Айтып-айтпай не керек; бекер жазғырмайық; несін айтасың; өтірік айтып не керек; әділін айтқанда д.м. ~ Рас, «Ештен де кеш жақсының» игілігін Сафуан да аз игеріп жүрген жоқ. Обалы кәне, Алматыда тежелген тегершік Мәскеуде қалыпты қозғалысына еніп, бүкілодақтық кәсіподақ сыйлығына лауреат та бола алды. … Сафуан, Тахауиларды халық өз жазушымыз деп танығалы қашан.. Х.Ерғ. ~ Өзгені қойғанда Жайлыбайдың бетіне жөндеп қарай алмадым. Обалы қане, мен құлап қалған соң ол да документтерін қайтып алып, ауылға бірге қайтіп едік. Н.Дәу. ~ «Шамаң келсе таба бер»,– дейді, әйелдеріне. – Сельсоветтен болмаса, совхоздан қайыр жоқ, таба бер…» ал, обалы қане, ауыл әйелдері шамасынша– ақ босанып жатыр. Әр үйде 7– 8 бала бар. О.Бөк. ~ Жоқ, бекер алаңдаған екем. Обалы қане, айтқан сөзінде тұрды. Алғаш қуанып қалғаныммен, артынша алыстан қарап тұрып, бекер мұнда шақырғаныма өкіндім. С.Үс. ~ Обалы кәне, айтқанында тұрып Өтеу қаражатын қалтасына салып беріп Семейге шығарып салды. Қ.Ысқ. ~… базар бастығының аузы-басын майлап-сипап жарыта алмағаны себепті ол жақтан қуып тасталған, обалы кәні, өңі жып-жылы, сөзі түп-түзу Сүлеймен деген сүп-сүйкімді жігітағасы еді, фамилиясын ұмытып отырмын, сол Сүкең ғажап құшырланды. Ғ.Қаб.
ТҰРАҚТЫ ТІРКЕСТЕР
Бұл категорияда сөздікте келтірілген 25 мың фразеологизмнің ішінен пайдаланушы іздегендері ретімен көрсетіліп отырады.
ОБАЛЫ ЖІБЕРМЕДІ
Күнәсының, біреуге жасаған қиянатының зардабын тартты. * — Тек отыршы әрі төндірмей! — деп сары кемпір Асекеңнің кесесін көзінің қиғашымен ұсынды, — Анау сегіз баланың обалы жібермес!.. Қ.Ысқ. * Дос жағы бұл қазаны, – «алланың ажалы» деп санады, дұшпан жағы – «Сәттар қызының обалы жібермеу» деп санады. С.Мұқ. * – Біреуін өлтіртіп, біреуін айдатып, екі бірдей ердің басына жетті, қу қаншық, бұны солардың обалы жібермеді, өлмесе өрем қапсың салдақы!» деп табалады … С.Мұқ. * Кесір- кесапатың балалардан аулақ! Жазықсыз хайуандардың обалы жібермес- ау сені! К.Сег. ~ – Онда, обалы жібермеді деген осы екен ғой, – деді алдындағы жолдан көз айырмай келе жатқан Біржан өзі досымен осы жағдайға байланысты талай сөзге келіп қалғаны есіне түсіп. С.Досж.
ОБАЛ ЖАСАДЫ (ҚЫЛДЫ)
Қиянат жасады. ~ Сонда кім кімге обал жасап отыр? Егер Сәмеке ұлысы өзі тыныш отырса, башқұрттар тисер ме еді? Жоқ. Ә.Кек. ~ Сырқатының барлығын ескерту керек еді. Жазықсыз қызға обал жасады. Ө.Кәр. ~ Әділқан. Бар. Бар болғанда қандай. (Бөліп-бөліп.) Ұрлық етпейді, обал жасамайды. Бұдан үлкен өнер бола ма?! Ә.Тәж. ~ Сеніңдер құдайға, жолдасыма түк жазығым жоқ еді, обал қылды маған. Ә.Әб.
ОБАЛ БОЛДЫ
Біреуге жасалған қиянатқа қатысты аяушылық, өкініш білдіру; қиянат, күнә болды. ~ “Көшіп жатыр, – дейді балалар, қамыға құлазып. – Обал болды, – дейді. – Анау жауыз құмырсқаларды жойып жіберу керек еді…” М.Мағ. ~ Бәрінен де баламдай бағып отырған қозықаға обал болды,– деген аспан елікті жерлеу қамына кірісті. О.Бөк. ~ Ғашықты жардан бөлсе де, Талай жан жолда өлсе де, Жасты, қанды көрсе де, Обал болды демейді. С.Сей. ~ — Ештеңе қылмайды, — деді бас жылқышы ауыр күрсініп. — мені де мазалап қояды анда-санда. Жігітім-ақ еді. Келіншегіне обал болды-ау! Ө.Кәр. .
