Жеуге құныққан, ашқарақ. ~ Құмды шөлде құмыққан даусың кімнің құлағына жетіп жатыр дейсің?! Құдығыңыз — обыр өңеш, апан ауыз. Ал «жыланды бақ»… Тозаққа бергісіз жұмақ жұртымыз болып жүрмегей?.. И.Сап.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОБЫР АУЫЗ (КӨМЕЙ)
Жемқор, тойымсыз, жалмауыз. ~ Оған арқа сүйер болатын тозған заң әлі тірі. Қапы кетсең болғаны, аузын аямай салады. Ындыны құрыған обыр ауыз қауып-қауып қалады. Сол ауызға енді Ақбота түсіп кетіпті. Ғ.Мүс. ~ Жер жұтып кетсе де, ешкім іздемейтін қайдағы бір обыр ауыз масылдарға тегін киім, тегін тамақ, тегін төсек болғанымыз бар. Бұл жолы да соның кебін киіп жүрмейік. Ә.Кек. ~ Манадан бері өзеннің арғы жағына топырлай жиылып, лагерь боп жайғасып жатқан қалың әскерге қызықтап қарап тұрған қала халқы: «Осынша көп обыр ауыздан құтылғанымыз өтірік пе, шын ба!» − деп, іштерінен тәуба айтып тұрған шығар. Ә.Кек.
ОБЫР КӨМЕЙ
Тойымсыз, жебір. ~ Әскердің қажеті деп, еті күйлі ат– көлік, сойыс мал, астық бірінен соң бірі үкіметтің обыр көмейіне нығалып жатқан мезгіл. Т.Рыс.
ОБАЛЫНАН ҚОРЫҚТЫ
Қиянат қылғысы келмеді, күнәкар болудан қорықты. ~ – Маған бәрі бірдей еді, – дейтін Ахаң. – Әйтсе де көп жетімнің ішіндегі шын жетім осы екен. Обалынан қорықтым… М.Мағ. ~ – Маған бәрі бірдей еді, – дейтін Ахаң. – Әйтсе де көп жетімнің ішіндегі шын жетім осы екен. Обалынан қорықтым… Ш.Айт.
ОБАЛЫНА ҚАЛДЫ
Біреуді жазықсыз жапа шектірді, қиянат қылды. ~ Сол степное положениені енді өзгертуге Думаға проект кірді деген сөз бар. Ол өзгертіліп, төртінші Думада қазаққа жаны ашитын жақсы депутаттар: «Қазақ жайын білмей, жайсыз закон шығарып, қазақтардың обалына қаламыз, қазақ турасында шығатын закон Думада қаралғанда қазақ депутаты болмағаны жарамайды», – деп жатыр. А.Байт. * «Қайран да біздің қара тентегіміз- ау, обалыңа өзіміз қалдық- ау» де, жылар еді. К.Сег. * Сұлу әйел керек болса, Машанов сияқты сен де біреуін алмайсың ба? Мүмкін, мен кедергі жасап, обалыңа қалып жүрген шығармын. Қ.Жұм.
