Posted in

ШАЛҚАР КӨҢІЛ

~ Мынау сарышұнақтай ін қазған тұрмысымызды қолай көрсеңіз, аяқ суытып, дәм татып кетіңіздер. Барымды ірікпесем, жоғымды іздемессіздер. Құдық қылған тірлігім болса да, айдын шалқар көңілім бар. Түсіңіз, шын пейілім осы, – деп қолқа салды. С.См. ~ Ол уақытпен де, төңірегімен де есептесіп жатпайды. Кең жаны, шалқар көңілі соның өзінен ләззат тауып, ғажап бір іс тындырған сияқтанады. М.Сүн.

Posted in

ШАЛҚАСЫНАН ТҮСТІ

Бұрқан-талқан болып, ашу шақырды. * Түнде жүріп кетпек еді, Сиғат алғашында қара торы келіншектің әдемі шайын қимады, кейін шофер жігіттің аузынан сыраның иісін сезіп қап шалқасынан түсті. Қ.Ысқ. * — Жаса, Майра! — деп Жомартбек жалғыз өзі аямай алақан соқты. — Сағынованы шалқасынан түсірдің. Аяғын аспаннан келтірдің. Ә.Нұрш. * — Қашан танысып ең?—деп еді, Абыралы шалқасынан түсті. — Қатқаныңның басы! Мен не дейім, домбырам не дейді. Бүгін бөле қарындастың туған күні деп тұрмын, М.Қабанб. * .Бірде ағайым маған ақыл айтты. «Алтынай, сен бүйтіп жүре берме. Оқы. Өнерің болғанмен оны жетілдіру керек» деп. Күйеуіме айтып көріп едім шалқасынан түсті. Ү.Жәлеке. СИН: ШАЛА БҮЛІНДІ

Posted in

ШАЛҚЫҒАН ТҰРМЫС

Қайғысыз, байқуатты, ештеңеге зәрусіз рахат тірлік. ~ Ауқанның байлығын, табысын, шалқыған тұрмысын, сұлу әйелін қызғанады. Д.Қуат ~ Шырынкүл сонда… қайтіп қарабет болды? Ештеңеге зәру емес еді. Шалқыған тұрмыстың ортасында отырды. О.Сәрс.

Posted in

ШАЛҚЫП ӨМІР СҮРДІ

~ Голощекиннің басты жандайшаптары да сол қазақтар болды. Атақты адамдар, қайраткерлер, қаламгерлердің арасындағы сатқындарды мен жақсы білемін. Періште- жан, күні бүгінге дейін олар шалқып өмір сүрді. Өтірік күлді, өтірік бірін- бірі мақтады, бірін- бірі сатты. С.Досж.

Posted in

ШАЛТ ҚИМЫЛ

* — Өтінемін, ойымды бөлмеші? — деген ол ақырын ғана басын шайқап, ұйпалақтаған шашын шалт қимылмен кері қарай қайырып тастады … Ж.Шағ.

Posted in

ШАЛТ ҚИМЫЛДАДЫ

Оқыс, барынша тез әрекет жасады. ~ Сұсты қызыл жағалы адамдарды көрген соң ауыл алғашқы жайбасарлығын қойып, дүрлігіп, дүрмекке ілесіп шалт қимылдады. Б.Қыд. ~ Әзиз-Сұлтан ұшып тұрып шалт қимылдап еді, сілтеген келтегі дөп дарымай ананың басындағы темір телпегін даңғыр еткізіп ұшырып түсірді. Т.Сәу. ~ Құлын- бала да мойнынан тізелей басып, қара танауынан сіргелей саусақ сала басын көтере беріп, шалт қимылдады. А.Алт.

Posted in

ШАЛЫҒЫ ӨРШІДІ

~ Биылғы күз бұрынғыдан да ауыр соқты маған. "Құс қанатының желігі бар" деген рас сөз, тегі. Қайтқан құспен бірге шалығым өршіп, өзімнен-өзім елеуреп жер-көкке сыймай кетемін. Қарадай жұлқынып, қу жанымда тыныштық жоқ. Т.Сәу.

Posted in

ШАЛЫҒЫ ТИДІ

Кесірі, зияны тиді. ~ Заман құбылмалы дейді қарттар. Құбыла келе түрлі күйлер шығарды. Жұрттың астын үстіне келтірді, сұрапыл лайсаңда аяқ-бас, бас-аяқ болуға айналды. Көппен бірге заман шалығы Жайлыбайға да тиді: қоралаған мал бітті, қотандағы қой кетті; мал біткен соң сөн бітіп, әкімдік биліктің қызығы қалмады. Б.Майл. * Байтақ аралда сыңсыған ел жайбарақат өмір кешіп келе жатқанда дүрбелең басталды. Басталған жоқ-ау, дүрбелеңнің шалығы тиді. Т.Әлімқ. * Басы бостан өзгелер Алаң жаққа аттап басқан жоқ. Шалығы тиіп кете ме деп қарадай үрейленді. Т.Сәук. ~ Кейде шошып оянған соң, қасақана, әлдененің шалығы тиген тәрізденіп бақырып жылай берем. Қос басындағыларды дүрліктіріп түгел оятам. Талайға дейін жұбанбай, әлек қыламын. Б.Соқ.

Posted in

ШАЛЫҚ ҰРҒАНДАЙ

~ Ағылып-сөгіледі екен, егіліп-төгіледі екен… Соңғы кездері сағыныш дертіне әбден шалдығып, кейде шалық ұрғандай сыңай танытады-мыс. Т.Дәр.

Posted in

ШАЛЖАЙЫП ОТЫР (ЖАТЫР)

~ Кәріпжан жоқ, Мәлік ұшып тұрып, алма ағашының ар жағына жүгіре басып барып еді. Кәріпжан дәнеңе болмағандай қаннен қаперсіз шалжайып отыр! Б.Тоғ. ~ "Осы өзім тап қазір жұмақ төрінде шалжайып жатқан шығармын" деп Айтуар іштей тебіренді. Д.Дос. ~ Кәдімгі бір соғыста елін қорғап, мүгедек болған кісідей шалжайып жатасың да қоясың. Ұялсаңшы» деп іштей өзін–өзі кекетіп қоятыны бар. С.Дос. ~ Бураға анда-санда бір көзім түседі. Ол да мен құсап құлап қалып жүрер ме екен деп қауіптенемін. Бірақ өзгелердей шалжайып құлап жатар Бура ма? Таяғымен сарт-сұрт еткізіп анаумен де, мынаумен де айқасып жатады. Т.Нұрм.