ОБАЛ АРТТЫ
Біреуге қиянат жасап, күнәкар болды. ~ Атама мен не жаздым қор қылғандай, Болмаса бір мінезбен жақпадым ба? Жасымнан тәрбиелі хан қызындай, Қасірет ақырында тартқаным ба? Әлпештеп ұлдан артық қыз басымды Өсірген атама обал артқаным ба? М.Дул.
ОБАЛ (-Ы) ЖОҚ
Аяуға тұрмайтын оңбаған адам д.м. ~ — Атыңдар мына қақбасты! Қашырып отырған осының өзі! — деді Құсайын даурығып. — Қоя тұрсайшы, әке, ашылады ғой, — деп, Әбділда әкесінің асығыстығына кейігендік пішін көрсетті. — Неге қояйын, большевик шақырып… Обал жоқ!.. Дін жоқ бұл итте. Б.Май. * Мүғайын тауықтарды осы жепті. Обал жоқ өртесе де мұны отқа, Апарып өлтіріңдер, байлап отқа. А.Байт. ~ Өзін қойшы оның… көзінен жас емес, қан аққанына қарамастан атып тастасаң обалы жоқ. Әттең, ана шиеттей балаларын айтсаңшы… С.Мұр.
- Өзім (өзіне) де сол керек деп табалау, ашына өкіну мәнісінде. ~ Сайтан алғырдың туфлиін қайдан ғана ремонтқа беріп ем?! Әй, құдай-ай, өзімеде обал жоқ-ау!.. Т.Бер. * «Маған обал жоқ, Қанымгүл,- деп жатты ол ішінен.- Осы сенің қадірінді білмей, саған тіл тигізіп өкірендеп жүргенім иттік емес пе? Ш.Айт. * — Бұл Нұртайдың ісі ғой! – деді Бекбауыл сұрланып. – Кешегі аста бас бәйгі алған ақ тұлпар, Нұртайдың маңдайына басқан жүйрігі еді. Жылқайдар ұрлатып алдырған! Өзінің де обалы жоқ! З.Шүк. ~ Осындай жолда жүргенде өзіне де обал жоқ, жас, ақылы толықпаған қыздардай, бойын ерекше ұстап, көзге түсуді қою керегін түсінеді-ау… К.Өтж. ~ «Оралыңның барында ойна да күлді» ойланыңқырамай айтқан қазекеме обал жоқ. Осынау сөздерді сыңаржақ ұғынған ұрпағына сауап. М.Бай.
ОБАДАЙ ТИДІ
Қырып-жойды, қынадай қырды. ~ Халықты қан қақсатты. Аштық, кедейлік, жазықсыз жала елге обадай тиді. Ж.Шәк.
ОБАДАЙ СОРАЙДЫ (ҚАҚШИДЫ, ОҚШЫРАЙДЫ)
Еңгезердей болып көрінді. ~ Одан арғы төбе басында үйіп қойған обадай сорайып бір адам көрінеді. «Жұрттан жырылып жеке отырған бұл кім болды екен?» — деп ойлады Дәнеш. Қ.Жұм. ~ Өз алдына бір шолақ эшелонға ұқсап, шеткі үйінің түтіні будақтаған ауыл, тепең-тепең қаққан салт атты жолаушы, обадай қақшиып, қалың қойдың шетінде тұрған шопан жалт етіп бір көрінеді де, ғайып болады. Ә.Нұрш. ~ Ер үстінде обадай оқшы- райған оның сырт кейпі барымташыны еске салады. Ө.Кәр.
ОБАДАЙ ЖАЛҒЫЗ
Жападан-жалғыз, ешкімі жоқ. * Ұшы-қиырсыз маң дала. Төңіректе көзге ілігер қара жоқ. Лыпа желсіз, тып-тынық. Обадай жалғыз келіншектің мынау қылығын қызықтағандай күн баяу жылжиды. М.Сүн.
ОБАДАЙ БОП (БОЛЫП)
Үп-үлкен, еңгезердей қалпында д.м. ~ — Жауыр басында обадай боп Досекең көрінеді, — деді Жанат. Ғ.Мұст. ~ Бұлар сөзді өздерінше «біттіге» санап Дауылбай отырған үйге барды. Бекболат үйінің кірлі жастығын шынтақтай, обадай боп Дауылбай жатыр еді. Б.Май. ~ Қасындағы Хо – Ұрлық пен Омбо – Ерденеге де бұрылмай алтын шатырдың қақ төріндегі өз орнында обадай боп отырғанына біршама уақыт өтті. С.См. ~ Отырғанда обадай болып көрінетін, екі көзі түйенің көзіндей тұнжыр, тым үлкен қазақ болатын. Б.Қыд. ~ Үстіндегі иесі обадай болып жалп етіп құлаған соң, қара тұлпар да ойнақтап шыға келді. А.Сей.
