Posted in

ОЙҒА ЖҮГІРТТІ (ЖҮГІРІСТІ )

Әркім әртүрлі жорамал жасай бастады. * Өздерінің берекесіздігіне, намыссыздығына, бірін-бірі аямайтындығына көздері жеткендей болып, біраз ежелесіп, басылған кезде:
— Бұл іс кімнен келді? Кімнің қолынан келер екен?— десіп, ойға жүгірісті. Ж.Айм. ~ — Үшкілдің қара тақтайы болушы еді… Соны мен қай үйден көрдім?— деп ойшылар ойға жүгіртті. Ж.Айм. ~ Мәмбет көп ойланды. Қызды, заманды, айналаны, Карлосты, Қазақ комитеттерін, өздерін — ойға жүгіртіп салғастырып отырды. Ойлап-ойлап келгенде Байғараудың айтып отырғаны қисынды сияқты көрінді. І.Жанс.

Posted in

ОЙҒА БЕЛШЕСІНЕН БАТТЫ

Терең ойға шомды. ~ Осындай қатпар-қатпар ауыр ойға белшесінен батып, күйзеліп отырған ханның үстіне қасында мысық мұрт, теке сақал, сығырақ көз біреуі бар Бөкенбай кірді. Ә.Кек. * Және үй демей, көше, клуб демей, жүріп те, тұрып та ойлана береді. Әйешті шығарып салып келе жатып та қалың ойға белшесінен батады. М.Қаб.

Posted in

ОЙҒА БАТЫРДЫ

Ой салды, ойландырып-толғандырды, қалың ойға шомдырды. ~ Шалдың сөзі Дарнуды қалың ойға батырды. Апырмай, іздеген мақсатыма енді жеткен шығармын деп ойлады. А.Байт. ~ Ағайымның тағдыры мені ойға батырып күйзелтеді. Б.Соқ. ~ Толстой, Гоголь, Шекспир, Байрон, Гете, Шиллер бүгін жай ғана бір белгі болып қалыпты. Жүйрік ой, ұшқыр қиял Ғазизге әл бермейді. Талай ойға шомылтады. Оны ойға батыратын да, әуреге салатын да, шыдамсыздыққа түсіретін де бір– ақ нәрсе, ол — Лида. Б.Бұлқ. ~Тіршілікке тәтті мұңмен тәубә ғып Сабырлы ойға батырады күзгі бақ! Б.Әлім.

Posted in

ОЙҒА БАТТЫ

Ойланып қалды; ОЙ-қиялы алысқа шарықтады. * Қазір де кей күні таяғын арқасына көлденең салып, әлденені есіне түсіре алмаған кісіше ойға батып, аула ортасында қалшиып тұрғаны. Т.Сәу. * …Бір күні қағаз алып, әлдене жазуға ойланса да: не хикмәт, қолы жүрмей жіпсіз байланған секілді бір түрлі мұңайған түспен қаламды бір сияға батырып, бір қағаз үстіне жорғалатып, бір ұшы-қиыры жоқ ұзын ойға батты да отырды. С.Торы. ~ — Әр заман өзіне лайық жол табатын шығар. Қарт төмен қарап тұқырайып, ойға батқан. — Табары, табар — деген, әлде не уақытта. Өмір нәрі жерде ғой. К.Жүн.

Posted in

ОЙҒА АЛДЫ

Жоспарлады, мақсат тұтты, ниет етті. * Сүйінғара қолымен қымтай ұстай ыққа қарай ыңғайланып, Исатайға бұрылды: — Ал, Исатай інім! Ниеттерің оң болсын, ойға алғандарың іске ассын. М.Әбдіх. * Ақыры орындалып ойға алғаны, Осылай Әбдіғапар той қамдады. Торғайдың өзі болды нағыз байы, Жиылмай жататұғын жайған малы. С.Тұрғ.

  1. Есіне түсірді, мән берді, зерделеді. * Мәңгілікке жалғас Айя-Софияның шынында да жоса түстес қызғылтым екенін жер аяғы кеңіген тәуелсіздіктен соң, Түркия, Стамбұлға алғаш барғанда көрдім. Көрдім де, өткендегі түстерімді ойға алып, мұншама сәйкестікке қайран қалған едім. М.Мағ. * Шексіз, үмітсіз мұңға батып отырып, осы күнге дейін кезген жерлерін, аралаған елдерін ойға алған… Т.Шап.
Posted in

ОЙҒА-ҚЫРҒА ШАПҚЫЛАДЫ (ШАПТЫ, ЖҮГІРДІ)

