Posted in

ШЫРАЙЫ КІРДІ (КІРІП КЕЛЕДІ, КІРГЕНДЕЙ БОЛДЫ)

~ Алексей Александрович осы пікірлердің желісін жазып алған соң, шырайы кіріп, жүзі жайнап сала берді. Л.Толс. ~ …ол дауылдардан соң, сол нөсерлерден соң, дүниенің шырайы кіріп, жап– жасыл шұрайлы әлем жарқырай түскендей, көңілі бірден көтеріліп, көңілі бірден тасып сала берді. Ә.Тар. ~ «Сәмет Жадыраның қызын алды, айды аспанға бір шығарды» деген қалжың тарады бүкіл елге. − Әңгімеміздің шырайы жаңа кіріп келеді,- деп көтермелеп қойдым. С.Ом. ~ Ақ жонық жабайы скамейкалардың аяқтары ауыр–ауыр салмаққа шыдас бермей былқылдақ сазға батыңқырап бара жатты… Микрофонға қайтадан тіл бітіп, тойдың шырайы кіре берген. Ш.Мұр. ~ Қазірге дейін жазылып еркінси алмаған, тәулік бойы салқын тыныштық сақтап, ауыр қабақпен қамалған қонақ атаулы енді осы дастарқан үстінде ғана қабақ жазыңқырап, шырайы кіргендей болды. Ж.Ахм.

Posted in

ШЫР ЕТТІ

Жан даусы шықты. ~ Кенет Қозбағар сандықтың түбінен кішкене, алтын жалаткан ағаш құтыны суырып алды. Хансұлу ышқынып калды. — Тиме! — деп шыр етті. С.Ел. ~ Кенет алдыңғы жаққа жайғасқан келіншектің алдында манадан саусағының сыртын еміп, әркімге бір жапақтап отырған сәби шыр етті. М.Қаб. ~ И, пәтшағар, біреуді қосақтамасаң, отыра алмайсың ба? Өз шаруаңды айта бермейсің бе, – деп шыр ете қалды біреуі. Т.Әл. ~ Жаз түні қамшы сабындай келте емес пе, әні-міне дегенше таңның хабаршысы — бозторғай шыр етті. А.Сей.

Posted in

ШЫРАЙЫ ҚАШЫП БОЛМАДЫ

~ Зағипа — жасы жер ортасына келіп қалған, сары қатын. Бірақ көңілін анау-мынау келіншегіңе бермейді. Бетінің шырайы қашып болмаған ашаң, қағылез әйел әмсе жасаң көрінеді, Соған орай жеңіл-желпі тәжіке тілеп тұратын мінезі және бар. Т.Әл.

Posted in

ШЫР ЖҰҚПАДЫ

Жағдайы түзелмеді, оңалмады, семірмеді.~ Сидиған қарыңа қарап, жұрт сені шыр жұқпаған үйдің баласы екен дейді ғой. Ә.Кек. ~ Өзге жақтың байларына ерген жігіттер жұмырланып, жетіліп, әлденіп ауқаттанып, байып жатқанда осыған ерген кісінің бойына шыр жұққаны бар ма? І.Жанс. ~ Таңнан кешке дейін тапырақтап шабамыз да жүреміз… сондықтан шыр жұқпайды да біздейлерге. Д.Қуат. ~ Ә, бәсе, әне, анау қамыс өсіп тұрған жер Мәсет бұлағы. Өзі шыр жұқпаған кедей болған деседі ғой. Атағы құнан қойды бір өзі жеген мешкейлігі менен алып күшімен шығыпты. К.Жүн. ~

Posted in

ШЫР КӨБЕЛЕК АЙНАЛДЫ

~ Шошалаңдаған қағілез сендер тұмсығын жұлдырып, курс-курс сынып басы зеңіп, шыр көбелек айналады. Ж.Айм. ~ Ыстық қан басқа шауып, жер– дүние шыр көбелек айналып жүре берді. М.Сүн. ~ …дүние тегіс тағы да шыр көбелек айналып тұр, бірақ алғашқыдағыдай емес, оған да үйренейін дедім. С.Мүр. ~ Сәлден кейін, түсінен шошығандай, оқыс сілкініп, қанатымен су сабалап шыр көбелек айналды. Т.Сәу.

Posted in

ШЫР ҚАҚТЫ

Безектеді; жан даусы шықты. * – Ойпырмай қойсаңдаршы енді?! Қойсаңдаршы!.. – деп апам екі ортада шыр қақты. Қ.Ысқ.

Posted in

ШЫП-ШЫРҒАСЫН ШЫҒАРМАЙ

Еш шығын шығармай, қылаудай зиян келтірмей д.м. * Торы тайға бір күн мініп шықтым желіп, Аттым тастан он бұғы, елу елік. Шығармай шып-шырғасын артып алып, Тайымды таң асырдым үйге келіп. І.Жанс. * Осындай үйлерді жабдықтау, мал сойдыру секілді жұмыстың бәрін өз мойнына алған Қожамберген барлық істің ығын біліп, шып-шырғасын шығармай, зыр жүгіріп жүр. Ж.Шәк. * – Отыз жыл қас-қабағыңа қарадым, отыз жыл үйіңнің шып-шырғасын шығармай ұстадым. О.Бөк. * Қазақтың көсемі етіп ел басқартса бәлем, шып-шырғасын шығармас еді. Ж.Шәк. * Әп бісмілдә деп кездесуге жарты сағат әдемілеп тұрып кешігіп келді. Шығын шіркін шырғасы шықпай түгелімен мойнына түсті. М.Қаб.

Posted in

ШЫРАҒЫ ӨШТІ

~ Ақыны мен Ақсақалы қағажу қалған халықтың басынан шырағы өшеді, астынан пырағы қашады. И.Сап. ~ Тозақтың демін бүріккен мың-сан аруақ кебіндері сүйретіліп ажал биін биледі. Түтеген бораннан тіршілік шырағы өшіп, жер-дүниені түнек басты. Т.Сәу.

Posted in

ШЫПА (ШИПА) БОЛАР

Ем, дауа болатын. ~ Өз жанын қинап, еңіреп жіберген. Кеудесін жандырған өксік арасында: – Айныдыңыз! Аздыңыз, Абай! Алтын сарай ырысым деушең бұл үйді. Өзегімді өртедіңіз. Енді дауа табар көңілім жоқ. Мен жылаулармын. Үйіңнің шырағы сөнді, шыпасыз дерт жеңді менің бойымды. Көңілімді дауалар, шыпа болар сөзіңіз жоқ. Түк айтпаңыз! Бітті менің күнім! – деді. М.Әу. ~ Жалғанда гүл біткеннің бәрі осында, Жалғанда шөп біткеннің бәрі осында, Адамға шипа болар дәрі осында. Кеңбұлақ — Менің бабам өскен мекен. М.Мақ.