Толағай теңіздей ауқымды ой, сана. ~ Кенекем құлаштаған ой теңізін, Бұлдыртқан бұлдыр заман қыран көзін. Бір кезде серпіледі, шығарған соң Ойлардың «уһ» деген у лебізін. М.Жұм. ~ Бірақ түндіктен сығалаған алақандай аспан Асқардың алабұртқан жанына тыншу әкеле алмады. Ұштығы жоқ ой теңізінде жағаға шығар түрі жоқ… Т.Әбд.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОЙ ТАСТАДЫ
Пікірін білдірді, идеясымен бөлісті. ~ Жылжымай жалғандықтың қой тастары, Әділет қашан Жерде айқасқалы… Шындықтың мінбесіне шығып бүгін Даланың Кәмшат қызы ой тастады. Ф.Оң. ~ Ардақ әрдайым еріне осылай ой тастап, өзі жоқтың сөзін сөйлейді. Ғ.Мұст. ~ Оның зор ынтасы, табандылығы мен алғырлығына будан бұрын да көп жерде Николай Трофимович ой тастаған. Б.Соқ.
ОЙ ТАРАЗАСЫНА САЛДЫ (-Н ӨТКІЗДІ)
Іштей ой қорытып, ақылға салды. ~ Сен соңына дейін шыдап оқып ал. Оқып болғасын ғана, кім кінәлі, кім кінәсіз екенін ойлап, ой таразысына аларсың… «Арпалыспен…» ~ Дмитрий оған міз бақпай тесірейе қарап үнсіз тыңдады, әйтсе де, оның бәрін ұтып, фактіні түгелдей ой таразысына салып үлгіргені Алешаға айқын еді. Ф.Дост.
ОЙ ТАРАЗАСЫНАН ӨТКІЗДІ
Ақылға салып, қорытты. * Баяғының «күнім өтіп барады» деп зар еңіреп жылайтын заржақ шалдары – осының бәрі-бәрін ой таразысынан өткізіп, арғы дүние мен бергі дүниені сабақтастыра, күннен бұрын бағамдаған-ау; тіпті, олардың өмірін қызыға, қызғана еске түсіруге болар. О.Бөк. ~ Капитан Немо менің сөйтетінімді ой таразысынан өткізіп, кесіп-пішіп, біліп қойған, енді ол, менің қиялға ғана беріліп, бір олай бір бұлай ауытқып тұрғанымды тамашалап тұр. Ж.Верн.
ОЙ СОҚТЫ БОЛДЫ
Әлдебір ой мазалап, әбден шаршатты д.м. ~ Соны көріп, біліп жүрген менің көкірегімдегі уайым, көз алдымдағы тұман күн өткен сайын қалыңдай берді. Ой соқты болып, жүдеп, сүлкінім түсе бастадым. Ж.Сәм. ~ Санаменен сарғайып, сағынышы күн өткен сайын меңдеткен Марқа, өзімен-өзі оқшау қалып, көбіне ой соқты боп үндемейтін күйге ауысыпты. С.Ғабб. ~ Қонақтардың ендiгi бас қызметшiсi, ыңғайы мен ебiн тауып қапысыз жағыдайын жасайтын жүн кеуделi қасқа бұқаға көбiрек ұқсайтын Дайрабай, көзiн қылмитып бiр сәт ой соқты болғандай тұрып қалды. Ә.Ыб. ~ . Соның соңынан… алғы мезеттер туралы не түрлі толғақты толғанысқа, сан қилы сана толқынына сүңгиді. Ақыры ой соқты болған оңаша жанға айналып кете барды. С.Үс.
ОЙ САП ЕТЕ ТҮСТІ
Оқыстан туып елең еткізген ой туралы. ~ Міне, Шідербайдың манадан ойлап отырғаны осы еді. Бір жақсы ой сап ете түсті. Кідірмей-ақ: «Қартқожа, сен құнаныңа мініп, бұ кісіге ер-дағы, Балдекең аулына дұрыстап апарып сал»,— деді. Ж.Айм. ~ «Сұрасам қайтер еді» деген бір ойда болғаны рас еді. Бірақ «мазақ болармын» деп, сұрамап еді. Не дегенмен бұл əлі беті ашылмаған қыз ғой деген ой сап ете түскенде, басын көтеріп, қолын жіберді. Шапанынан тартып еді: қатып қалғандай илікпеді. Ж.Айм. ~ – Ой, көргенсіз ит-ай! – дей беруі-ақ мұң екен. Айша кіріп келді. Сембайдың келінмен алысқанын қырағы көзі шалып қалғанда, арам ой сап ете түсті. Ол онымен кете барсын. Айша ішіне түйді де қойды. Ж.Айм. ~ Қамит өліп кетті: «бұл – менің сөзім», – дейтін кісі жоқ. Сөйтіп, мен де «жазушы» атанайын… деген жаман ой сап ете түсті. Қолым қалты. Ж.Айм. ~ Көгерген қос қыртыс қалың ернін қайта-қайта тістене қыры ұстанып келе жатыр. Қотанбұлақ деңгейінен өте бергенде Жақсыбайға бір сұрқия ой сап ете түскендей болды. С.Бег. ~ Манаты есік алдынан кесе-көлденең жібермегенінің өшін бір қайтарайын деген ой сап ете түсті. К.Қаз. ~ Осы сәт Пангуринге: «Мына ит ана жаққа сұрау салып, өтірігім шығып, аяқ астында бір пәлеге қалып қоймас па екем?..» – деген суық ой сап ете түскен. Әлдене деуге кеш екенін дер кезінде ұққан ол қолын бір сілтеп: «Мейлі, болғаны болады да», – деген күйіне күбірлеп. С.Баяз.
