Posted in

ШЫРҒА (ШЫРҒАҒА) ТАРТТЫ

1.Тамырын басып көрді; сыр тартты. ~ Жаздыгүні партия дауының болысы Арап- байдың кара шұнақ қызын үйіне тығып қойып, етке тойып, есі шыққан 5 жігітке шырға тартып, бір ауылнайдың іс- хатын алып кетті деп еді, со ғой. Ж.Айм. ~ Мұқыш та келді. Алғашқы көргендегімдей екпін жоқ бәсең. Әйтсе де, шырға тартып жақындап: ~ Жақсы келдіңіз, сізді ынтығып күтіп отыр едік, — деді. Б.Майл. ~ Сол кеште Ғаббас көп төселген дағды бойынша, ептеп шырға тартқанда, Ғайша қарындас аса көп сыр білдірмесе де, созалаңдап, әнтек иіліп келе жатқан тәрізденіп еді. М.Әу. ~ Төртуыл жуандарына шырға тартып, қолтықтарына су бүркіп жүрген — сол сұмның өзі ме, кім білсін… Қ.Жұм. 2. Аңшылардың аң-құсты алдап, далбаймен шақырып алатын айласы; Біреуді айламен қақпанына түсірді, айтқанына көндірді. ~ Құсты қолда ұстаудың екі түрлі әдісі бар. Бірі –қанат-құйрығын қырқу, екіншісі –шырғаға тартып, жеммен алдау. Олардың тентегінің қанат-құйрығын қырық, ақымақтарын шырғаға тартып, қолыңа ұста. Ж.Шәк.

Posted in

ШЫРҚАУ БИІК

* Осы кісіні үнемі бір шырқау биіктен көріп келген; үнемі ақ дегені алғыс, қара дегені – қарғыс болып, өмірдің бар үзірін жебей сауған атақты байды осыншалық мүсәпір халде кездестірем деп ойлады ма. О.Бөк. * Бүкіл дүние жаратылғаннан бері бір орнынан жылысып көрмеген Темір қазық жұлдызына арқандалған əйгілі жеті қарақшы да шырқау биікке көтеріліп алған. Е.Мұқам.

Posted in

ШЫРҒА ҚЫЛДЫ

Айламен өзіне тартты, айтқанына көндірді. ~ Ол елдің партиясын, сайлауын, кімнің пара алғанын, кімнің бергенін, кім қызын сайлаушыға шырға қылғанын, кімнің үйі, малы таланғанын, кімнің үйінде тінту болғанын, кімнің қатыны, қызы кеткенін, кім мен кімнің керіскенін, төбелескенін, қызыл мен ақтың соғысқанын, кімнің басы сотты болып, кімнің үстінен арыз беріліп, газетке басылғанын, кім абақтыға түскенін, кім шығарып алғанын, кім кепіл іздеп жүргенін, — бәрін саулатты. Ж.Айм.

Posted in

ШЫРҚАУ ШЫҢЫ

* Менің жазушылық еңбегім, жазған том-том кітаптарым өз алдына. Ал, 1962-жылғы көш — менің ұлт алдындағы азаматтық қызметімнің шырқау шыңы. Қ.Жұм.

Posted in

ШЫРҒА СӨЗ

Алдамыш сөз. ~ Сан жерде әр топтың ортасына қойған ақсақал, қара-сақалы, жігіт-желеңі, жас-кәрісіне шейін осыны айтқызады. Қазіргі топтардың әралуан, әр үйде қайталай түсіп, қадағалап айтып жатқан бір шырға сөзі тағы бар. О да Оразбайдан тараған болса да, бір Оразбай емес, Тобықтының бар байының аузынан шығарлық сөз. М.Әу.

Posted in

ШЫРҚЫН БҰЗДЫ

Мазасын алды, сәнін кетірді. * Көп сөйлеме, тыныштық бер мына жұртқа. Елдің шырқын бұзба, – деп Бөлен кесіп айтты. Ә.Шәр. * Ауланың ішіндегі үйлердің бірінен әлдекім есік алдына шыға қалса, бізді көреді де, бөгелмей жалт бұрылып кетеді. Өздерімен өздері рахаттанып отырғанда, шырықтарын бұзбайын дейтін тәрізді. Б.Соқп. * Тыныш кештің шырқын бұзбай, қайта осынау бейуақ сәттің тылсым кейпіне әдемі үйлесіп жарасады… С.Елу. * − Тәйт! – деді. – Сені Мұртаза мойнына алабұршақ салып, қорасанға қой айтып, әулиеге мал айтып, Құдайдан тілеп алса да! Әңгіменің шырқын бұздың ғой! Ш.Мұрт.

Posted in

ШЫР-ПЫР БОЛДЫ (ШЫР-ПЫРЫ ШЫҚТЫ)

Жан даусы шығып, безек қақты. * … малымның құнын төлесін, әйтпесе абақтыға апарып жабыңыз! – деп, шыр-пыр болады. О.Сәрс. * Шыр-пыр етіп, жолаушылардың алдын кес-кестеп үстерінде шыр айналады. Бір қатерді сезіп, олардыңда шыр-пыры шығатындай. З.Шүкір * Әлгіндей кезекті бір тастың үстіне шыққан бойда мен шалқамнан түсіп жата кетем. “Көп отырмаңыз, – деп Мұнарбек тағы шыр- пыр болады, – көп отырсаңыз қайтып тұра алмай қаласыз”. Ә.Асқ.

Posted in

ШЫРАДАЙ АШЫЛДЫ

* Тынысым кеңіп, көз алдым шырадай ашылып, сергіп кеткендей мін. «Ой- хой, самал- ай! Соға түс! .. Соға түсші! ..» деймін көкірегімді кере қарсы тосып… Ә.Нұрп. * Ұйқысы әлдеқашан шырадай ашылып кетті. Ә.Нұрп. * Маңынан әр жерден жалт-жұлт еткен қызыл, жасыл сағымдар бірде көрінсе бірде жоғалып кеткенін көргенде тіпті үрейленіп ұйқысы шырадай ашылды. Б.Жұм. * Онсызда шөкенің кірпігі қатып, діңкесі құрып отырған еді, отырған жеріне қисая кетті. Ұйқысы шырадай ашылды. Б.Жұм.

Posted in

ШЫР (ШЫРҚ) КӨБЕЛЕК АЙНАЛДЫ

Бір жүрген жерін қайта-қайта басып, айнала берді; көз алды дөңгелененіп жүре берді. * Ендігі қауіп — тура бағыттан айнып кетпеу. Баяғыда, ауыл мен қостағы жылқы арасында бір адасқаным бар. Көп емес, азғана ғана. Сонда шыр көбелек айналып жүре беріппін. М.Мағ. * Ермолай нұсқаған жеке тоқал орындыққа қақшиып отыра қалды. Гармонды құлаштап созып, безілдете жөнелді. Шал мен кемпір шыр көбелек айналып, жер еденді тепкілеп, билеп жүр. С.Омар. * Қас қағым сәтте қара жер шыр көбелек айналып зымырай жөнелді де, көк аспан көк тегенедей болып үстіне төңкеріліп құлады. С.Смат. * Саптамасына су толып аятын алып түсіп барады. Жер — дүние шырқ көбелек айналып, құрдымына әкетердей әлек. С.Смат.