ОБАЛЫН АРҚАЛАДЫ
Күнәкар болды, біреудің обалына қалды. ~ Күңіренген күйі көз алдымызда жүріп кетсе, обалын текке арқалаймыз ғой?!. Ғ.Қаб. ~ Сөйтіп «халық жауларын» іздеп халыққа қырғидай тиіп, қарғыс жиып, байғұс жануарлардың обалын арқалап жүрген бір күні қырдан келе жатып аттан ұшып мерт болды Төрегелді. С.Досж. ~ Қыз мандам, сау болса егер менің денім, Зорлап қосса, құсадан өлер де едім. Паң сұлудың обалын арқаласам, Адамдығым болар ма онда менің?! ” БС «Кенжекей…»
ОБАЛЫ НЕШІК
Әділін айтқанда д.м. * Демалысқа елге барғам… Жақынның аты жақын ғой. Обалы нешік, буынсызға пышақ қойған біреу де болмады. Ж.Айм. ~ Обалы нешік, соған қарамастан Дулат пен Шапыраштының Байсейіт, Байзақ, Бұғыбай, Саурық және Тойшыбек сияқты батырлары ел-жұртымен бірден Кенесары жағына шығып, алдымен Әулиеата, Меркені қоқандықтардан тазартуға белсене ат салысты. C.Ақт.* Бірақ бұл қылығы үшін, бейшараның обалы нешік, тиісті сыбағасын менен талай рет алды… Б.Соқ. * Тасбақа жұмыртқасының жөргегі ып-ыстық құм ғой. Обалы нешік, құм-жөргек жетім жұмыртқаларға ана орнына ана болады-ақ. Ш.Мұрт. * Біреудің костюмін киіп, біреуден галстук сұрап әбігерге түседі. Обалы нешік, қайда барса да бұған салмақ салған емес. Т.Сәу.
ОБАЛЫ НЕ (НЕГЕ) КЕРЕК
Шынын айтқанда д.м. ~ Екеуі үйленерде шешесі тіккен құрақ көрпеше, обалы не керек, бұларға күндіз де қызметін аямады… Т.Нұрм. * Обалы не керек, таңертең су жылытып, орамалды жаңалап іліп еді, Елтайға шын көңілмен иіп, шеше болғысы келді. М.Қаб. ~ Бастығы Сұржекейге айтып, Шегені үйтіп жеймін десе қолында. Бірақ, обалы не керек, Қозбағар ондайға бармады. С.Ел. * Обалы не керек, бұлар, яғни, Елтайлар еңбек, оқу, қоғамдық жұмыстар дегенде апырып-жапырып жіберетін алымды-ақ, оқ бойы озық. М.Қаб. * Жұрт баста ұнатпай қарады. «Құлқыны үшін жүр»,— деушілер де болды. Бірақ сол жүрісінде Бекберген қыл шайнап, дән жұтқан жоқ, обалы неге керек, ол дүниеге кетті ғой, мақтағаным емес, шыныңның өзі осы. Б.Майл.
ОБАЛЫ МОЙНЫҢА
Жасаған қиянатың өзіңе қайтып келсін д.м. ~ — Қамар секілді асыл туған қарашығым, сендердің надандықтарыңа шынымен-ақ қара тоқты болғаны-ау! Көз жасы, обалы мойындарыңа! Лайым көздерің ашылмасын! С.Тор.
ОБАЛЫ МОЙНЫНДА КЕТТІ
Біреуге жасаған әділетсіздігі үшін күнәкар болды, айыбын арқалады. ~ – Сiз сияқты мәңгi билiк басында отырамын деп ойламаймын. Бүгiнгi атқарылар iстi кезегi келедi деп кейiнге қалдырсам, обалы мойнымда кетпей ме? Т.Сәу.
ОБАЛЫ КІМГЕ
Әлдебір қылмысқа, қиянатқа, зорлыққа кім жауапты болады д.м. * Оның үстіне қатынның үш бірдей баласы шулап жетім қалады, олардың көз жасы, обалы кімге? Бәймішке. Ж.Айм. ~ Нағып жазықсыз адамдар қырылып жатыр? Кәрі-жас, бала-шаға… қаншама адам бостан босқа өліп жатқан жоқ па! Олардың обалы кімге? Ендеше, мықты бол да, қолыңнан келгеніңді істе. Б.Ыбыр. ~ Бір күні ойнап, саяқ кеткен балаға шабады. Тезек теріп шыққан кемпір-сампырды жарып тастаса, обалы кімге?! С.Сағ. ~ Олар жер аударылып, аш-жалаңаш шұбырып кете барса жол азабын қаншалықты көтереді, олардың обалы кімге деген сауалдар мүлде жауапсыз. Ұ.Досп.