ОЙ САЛДЫ
Ойландырды, ой-пікірге қозғау салды. ~ Мамамның Майқанова жөнінде айтқандары маған ой салды. Шынында да, оның менімен өш боларлықтай алты аласы, бес бересісі бар ма? Б.Соқ. ~ ─ Қарайтындай не бар мұнда? ─ Ой салады. Мен ертемен тұрып осы жерге келгенімде басымда түк ой жоқ еді. Міне, қарап жатырмын. Қилы-қилы ойлар шырмауда. С.Шай. ~ Мұңлық ойлы жымиып, бас изеді. Режиссердің репетиция үстінде оған ой салған тұстары көп еді. Н.Сер.
ОЙ САБЫЛТТЫ
Ойын сан-саққа жіберді, ойға батты. ~ Пахраддин сан саққа ой сабылтып іштей тыңды. Осылай боларын бұл әу баста-ак болжаған-ды. С.Ел. ~ Тым қиырдан бұлыңғырлап елестейтін сол бір замандық кешулерге ой сабылтып, сауысқан құйрықтанған ұзын бурыл сақалын буыны қисайған шадыр саусақтарымен тұтамдап, ұзақ отырып қалған Борекең кенет қабағын көтерді. Ғ.Біл. ~ Бурыл тарта бастаған сақал-мұртын жел козғап, келбетті келген саналы жүзі түнеріп, шалбарланып, қабақ шытып біраз ой сабылтып тұрды Пахраддин. Өңі тым жадау еді. С.Ел.
ОЙ ӨЛКЕСІ (ӨРЕСІ)
Ақыл мен сана ауқымы. ~ Ата-анаға көз қуаныш — Алдына алған еркесі. Көкірегіне көп жұбаныш, Гүлденіп ой өлкесі. Еркелік кетті. Ер жетті, Не бітті? Абай. ~ Ет бауыры елжіреген Таңжарықтың ой өлкесіне өлең селі тасқын атып, жөңкіле берген. Шерлене қыстығып, көзіне ыстық жас алды ақын. Т.Рыск. ~ Оның санасында жаңа бір ой өресі мен сезім сергелдеңі туындап келе жатқан еді. О.Уай.
ОЙ ОРАМЫ
Ой желісі, тізбегі. * – Жас кезіңде жалғыз алтын жұмыртқа тапсаң, қалған ғұмырың соны қорумен өтеді екен, бауырым, – деген еді Мұхтар аға бір кездескенімде. Тосын түйін. Пайымды пікір. Ордалы ой орамы. Т.Жұрт. * Осынау балуан тұлғалы кесек пiшiлген жiгiттiң сыртқы пошымына да аз ғұмырында бiраз көресiнi көрiп, шар болаттай пiсiп-шыңдалған ой орамына да әбден көңiлi толған болатын. К.Сег. * Жапон жазушысының ой орамы қазақ оқырманына қалай әсер етті? А.Дос-а. ~ Әлгі жыбырлақтан ұзай бере тарқаттым ой орамын. Менде де басым еді таңданыс. Ө.Кәр.
ОЙ МАЗАЛАДЫ
Әлдебір түйткіл дамыл көрсетпеді, санасынан кетпей қойды. * Джеймс Аббот ұйқыдан ерте оянды. Даланың таза ауасында ұйқысы қанып қалды ма, әлде оны түрлi ой мазалады ма? Ол жағын түсiнген жоқ. М.Әбдіх. * Бұл ұсынысты біз өз отандастарымызға жеткізуге уәде бердік. Алайда, осыған байланысты, бізді басқа бір ой мазалай береді. Ш.Айт. * Жалмұқан мең-зең боп ағаш үйден отауға қалай жеткенін білмеді. Ойы он сақта. «Неге шақырды? Сөзді неден бастар екен? Мен не дейім?» деген ой мазалап келеді. С.Жүн. * «Неге келдім, не тындырдым, осы менікі не жүріс» деген ой мазалап Ержан ісінің берекесі қашқан адамдай аса бір ыңғайсыз халге түсті. Т.Ахт.