Жан -жаққа ат салып, жүгіріп, шарқ ұрды. ~ Кіші теңіздің кенересі тола бастағанда қолында азды- көпті билігі барлар жағалаулықтардың келешек тағдырына бас ауыртқансып, тосын жаңалық ашқансып, ойға- қырға шапқылаған. Қ.Жиен. ~ Басқармамен тақымдас, оның ойға-қырға шапқылайтын шабарманы Шәміл орынбасардың беделі бөлек. Айқаймен емес, айбатпен жеңеді. Ж.Кем. ~ Содан бері ағаң ойға-қырға шауып жүріп, тамыр-танысымен ақылдасып, қарызға болса да ілінді ғой. Несие дегенің қып-қызыл қарыз сіңлім. С.Досж. ~ Ел жабдықтанып Асылбек аулындағы орысқа тиюге гу-гу етеді. Ойға-қырға шаптырып жатыр. І.Ес. ~ Мен ойға-қырға жүгіріп таба алмай барсам, қорылдап ұйықтап жатыр. С.Мұқ.

Posted in

ОЙБАЙДАН ОЙБАЙ САЛДЫ

Жан даусы шығып шырқырады. *Алдында ишанның умалауынан зәрезеп болып қалған сорлы Қамар бақсы ойнайын десе, ойнамақ тұрсын маңайына жақын барса да, ұядағы балапандай шырылдап міз бақтырмады. Ойбайдан ойбай салды. С.Торы. ~ Шашы жайылып кеткен. Көзінен аққан жасы көл болып, алдындағысын көрерлік емес, көрсе, танырлық емес. Ойбайдан ойбайды салып келеді екен. Бәйбіше Перімәлік байға қарама-қарсы келе кетісті. «Қаз.ерт.»

Posted in

ОЙБАЙ, КӨТЕК!

Әлденеден шошынғанда, таң қалғанда не сасқанда айтылатын оғаштау сөз. ~ Анау аузы аңқия ашылып денесін шегелеп қойғандай қозғалар емес тиын түскенде ғана ес жиды. — Ойбай, көтек! Төбеңнің тесігі бар екен — ау! С.См. ~ Алдыңғы тана көз жапалақ сары қыз «Ойбай, көтек!» – деп дауыстап жіберіп, суды екі аяғымен сабалай арғы бетке қарай жүзе жөнелді … І.Ес. ~ «Ойбай, көтек, мұнысы не?» — деппін ғой сасқанымнан. Даусым жарықшақтана қатты шықты. М.Сүн.

Posted in

ОЙБАЙ САЛДЫ

Жан даусы шықты, баж ете қалды. ~ Боз Мұнай келе құлады. Қосағымен екеуі, Жер бауырлап жылады. Ойбай салған дауысы, Жұрттың басын құрады. Жұрт келсе де тұрмады; Көтеріп басын бұрмады; Жұбатқанға болмады; Сол ойбайдан танбады. А.Байт. (Ер Сайын») ~ Не боп жатқанын білмеген, бірақ не де болса, сұмдық бірдеме болып жатқанын сезген Жайнақ, бақырған қалпымен далаға ата шығып ойбай салды. С.Мұқ. ~ Бір әйел бүкіл ауылды басына көтеріп ойбай салды: — Өткен түнде үйімнен баламды ұрлап әкетті! С.Ом. ~ Тұрақтағанына үш-ақ күн болған ауылды мына айқай астаң-кестең етті. Шапқыншы үй-үйді аралап, ойбай салып жүр. К.Қаз.

Posted in

ОЙБАЙ ДА АТТАН (ОЙБАЙ)

У-шу болып дүрлігу туралы. ~ Алдында Сыдық пен Нәшен, артында Мәлік келе жатса, бір сұмдықтың болғанын біле қоятын болды жұрт. Алдарынан шулап шыға келеді. Ойбай да аттан, бауырым да боздағым. Қанды жасын төккен жар, шырылдаған қаршадай бала. К.Қаз.

ОЙБАЙ ДА ОЙБАЙ

Байбалам салып, орынсыз шу көтеру туралы. ~ Қар кеткен наурыздың аяқ кезі, Жайған еді жерге шуақ күннің көзі. Әжібай өлгендей-ақ үш қатыны, «Ойбай да ойбай» еді барлық сөзі. С.Тор. ~ Қолға ұстап сирағынан кішкене ұлын, Жайылып даударланған екі бұрым, Бар сөзі: «Ойбай, ойбай, ойбай да ойбай!» Жуылып қызыл қанға бет пен мұрын. С.Тор.