Posted in

ОЙ ҚҰШАҒЫНА БЕРІЛДІ (ЕНДІ, ШОМДЫ)

Терең ойға шомды. ~ Әркім өз ісімен әлек. Бірі үнсіз толғаныста. Кейбіреулері соңғы жаңалықтарды талқылауда… Ал мен ой құшағына берілгем. Ел жақты ойлаймын Ә.Ысқ. * Өз-өзінен күлімдей күбірлеп, енді бірде қабағы түксие, ауыр ой құшағына беріледі; сырлы, тұңғиық қара көздегі қуанышты ұшқын сөніп, мұндайда суына қалады. М.Сүн. * Амалы құрыған Есберген қайтадан тып- тыныш жатып ой құшағына берілген. Д.Әшім. * Өзі жан-жақтан қамалап келген ой құшағына енді де кетті. К.Қаз.

ОЙ ҚҰШАҒЫНА ШОМДЫ

Қалың ойға берілді. ~ Бұл жолы да сүт қосқан күрең шайды ауық-ауық ұрттап қойып, қонақ бөлменің екі жақ қабырғасына сірестіре жиылған кітаптардан көз алмай түрлі-түрлі ой құшағына шомды. Д.Ис. ~ Әрі Құланқырған аталатын, бағзы заманғы тірліктен сыр шертері бар терең жыраны да көздерімен бір сүзіп, ой құшағына шомған түрлері бар. Ұ.Досп. * Өз сөзі Боқаңның өзіне әсер еткендей боп, ой құшағына қайта шомды. Б.Майл.

Posted in

ОЙ ҚОРЫТТЫ

Әлдебір тұжырымға келді, ой түйіндеді. * Тек, бұл әфсананың жинақтау, салыстыру, саралау, ой қорытып, пікір тұжырымдау мақсатында жазылғанын есте ұстауды өтінеміз. Т.Жұрт ~ «Мынадай дәулетті, бай-бақуат адамның келіншегі осындай болуы керек қой» деп ой қорытты Ақілгек. С.Олж. ~ Мурзин пенснесін бір шешіп, бір киді. Исадан естігендерін ой елегінен өткізіп, үндей алмай қипақтап тұр. Әлден соң өзінше ой қорытты. А.Жақс.

Posted in

ОЙ ҚОЗҒАДЫ

Пікір айтты, ой бөлісті, әлдебір мәселені көтерді. ~ Ой қозғайды оңаша таудың басы, Өткеннің ойға түсіп тамашасы. Қолтығына қабағын түйіп қарап, Әне тұр Қодар өлген құз-жартасы. Шәк. ~ Оның көкірегінде Зәуреш туралы ой қозғайтын әлдеқандай бір бұлыңғыр, қатерлі сезім оянды. Ә.Әл. ~ Ойды – ой қозғайды. Қазір сәл бір жағымды әрекеттерін теледидардан көрсетуге құмарлық кең жайылған секілді. Ш.Құм. ~ Шалдың Хасен бай айдалып Петерборға барғанда дегені тағы бір ой қозғады. С.Бег. ~ Ертедегідей ойыма қарай сөз қозғап, Сөзіме қарай ой қозғап, Алты қанат ақшаңқан Үйдің төріне шақырып… Ж.Сәрс.

ОЙДЫ ҚОЗҒАДЫ

Ойландырды, ~ Әкемнің «бұл кісінің маған істеген бір жақсылығы» деген сөзі ойды қозғап: — Әғке, ол кісі сізге не жақсылық істеді? — деп сұрап едім… С.Бег. ~ Біз үшін анығы сол – осы үшеуінен басқа ешкімді оқымаса да, Абайдай сара көкірек, кемеңгер ақыл үшін әлемдік ойды қозғаған көп мәселелер мен мәдени-көркемдік кемел үрдістер беті ашық кітаптай сайрап жатар еді. Т.Шап.

Posted in

ОЙ ҚАШТЫ

Көңілін әлдебір ой мазалады. ~ Бал-бұл жанып, жайраңдап тұрған әйелін құшақтай алғысы кеп, әзер шыдап тұрса да, көңіліне бір қитұрқы ой қашып, қолындағы қамшысын умаштай тусті. Ә.Кек. ~ Әбілқайырдың әлгі хабарын естіді ме, жоқ ойына бір ой қашты ма екен, декабрьдің жиырма төрті күні, кешқұрым ала көбеңде Бөкенбай батыр кіріп келді. Ә.Кек. ~ «Елге тірі барып, соларды арманына жеткізем» деген қиғаш ой қашқан көңілдің соңынан қуған қуғыншы еді. Міне, енді сол арманының бір қабын арқалап келіп отыр. Қ.Түм.

