаһармандықпен» қорғау үшін ақ тер-көк терге түседі. Дж.Лон. ~ Автор аталған еңбегінде қара өлең қасиетінің өз әдебиетіміз түгілі өзге ұлт әдебиетіне жасаған ықпалы туралы ойға қонымды пікірлер білдіреді. Ж.Шәк.
ОЙҒА ҚОНАР (ҚОНАДЫ )
Қисыны бар, келісуге болатын пікір туралы. ~ Жанға тиер, ойға қонар шындық сөзін шаңқылдатпай-ақ алау-жалаусыз-ақ ойлы түрде айтқанда да бар мағынасымен жүрегіңе ұялай қалатынын мен бірінші рет Семеннан естіп тұрғандаймын. Ғ.Мүс. ~ Не болды екен деген ой әлденеше құбылып, тұрақты жауабы табылмай тағы біраз күн өтті. Ойға қонар тұрақты жауаптар аз емес, бірақ өзімнің ойым тұрақтамайды. Ғ.Мүс. ~ – Бұның бәрі ойға қонады,– деді Амантай,– бірақ үйрететін кім соны? С.Мұқ.
ОЙҒА ҚАЛДЫ
Шым-шытырық ойға берілді. * Жилин ойға қалды. Шын, шешем кәртайды. Кім біледі, көрмеспін де. Үйге барайын, қалыңдық жақсы болса, алмайтын несі бар, – деп Жилин ойлады. Ә.Бөкей. * Осыншалық қиын асу жолдармен жүре беруге жалықпаған не қылған жиһангер деген де ойға қаласыз. C.Шайм. * Одан басқа тіршілік иесі тіпті, қанатты деген құсыңыздың өзі ілуде біреу ғана. Ендеше, қайдан адасып жүрген «періштелер» болды екен деген ойға қалып еді. Е.Бақаш.
ОЙҒА КӨМІЛДІ
Терең ойға батты. * Бәрі жерге үңілді, Бәрі ойға көмілді, Сақалдары салбырап. Машайығы сүмиіп, Молдалары мөлиіп, Бере алмады бір жауап. М.Жұмаб. ~ – Ақсақал не ойлап кеттіңіз? – деп сұрады Ғафиз қалың ойға көміліп кеткен қартты сергіткісі келіп. Р.Сей.
ОЙҒА КЕТТІ
Терең ойға берілді. ~ Берді де, бүгіп басын, ойға кетті Асқардай ой билеген мәңгі қалғып. Аздан соң көтеріліп, жан-жағына Қарады жер-жиһанның, бәрін тар ғып. М.Жұм. ~ Қошқыл маңдайынан ащы тер тағы да шып-шып шығып, жер шұқып, терең ойға кетті. Ж.Айм. ~ — Әй, қайсың барсың, Бақбөрдің су-суанын бердіңдер ме? — деп дабыстады да, құс жастыққа жантая көзін жұмып ұзақ ойға кетті. Қ.Мүб.
ОЙҒА КЕЛМЕГЕН
Күтпеген, тосын, алабөтен. ~ Қалай болды өзі, бәрі аяқ астынан? Ойламаған жерден басталып, ойламаған жерден аяқталды. Егер осының бәрін біреу айтса. Жанай сенбес те еді. Тіптен ойға келмейтін тосын оқиғалар ғой. С.Мұр. ~ Өзі соншалықты қырсық та емес, бірақ тап қыр желкеңнен кездейсоқ басатындықтан, оныңыз әманда қырсыққа саналады. Әйтпесе, күндегі қарабайыр оқиғалардың бірі. Сөйтіп, он тоғыз ойға келмеген шатақты бастады. М.Қаб. ~ Домбыраның шегінен шертіліп шыққан назды, сылқым үн ғана адам жанын тербейді, — деп біраз отырып, әрбір елдің ән, күй аспабына сын айта, бұрын ойға келмеген аса нәзік сырларды айтып кетті. С.Бег.
ОЙҒА КЕЛДІ
Есіне түсті, әлдебір ой сап ете қалды. ~ Сол арада ойға келе қалып, тағы да бір тамсандырып, қайран қалдырған нәрсе — сол күнгі қонып шыққан Жантемір қызының, Шайбайдың үйінен көрген суретімнен мені шырамытқаны болды. С.Сей. ~ Осындай ойға келген Жәдігер орнынан тұрып, құнанды тірсегінен ұстаған күйі ауылға сүйрей жөнелді. А.Сей.
