Әдепсіз әрекетке барды. ~ Қарадай есеңгіреп есі шыққан, тосын әсерден оғаш мінез танытқан момындар сеңдей сығылысып көсем кісіге кимеледі. Д.Дос.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОҒАШ МІНЕЗ КӨРСЕТТІ (КӨРСЕТПЕДІ)
Дөрекілікке барды, жат қылық жасады. ~ Нұрлан не дерін білмей сипалақтап, қолайсыз жағдайда қалды. Қарындасымның осы сәттегі маған бір түрлі жат, оғаш мінез көрсеткенін ұнатқан жоқпын. С.Мұр. ~ Әйтпесе, бір ауыз сөзге келмей серейіп жатып состиып шығып кеткен әкедей оғаш бір мінез көрсетіп алсаң орға жығылу оңайдың оңайы ғой. Омақаса ұшып кеткен соң опындың не, опынбадың не. А.Сүл.
ОҒАШ МІНЕЗ КӨРСЕТПЕДІ
Әдептен озбады. ~ Елден асқан сотқар боп шықты. Үйінің маңынан бала жүргізбейді. Ит қосады. Тас лақтырады. Тек Нартайға ғана оғаш мінез көрсетпейді. М.Мағ. ~ Тек мойнын бура, қарап, сен өзің кімсің не істегелі жүрсің дегендей секемдене иіскегені, бір-екі рет арқа тусын дір-дір еткізгені болмаса, басқадай оғаш мінез көрсетпеді. Б.Соқ. ~ Қадишаны аларда өзінің тең құрбысындай әкесінің алдында сызылып, күйеу қалпын сақтап оғаш мінез көрсетпеуге тырысып, жалпақтап, асты-үстіне түскен Тастан енді оның атын ауызға алуға намыстанады. С.Жүн.
ОҒАШ ҚЫЛЫҚ (МІНЕЗ)
Көзге қораш көрінетін ұнамсыз мінез, әдепсіздік. ~ Бірақ солардың кейбіреулері арқылы романда осы күнгі кейбір оқытушылардың да басындағы оғаш қылықтары ептеп сыналатыны хақ. М.Мағ. ~ Баяғыда Абай өзінің аға-бауырларының осындай оғаш қылықтарына күйгенінен: «Қайнайды қаның, ашиды жаның, қылық¬тарын көргенде» деп күңіренсе керек. Ж.Шәк. ~ Мынаның соншама сұғынып, арбалған торғайдай кібіртік айналуын әуес көрген-ді. Қалмаш қызараңдап, өзінің оғаш қылығына ыңғайсызданып қалған еді. Қ.Қаз.
ОҒАШ МІНЕЗ
Жағымсыз әдет, жат қылық. ~ Сыртқы түрінде ептілік, шешендік, әлеуметшілдік, ісшілдік, бүтіншілдіктен басқа оғаш мінез білінбеуші еді. Ж.Айм. ~ Асқан сымбатты болумен бірге махаббаттың қадірін білетін, сыртқа теуіп тұрған оғаш мінезі де жоқ адам еді. Э.Хэм. ~ Бақытжан сырт көзге биязы, ұяң болып көрінетін. Бірақ онымен жақынырақ танысқан сайын өзгеше бір оғаш мінезін байқағандай болдым. Ү.Жәл.
ОҒАШ КӨРІНІС
ОҒАШ КӨРІНІС Ұнамсыз, залалды іс-әрекет. ~ Оның ел ішіндегі оғаш көріністерді газетке жазып, әшкерелеп отыратын қаламынан да бай-жуандар, әсіресе айқай-қиқумен ел ішіне әлек салып жүретіңдер сескенетін еді. С.Бег. ~ Соны айтып, басын көтеріп жол бойына көз жіберген ол әлде бір оғаш көріністі байқап қалды, ал бұл жайында келесі тарауда әңгімеленеді. М.Серв.