Posted in

ОЙ ҚАУЗАДЫ

Терең ойға батты. ~ — Үміт — өзіңді-өзің емексіту. Өйтіп, әне-міне, иә, иә деп елпеңдейтін жайым жоқ. Қайтесің, — деп Батыр тоқалының бұрымынан сипады. — Барып шаруаңмен айналыс енді. Оңаша қалған батыр тағы да ой қаузайды. Н.Дәу. ~ Көп ұзамай Ерсерік шаңыра­ғы­на қайтты. Кенесары хан ес­керт­кіші тұсында азды-көпті аял­дайтын әдеті. Есілге көз жү­гірт­ті, биылғы жаз жаңбырлы, Есілде су көп, шып-шып еткен су кемеріне жетіпті. Түрлі ой қау­зады. А.Әк. ~ Осындайда шертетін едік қой, Ақкүшік. Боздатар едім қазір. Бойымнан боран соғып кетер еді. Боздап, әрине. Ақкүшік иесінің қолының сыртынан жалап, бүйіріне тығыла түсті. Сағынып қалған сыңайлы. Қалдыбай ой қаузайды. Н.Дәу.

Posted in

ОЙ ҚАМАУЫНДА (ҚАЛДЫ)

Терең ойға шомды. ~ Ал қалың ойдың қамауында қалғаным рас еді. Көп болмаса да бұған дейін қызметтен қызметке ауысқанда мұнша толғанған емеспін. Толғанбайтын жай ма?! К.Қаз. * Өлердей сағынған жалғыз ұлын алдына алып тербеген Ақан сері өз-өзінен ыңылдап терең ой қамауында отырғанда, жер ошақтағы от сәулесімен ғана тамақтанған қаракөлеңке қос ішінен анда-санда даурыға түсіп, таласа ұрсысқан дауыстар еміс-еміс естіліп тұрған. С.Жүн.

Posted in

ОЙ ҚАМАУЫНА ТҮСТІ (ҚАМАЛДЫ)

Әлде бір ойдан құтыла алмады. ~ Бірақ сан түнде ұйқысыз ояу жатқанымды байқап қалып: «осы сен бір қалың ойдың қамауына түскен сияқтысың, жай ма?» — деді. К.Қаз. ~ Өзінің ақбоз үйінің төрінде, жолбарыс терісінің үстінде әлдебір ойлардың қамауына қамалып, қиялы сан-саққа бөлініп отырған нар тұлғалы, кең кеуделі, өткір көз кісі – Көкен батырды Қылышбай өзіне қарату үшін даусын зорайта, сөзін екі рет қайталаған-ды. Ж.Жұм.

Posted in

ОЙ ҚАМАДЫ

Ойға шомды, уайым басты. ~ Шығыс желі тербетеді шынардай, Отырсаң сен ой қамап. Қараңғыда қояр – ау сол шығармай, Қысқы жолдар тайғанақ. Б.Раис. * Ұйықтамаған адамды ой қамайтын әдеті. О.Сәрс. * Безірейген сырты демесең, ішкі жан- дүниесі алау- далау: ой қамап, жаны безектеген кей сәттері өзінің басқа емес, өзі екеніне де сенгісі келмей кетеді. Ө.Ахмет. * Күні бойы қай-қайдағы ой қамап, құдды ит бауырынан өрген күшіктей қыңсылап, ұлып, бұл сорлының жанын шығарып, жабылып талап жатыр, талап жатыр. Ә.Нұрп. ~ Ғалам біткен ғазауат күйін шалса – Адам біткен кетеді жар жағалап… Сайтан ойлар санаңды шоққа малып, Оянасың ой қамап, Отқа оранып. Ғ.Жайл.

Posted in

ОЙ ҚАЖАДЫ (ҚАЖЫТТЫ)

Әлдебір ой маза бермеді. ~ Өзін қыс бойы ой қажап, моқап жүр. Соған жөнді себеп те жоқ. Былтыр күзде жағадағы елге Еламан кеп, жігіт жиып әкеткеннен бері мазасы болмады. Ә.Нұрп. ~ Бапының адамдар әлемімен ілік– шатысын білетін әрі оның ой қажаған кәрі жүзінен даналықтың келбетін көріп, ақылына жүгінетін аң мен құс, күллі мақұлхат осындай үлкен жиында соның алдына жиналатын. Д.Қуат.

ОЙ ҚАЖЫТТЫ

Күні-түні мазалаған ауыр ой шаршатты, дегбірін қашырды . ~ Астан қалмаған дені сау адамға бір орында тапжылмай жата беруден асқан азап бар ма? Оның үстіне ой қажытып барады. С.Жүн. ~ …Ақыры, ол әйеліне хат жаза алмады. Таң атты. Түнгі ой қажытқан Исабеков әлі ұйқыда жатты. Ш.Айт. ~ Еңсесін езген, жүрекке түрпідей тиетін осы ауыр ой қажытып, ат қораға ұзақ жүріп жетті. А.См.

Posted in

ОЙ КӨЗІНЕН ӨТКІЗДІ

Көз алдына елестетті, есіне түсірді. ~ Бүкіл өткеніңмен, бүгініңмен, ертеңіңмен бет бе- бет қаласың. Жер бетіндегі сапарыңды сонда ой көзінен өткізесің. Босқа өткен уақыт. С.Ел. ~ Некеге отырып, отау болғаннан бергі барлық кешірмелерін ой көзінен өткізді. Ұзақ қиялға шомды. Ж.Сәм.