ОҒАШ КӨРІНДІ
Бейәдеп, жат, тосын қылық ретінде қабылдады. ~ Жанынан жақын ері Сәрсенбайға да айтқан жоқ. Сондықтан Шолпанның мынау мінезі Сәрсенбайға да, басқаларға да жат, оғаш көрінді. Жақыны да, жаты да күлісті, келемеж қылысты. М.Жұм. ~ Бір уақытта әлдеқайдан салт атты біреу сау желдіріп қыранға шыға келді. Сағыммен еліріп, біртүрлі оғаш көрінді. Т.Әл. ~ Абақтың бұл қылығы Қодарға оғаш көрінгенмен, Арғынғазы қарт мән бермегендей. Ә.Тар. ~ Нағашы ағасының ешкімді қабылдамай, тұйық бөлмеде тығылып отырғаны бір түрлі оғаш көрінді. Б.Тоғ. ~ Жұрт қыран-топан күлкіге батқан. Әрине, мен де күлдім. Әйтсе де, қаһарлы, мұртты көсемнің салтанатты тойындағы көңілді күлкі бір түрлі оғаш көрінген. М.Мағ.
ОҒАШ КӨРДІ (САНАДЫ)
Ерсі, орынсыз қылық деп таныды. ~ Маштай сенер-сенбесін білмей, колбасаға үрпие қарады. Содан кейін өз қылығын оғаш көріп, еріксіз езу тартты. Т.Ах. ~ — Аяқ астынан келдім… — «Апа» деуге аузы бармады, «Ұлеке» деуге түйенің жарты етіндей он үш баланың анасына ол құрметті біртүрлі оғаш көрді. — Директор жұмсап еді. Қ.Түм.
ОҒАШ САНАДЫ
Әдепсіздік деп таныды. ~ Бұл оны әкемдей үлкен кісі, кәрі деп кінәлады. Оғаш санап жаны түршікті. Т.Сәу. ~ . Меніңше, бұл арал тағамы дәмді, жаңа модаға еліктейтін әурешілігі жоқ пансионға, — яғни сіз бен біздің әдет — дағдымызды оғаш санамайтын жандарға, ескінің көзі саналатын адамдарға арналған пансионға, — өте лайықты орын секілді. А.Крис.
ОҒАШ ӘРЕКЕТ
Ұнамсыз, бейәдеп, тосын қылық туралы. ~ Біздің жақтың қыз-келіншектері әзілқой, қылжақбас келеді. Кейде ойынға айналдырғансып, тұрпайы, оғаш әрекеттер жасай салады. Т.Бер. ~ Араным ашылып, қарнымның ашқанын барған сайын қатты сезіндім. Кеудемді бір сырқат аяусыз кеміріп, іште үнсіз, оғаш әрекет аралап жүрген сияқтанды. К.Гамс. ~ Ота
үстелінің үстінде жатқан арудың жүрегін қолына алып үңіле зерттеп тұрған дәрігер адам ағзасының құпиясын түсінгісі келетін тәрізді. Осы оғаш әрекеттің өзі адамды алуан түрлі әсерге бөлеп, сансыз сауалдарға жетелемей ме? К.Мат.
ОҒАШ ЕСТІЛДІ
Әдеттен тыс, құлаққа тосын естілген сөз туралы. ~ — Қарғам, көзінде от бар екен. Адам боласың. Арманыңа жет, қарғам! — деді. «Қарғам» деген сөз Мирасқа оғаш естілді. «Бұл кісі біздің елден емес-ау, шамасы», — деп ойлап қойды. Ә.Тар. ~ — Жолдас директор, амансыз ба?—дейді. Әуелде оғаш боп естілген «директор» деген сөзге құлағым бара-бара үйренейін деді. Б.Соқ.
ОҒАН КҮЙСЕ, МАҒАН ПІСТІ
Менің ештеңем кетпейді, ұпайым түгел д.м. ~ — Қарау ойлайды демеп пе едің жаңа? ~ Шаруамды шайқар жайым жоқ. — Талақ тастаса қайтесің? — Ха-ха! Артына қарасын! — Қарамаса шы? — Мейлі, өз обалы өзіне. Оған күйсе, маған пісті. Ж.Нәж.
ОБЫРДАЙ ОПТЫ
Қырып-жойды, жалмады. ~ Жалғызым, қуатым! Сұмырай болыс, қуарған қала… Обырдай оптың ба жалғызымды!.. Жұттың ба басымды… Жерің кеңісе егін ек, міне, менің тұлдыр болған орныма! — дейді. М.Әу. ~ Көптен торып, обырдай обып келіп, енді түгіңмен жалмағалы отырғаны осы. Бұл бүгін емес, көптен келген пәле де. М.Әу. ~ Баяғы заманнан бері албан жайлауын обырдай обып, тәтті дәмдісін сіміріп жұтып, жонданып тұрған жәрмеңке бүгін ең ақырғы сағатына, өлім күніне жетті. М.Әу.
